Ескі мектеп қайта жаңғырады

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 801
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданына жасаған жұмыс сапарында аудандық №1 орта мектеп жағдайымен танысқан еді. Мектептің ішін толықтай аралап көрген аймақ басшысы білім ошағына күрделі жөндеу керегі жайлы шешім қабылдап, жауапты тұлғаларға тапсырма жүктеген.

Міне, тапсырма көпке ұзамай шешімін тауып, аудан орталығында орын тепкен №1 орта мектеп күрделі жөндеуден өтетін болды. Бүгінде бюджеттен 1,150 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 1967 жылы қолданысқа берілген білім ордасында соңғы рет 2009 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүрген екен. Күрделі жөндеу жұмысын «Нұр-Шапағат» ЖШС жүзеге асырады. Қазір ішіндегі жабдықтар толықтай шығарылып, құрылысқа ыңғайлы жағдай туғызуда. Оқу жылы аяқталмағанына қарамастан мектеп басшылығы білім ордасының 1484 оқушысын басқа мектептерге уақытша ауыстырған. Кей жоғары сыныптың оқушыларын онлайн оқуға жіберген. Жалпы, мектеп әу баста 960 балаға арналып салынған.

Мектепте 127 ұстаз, 35 кіші персонал қызмет істейді. Мектеп директоры Салтанат Құнанбаеваның айтуынша, өткен жылы түлектері 6 алтын, 9 үздік аттестатқа иелік еткен. Жалпы бағалау бойынша 60,7%-ға ие. Бұл аудан бойынша жақсы көрсеткіш екенін тілге тиек етті. Маман тапшылығы жоқ, оқушылар оқулықтармен толықтай қамтылған. Көктемде басталған күрделі жөндеу жұмыстары күзде жаңа оқу жылында толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Сәтін салса, білім күні №1 орта мектеп оқушылары қайта жаңғырған мектепке аяқ басады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"