"Жылай-жылай қайттық": белгілі жазушыға арналған көше тақтасын дәретханаға орнатқан

Уақыты: 08.04.2023
Оқылды: 1937
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның жары Сәуле Досжанова өзінің фейсбук парақшасында өзін жылатқан жайт туралы айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Автордың жазбасын өз рұқсатымен қаз-қалпында жарияладық:

Дүкенбай Досжан кім? Сергей Дьяченко кім? Асқар Сүлейменов кім?

Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұ. Есдәулеттен түскен: Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жолдаған «Тарихи тұлғалар» тізімдерінің жобасы қаралып, Президент әкімшілігі басшысы тапсырысымен 2019 жылдың желтоқсанында бекітілген болатын. Бұл тізімде біздің танымал жазушымыз Дүкенбай Досжанның (1942-2013) да есімі бар.

Белгілі жазушы өз шығармаларында көбіне тарихи және осы заманның өзекті де басты тақырыптары аясында келелі ой қозғайды. Сонымен қатар шағармалары оқырман қауым тарапынан ерекше ықылас пен сүйіспеншілікке бөленіп, қолдан-қолға тимейтін, бағалы туындыларға айналды. Сол үшін Дүкенбай Досжан – Қазақстанның оқырманы ең көп жазушысы атанды.

Қазақстан мен қазақ халқының даңқын өзінің жауһар туындылары арқылы әлемге әйгілі еткен талантты да отаншыл ұлы тұлға – жазушы Дүкенбай Досжанның есімін мәңгі есте қалдыру азаматтық борышымыз деп санаймыз» ,- деген хатына төмендегідей жауап алып қуанып едік.

«Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс IV сессиясының 2021 жылғы 30- сәуірдегі №33 және Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 4- мамырдағы №2259 бірлескен шешімі мен қаулысы негізінде Алатау ауданы «Мәдениет» шағынауданындағы 35- көшеге көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның есімі берілді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91- бабына сәйкес берілген жауапқа келәспеген жағдайда шағым жасауға құқылысыз»,- деген хатты Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұ.Есдаулеттің атына Алматы қаласы әкімінің аппараты басшысының орынбасары Қ.Сухамбеков деген жолдапты. Хатты орындаған Г.Әмір. 2022ж. 29.04. №3Т-2022-01931078.

Содан өз көзіммен көшені көру үшін жаныма қызымды алып Алматының күн батысына қарай шықтым. «Мәдениет» шағынауданы деген Алматыдағы Бурындай, Көкөзек деген ауылдармен шекаралас, Райымбек Батыр көшесінен есептегенде 20 шақырым жердегі ауыл екен.

Ең болмаса сонша жердегі ауылдан бір есі дұрыс көше болса ғой, бас-аяғы 400 метрлік тұйық көше. Жанында атақты Асқар Сүлейменовке де дәл сондай көше берген, дәл сондай 400 метр. Ауылды көлігіммен шарлап шықтым. Атын да, затын білмейтін біреулердің атасына, руластарына ауылды қақ жарып үлкен-үлкен көшелерді қиыпты.. Ең қиыны үш-ақ үйге «Д.Досжан көшесі» ,-деп үй нөмірімен жазылған тақта қыстырыпты. Оның өзін мазақтағандай дәретхананың есігіне қыстырып қойған ғой. Қызымыз екеуміз мына сұмдықты көріп жылай-жылай қайттық...

- Балам, әкең өмірінде де ешкіммен араласпай тұйық жүруші еді, бұйырғаны осы шығар дедім...

Қалалық әкімшілікке шығып, ономастика саласын қадағалайтын Қалымбетов Бақыт деген азаматты сүйрегендей етіп сол ауылға апарып көрсеттім. Ол кісі ұялғаннан дәретхана иесін іздеп таба алмады...

«Ауыл болса да, дұрыс көше бермедіңіздер ма, тегі қаланың ішінен сұрамай-ақ қоялық» дегеніме «Мәслихат депутаттарының шешкені ғой» деп міңгірледі.

Ал, осы кеше ғана Алматының қақ ортасынан «Сергей Дьяченко» көшесі дегенді көріп, ішім қан жылады...

«Өзінің жауһар туындылары арқылы әлемге әйгілі еткен талантты да отаншыл ұлы тұлға», Ұлт жоқшысы, қазақ тарихының пионері атанған, 11 роман, жүз әңгіме жазған Дүкенбай Досжан кім? Асссамблеяда ғана қызмет етіп, депутаттықтан басқа қазақ халқына еңбек сіңірмеген Дьяченко кім? Ал, қазақ әдебиетінің мақтанышы, атына сай Асқар Сүлейменов кім 400 метрлік көшені әрең қиған?

Досжан мен Сүлейменовтың айыбы – кітап оқымайтын мәслихат депутаттарын танымағандығы. Екеуі де ұлтының ертеңін ойлаған, қаламынан басқамен жұмысы жоқ еңбекторылар еді. Тағдырларын депутаттар осылай шешіпті.

 

РЕДАКЦИЯДАН: СӘУЛЕ ДОСЖАНОВАНЫҢ ӨЗІМЕН ХАБАРЛАСЫП, АРНАЙЫ РҰҚСАТЫН АЛДЫҚ. ЖАЗБА АВТОРЫ АТЫЛМЫШ МӘСЕЛЕ ТИІСТІ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА ІЛІКСЕ ДЕГЕН ӨТІНІШІН АЙТТЫ. ТІПТІ, БЕЛГІЛІ ЖАЗУШЫҒА ОҢТҮСТІК АСТАНАДАН БАСҚА КӨШЕ БЕРСЕ ДЕГЕН ҰСЫНЫСЫН ЖЕТКІЗДІ.

Дайындаған: Мәулен Әнербай