ТУРИЗМГЕ НЕ КЕДЕРГІ?

Уақыты: 10.04.2023
Оқылды: 922
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тарих қойнауына көз жіберетін болсақ, Асан Қайғы бабамыз желмаясына мініп, Жерұйық іздепті деген аңыз бар. Аңыз түбі ақиқат дегенге сүйенсек, мұнда да бір шындық бар екені даусыз. Сол бабамыздың қазақ даласын аралап жүріп, әр аймаққа берген бағасы бар. Жер жаннаты Жетісуға келгенде Асан бабамыз: «Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», – депті. Айтса айтқандай-ақ, Жетісу өңірі қойнауы құтты, жері шұрайлы, топырағы киелі мекеннің бірі. Өзендер өрнектеген осынау өлкенің жері жемісті болуы да заңдылық еді. Жемісті жердің қашанда киелі қонысқа айналары сөзсіз.

Күнгей

Жетісу өз алдына облыс болып бөлініп шыққаннан кейін оның болашақ даму бағытын туризм саласын өркендету арқылы кемелдендіру жайы жиі айтыла бастады. Әрине, туризмді дамытудың сан тарау жолы бар. Жолы реттеліп, инфрақұрылым, қызмет көрсету сапасы жақсы болуы керек. Бұл жақтағы мәселені шешумен айналысып жатқан тиісті мекемелер бар. Меніңше, Жетісу аймағының туризм саласын өркендетуде  аймақтағы қасиетті және жұрт тәу етуге жиі баратын нысандарға назар аударылмай отыр. Ата-бабаларымыз аялап, табиғат өзі қорғап бізге жеткізген тарихи ескерткіштер мен қасиетті жерлерді экономиканың өзегіне айналдыра алмай келеміз. 

2017 жылы «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жобасы жасалып, Алматы облысы бойынша комиссия құрылып, жұмыс бастады. Сол комиссияның топ жетекшісі ретінде біраз дүние жасадық. Сол кездегі Алматы облысы аумағында тіркеуге алынбаған 500 нысан анықталып, оның 57-сі Қазақстанның жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілді. Соның ішінде бүгінгі Жетісу облысына Қойлық қалашығы, Қапал батыр кесенесі, Орбұлақ шайқасы болған жер, «Тамшыбұлақ» бұлағы, Алтынемелдегі Шоқан Уәлиханов мемориалды кешені және жерленген жері, Жаркенттегі сәулет-көркемөнер кешені, Малайсары Тоқтаұлы жерленген жер Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне, Қора шатқалы, Тұздыкөл (Рай көлі), Шыңғысханның тұрағы, Ешкіөлмес петроглифтері, «Бесшатыр» қорғаны, Әулие ағаш, Найзатапқан бұлағы, Үйгентас жайлауы, Тезек төре қонысы, Мамания мектебі, Орыс православиялық шіркеуі, Көтен тәуіп, Құлжабайұлы Тайсары, Үлпілдек Дарабоз ана, Қарынбай әулие, Байтулақ батыр, Солтанбай батыр, Ескелді би, Балпық би, Жолбарыс батыр, Айту би, Мықтыбек батыр, Смағұл қажы, Тәнеке батыр, Жәлменде би Байшығанұлы, Есім төре, Қоғыл әулие, «Сөк төре», Алаш зиялысы Базарбай Мәметов, Сәмен батыр, Байғотанұлы Көтен тәуіп, Баянбай батыр кесенесі, ақын Бақтыбай Жолбарысұлы жерленген жер, Алаш зиялысы Барлыбек Сырттанов жатқан жер, Ақын Сара Тастанбекқызы кесенесі және мемориалды музейі, Фатима Ғабитованың үйі, Асаусай орта ерте ғасырлық қалашығы, «Қапал мешіті» сәулет ғимараты, Айғайқұм жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген еді. Өткен жылы жетісулық өлкетанушылардың басын қосып, Қапал шатқалындағы осыдан 300 жыл бұрын қазақтың үш жүзінің батырлары бас қосып, ел қорғау жолында қайтыс болған «Қызылжар шайқасы: Жүз оба және Қыз бейіті» тарихи кешенінің орнын анықтап, ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Қысқасы, біздің аймақта туризмді өркендететін, табиғаттың өзі сыйға тартқан киелі мекендер жетерлік. Өкінішке қарай, шетелдіктер жоқтан бар жасап, туристерді баурап отыр. Ал біздің қолда бар байлықты елдің игілігіне жарата алмай жатқанымыз қынжылтады.

Көлеңке

Әрине, тоталитарлық жүйе бізге туған жеріміздің тарихы мен қасиетін түсіндірмек түгілі, ен далада емін-еркін өмір сүруге де мүмкіндік бермеді. Таландық, тарылдық, қаштық, қуылдық, қырылдық. Бірақ тағы да еңсемізді тіктеп, елдігімізді бүтіндедік. Әлем тарихын зерделесек, өз ата-бабасының жерінен алысқа ұзамаған, соны құтты бесік еткен санаулы халықтың бірі – біз боламыз. Ендеше, неге сол қастерлі тарихымызды, жаужүрек ерлігімізді, қасиетті жерімізді қайта жаңғыртып, әлемге өзімізді танытпаймыз деген ой жиі мазалайды. 

Өкініштісі, қазіргі күнде өлкетанушыларға нақты баға берілмей келеді. Менің ойымша, өлкетанушы – 4 түліктің қамы үшін қыс қыстау, жаз жайлауда ен даланы еркін аралап жүрген малшылар, арқасына мылтық асынған аңшылар, білегіне қармағын ілген балықшылар, жал басында жалпиып отырғанмен өлкенің өткені туралы жадына жаттап алғаны көп ақсақалдар, тағысын тағы ен даланың ойы мен қырын 5 саусағындай білетін адамдар. Есесіне, бұл күнде туған жерін танымай кеткен тарихшылар (бәрі емес) бұл міндетті арқалап жүр.  

Тағы бір жағынан «Қазақстанның қасиетті жерлері» бағдарламасы басталып, ескерілмей келген талай қасиетті жеріміз анықталып, ел бара бастап еді, оның иесі табыла бастады. Бұған дейін жекеменшікке өтіп кетіп, көне қорымдардың үстіне үй салып, көне қаланың орны егістікке айналып кеткендері қаншама?! Жалпы, қасиетті деп танылған нысандар мемлекет меншігіне өтіп, қатаң қорғауға алынуы керек. Сонда ғана жағдай тұрақтанатыны белгілі. Қазір жерімізді қорғау, атамекенімізді ардақтау туралы жекелей де, көпшіліктің де пікірі естіліп жүр. Ол үшін алдымен өз өскен өлкемізді толық тануымыз керек. 

Қазақстан – әлемдегі табиғи байлығы мол мемлекеттің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымында «Елді ашаршылықтан қорғау» деген өсімдіктер тізіміне Жетісу жерінен 25 өсімдік енгізілген. Осы өсімдіктерді қорғау мақсатында Жетісу өңірінде  2010 жылы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын аумақ ретінде құрылды. Саябақ ашылмас бұрын «Таулардың жабайы алмасынан ХХІ ғасырдың бау-бақтарына дейін» деген тақырыппен «Жоңғар Алатауының» құрамына енетін таулардың толық картасы жасалды. Сол тұста бұрынғы 37 генетикалық резерваттың 11-і ғана сақталып қалғаны белгілі болды.
Бүгінде  әлемде 30 мыңнан артық мәдени алма сорты болса, Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлығында өсетін алманың түп тегі саналатын Сиверс алмасы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық саябағының аумағында өседі. Саябақ алаңының 1,5%-ын Сиверс алмасының жабайы жемісті алқаптары алып жатыр. АҚШ-тағы Гарвард университетінде халықаралық генетиктер әлемдегі өсімдік атаулының ататегінің пирамидасын жасаған. Оның ең басында Жетісу таулы аймағында өсетін жабайы Сиверс алмасының гені тұр. Сондай-ақ, оның Азия, Еуропа, Африка, Америка елдеріне тараған бағыты көрсетілген. 

Өкінішке қарай, жоғарыда аталған Гарвард университетіндегі өсімдіктердің ататегі бойынша Жапонияда Сакура ағашы Сиверс алмасынан кейінгі 20-орынға орналастырылған. Ал Жапондар сакураны өз елінің символы деп санайды және оның гүлі бейресми елтаңба мәртебесіне ие. Жыл сайын наурыз айының басында сакура ағашы гүлдегенде оны тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен 10 миллиондаған турист келеді. Бұл деген қаржы. Ал әлемдегі алманың атасы болған Сарқандағы Сиверс алмасы гүлдегенде  аттам жерде тұрған өзіміз бармаймыз. Демек, қолда бар байлықтың қадірін кетіріп жүрміз. Оның ең түпкілікті себебі – осы байлықтарды әлемге насихаттап, жеткізе алмай жатқанымызда. Өткен жылы «Жоңғар Алатауы» табиғи саябағының ұйымдастыруымен бірінші рет «Сиверс алмасының гүлдеуі» атты этнофестиваль өткені көңілге демеу болды.

Бүгінде біз шетелге шықсақ сол елдің ұлттық кәдесыйларын ала келеміз. Әрбіріміздің үйімізде Еуропа, ТМД елдерінің кәдесыйлары бар. Ал елімізге туристік сапармен келген шетелдіктер қазақ халқының ұлттық құндылығын білдіретін кәдесыйларды таппай қиналады. Базарды, туристік орталықтарды Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан шеберлері жасаған дүниелер жаулап алған. Бұл да өзекті өртер мәселе. 

Статистикаға сүйенсек, көрші қырғыз елінде ұлттық өнерді өркендететін түрлі бірлестікке 12500 шебер тіркелсе, Өзбекстанда 25000-нан артық шебер біріккен. Ал еліміздегі бірлестіктер 1300-ге жуық шеберді қолдап отыр. Демек, отандық және ұлттық өнерді дамытатын  шеберлерге деген қолдау жоқтың қасы. Туризм саласын дамыту арқылы экономикалық кірісін арттыруды көздеп отырған Жетісу облысы міндетті түрде қолөнер шеберлеріне деген қолдау арнасын реттеуі керек.

Тілші түйіні: Туған жеріне кіндігімен байланбаған тірліктен жерін қорғайтын батылдық та шықпайды. Айта кетерлігі, Жетісудағы қасиетті жерлерді анықтау мен қорғау жұмысы кейінгі кездері қолға алынбады. Бұл істің басы-қасында жүрген өлкетанушы, тарихшы, шежіреші, географ, архитектор, тағы да басқа сала мамандарының жұмысын реттейтін заңдық және құқықтық негіз әлі қалыптасқан жоқ. Туризмнің байлығына айналдыруға болатын нысандар жеке тұлғалардың иелігінде. Бірі жайлауында, енді бірі жеке мүлкі ретінде тіркелген. Жеке тұлғалар оны өркендетуге құлықсыз, кейбірінің қаржысы жетпейді. Сондықтан бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, қолдау танытудың арнасы айқындалғаны дұрыс. Туристік нысандарды кешенді зерттеу жұмысы ойдағыдай жүргізілмегендіктен оны әлемге насихаттаудың жолы қалыптаспаған. Туризм бағытындағы жобаларға мемлекеттік қолдау болғанымен қол жеткізетіндердің қатары аз. Біз туризмді өркендетеміз десек, осы кедергілерді шешуіміз керек.

Қажет АНДАС