ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА 54,6 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ПАЙДАЛАНЫЛМАҒАН

Уақыты: 02.03.2023
Оқылды: 1187
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданындағы халықпен кездесуінде жер тақырыбы қозғалып, ондағы күрмеуі күрделі мәселе сөз болды.

Аудандағы жер қатынастары саласында көптеген шешілмеген мәселе баршылық. Айталық, былтыр 54,6 мың гектар пайдаланылмайтын жер анықталып, 4 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал жыл басынан бері бар болғаны 159 гектар ғана жер қайтарылыпты.

Ауданда бөлінген жер учаскесін мақсатты пайдаланбайтын ірі шаруашылық – «Зернопородукт» ЖШС, Ақын Сара ауылындағы «Қапал» өндірістік кооперативтеріне ескерту беріп, белгілі уақытқа дейін шешуге тапсырма жүктелді.

Облыс әкімі жауапты қызметкерлерге осы сұрақты шешу жолын қарастырып, тиісті шара қабылдауын тапсырып: «Осымен төртінші ауданда отырмын, аймақ басшыларының жерге қатысты арнайы жоспары, құжаты жоқ. Бұлай болмайды. Жоспарға алайық, бекітейік, қадағалайық», – деді. 

Халықтың мал жаюы үшін 106 мың гектар жайылым қажет. Қайнарлы, Матай Байысов және Ешкіөлмес ауылдарының тұрғындары жайылымға мұқтаж. Облыс әкімі халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту қажет екенін айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"