КӨЗАЙЫМ ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 02.03.2023
Оқылды: 1207
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алғыс айту күні шын мәнінде бейбітшілік пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды. Бұл күні ел болып ата-бабаларымыздың ұлы ерліктерін, ұлағаты мен өміршең өнегесін ризашылықпен еске алып, ізгі амал жасап, мұқтаждарға көмек қолын созатын жомарт жандарға, қиын-қыстау кезде адал еңбек ететін дәрігерлерге, өмірін тәуекелге тігетін құтқарушыларға, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен өскелең ұрпаққа тәрбие-білім беріп жатқан ұстаздарға, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың асыл дәстүрін жалғастырып келеміз.

Осынау жалынды ой Астана қаласындағы Достық үйінде шымылдық түрген республикалық телеконференцияның беташар сөзі болды. Алғыс айту мерекесіне орай өткен аталмыш шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҮЕҰ мен ҚХА мүшелері, еріктілер мен жастар қатысты. Оған қоса еліміздің барлық өңірінен 40-қа жуық Достық үйі онлайн форматта қосылды.
Келелі жиында алғашқы болып сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі көпшілікті атаулы мерекемен құттықтады. 
– Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мереке өзара құрмет пен жанашырлықты, ізгілік пен мейірімділікті дәріптейді. Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, салмағы мен сипаты, құндылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Алғыс айту күнінің форматын өзгерту қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан атаулы мерекені тұтас қоғамның көзайым құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналдыру үшін ынтымақ, бірлік, келісімнен бөлек, айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы аса қажет, – деді ол. Өз кезегінде сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов та атаулы мерекенің мәні мен мазмұнына тоқталды. Сондай-ақ, көпке өнеге шашып жүрген тұғырлы азаматтарды, еңбегімен танылған майталман мамандар мен түрлі этнос өкілдерінің жастарын, ел мақтанышына айналғандарды салтанатты түрде марапаттады. Сондай-ақ, өңірлердегі Достық үйінің басшылары, этнос өкілдері сөз алып, мерекелік лебізін білдірді.
Республикалық телеконференциядан кейін Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің қатысуымен жиын жалғасты. Мұнда аймақ басшысының орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстарға, игілікті бастамаларға тоқталды. Күн тәртібіндегі дүниелерді де атап өтті. Сонымен қатар, қоғамда қайырымды іс жасап, бейбіт күннің батыры атанарлық ерлікке барған азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Аймақтық жиында түрлі этностардың, облысымыздың зиялы қауым өкілдері сөз алып, ой бөлісті. Лебіздерін білдіріп, мерекелік леппен тарқасты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ