Жаркенттегі көркемсурет галереясы: Әбілхан Қастеевтің мол мұрасы бар

Уақыты: 23.04.2023
Оқылды: 1349
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекеттің өркениет өрісі өз қоғамының экономикалық қуаты мен мәдениетінің, ғылымның мәйектеуімен дәйектеледі. Жыл санап экономикалық даму жолына түскен еліміздің мәдениет салаларына Үкімет тарапынан көңіл бөліне бастады.  Бұл ойымыздың жарқын мысалдары көп. Ауыл, аудандардағы мәдениет ошақтарының жұмысы қайтадан жанданды. Кезінде қараусыз қалып тозған, тоналған Мәдениет үйлері мен клубтар, кітапханаларды жөндеп, қалпына келтіруге бюджеттен қаржы бөлініп, заман талабына сай қайта жаңғырды. 

«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар жергілікті халықтың көңіл қуанышына айналды. Осындай жақсылықтар шалғайдағы ауыл мен шағын қалаларда тұратын өнерлі жандарды да шабыттандырған тәрізді. Мұны Жаркент өңірінде тұратын кәсіпқой, әуесқой суретшілердің шығармашылығын елге танытуға деген ұмтылысынан айқын аңғардық.

Жаркенттік суретшілерге өнерін өрістетуде қолайлы жағдай туғызған халық суретшісі «Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы». Қазақ кәсіпқой көркемсурет өнерінің атасы атанған Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық торқалы тойы ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2004 жылы әлемдік деңгейде атап өтіліп, оның шапағаты қылқалам шеберінің туған жеріне де жеткен. Жерлестеріне тарту етілген бұл галерея бүгінде аудан халқының шаңырағы шуақты рухани ордасына айналды. 

Осыдан 20 жыл бұрын ашылған сәтте галереяның барлық залына түгелдей халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә. Қастеевтің төл туындылары қойылып, жерлестері мол мұраны тамашалау қуанышына кенелген. Алматыдағы Мемлекеттік мұражайдан әкелінген бұл картиналар 3 айға жуық галереяда тұрып, суретшінің туған жерінде өткен 100 жылдық тойына келген барша қауым, үлкен өткелде тұрған Жаркентке жолшыбай тоқтаған саяхатшылар да мұнда бас сұғып, көңіл-қошын тапқан. Сол тұста кейбір айтқыштар дүбірлі той өткен соң бұл галерея адам аяқ баспайтын орынға айналар деген. Бұл пікірдің жаңсақ екенін галерея ұжымы 20 жылдағы тынымсыз қарекеті арқылы дәлелдеді. Сол күннен бері мұнда 450-ден астам көрме өткізілді.

Бүгінде көне ғимарат жаркенттіктер үшін қасиетті шаңыраққа айналды. Осыдан 130-140 жыл бұрын жасалған көне үйлер қатарындағы бұл ғимарат туралы әңгімені әріден өрбітсек, 1880 жылы Кетпен тауынан тасып әкелінген ағаш бөренелерден салынған шаңырақ 1928 жылға дейін ақ, қызыл уезд басшыларының кеңсесі болған. Одан кейінгі уақытта аудандық партия комитетінің, кейіннен комсомол, білім, пионер сияқты мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға кезегімен мұраға қалдырылып, соңғы жылдары иесіз тұрған. Өтпелі кезеңде тарихи ескерткіштер тізіміндегі көне ғимаратты ешкім жекешелендіре алмады. Мұнда түрлі қоғамдық ұйымдар, коммерциялық құрылымдар уақытша қоныстанды. 

Халық суретшісінің 100 жылдық тойы қарсаңында облысы әкімінің шешімімен суретшінің туған жерінде көркемсурет галереясын ашу ұйғарылып, көне үйді уақыт талабына сай жөндеп, ретке келтіруге бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Сөйтіп жаркенттіктердің көз қуанышына айналған руханият ошағы есігін айқара ашып, халыққа қызмет жасай бастады. 

Әбілхан Қастеев картиналары Алматыдағы мемлекеттік мұражайға қайтарылғаннан кейін, кезең-кезеңімен Қазақстандағы өткен ғасыр және замандас суретшілердің, аудандағы өнерлі талапкерлердің бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының көрмелері ұйымдастырылды. Жаркент өңіріндегі мектептерде еңбек ететін суретші ұстаздардың жұмыстары көрермен талғамынан шыққаны анық. Олардың арасында аудан тұрғындарына танымал, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан суретшілер академиясының корреспондент мүшесі, талантты суретші-мүсінші Ақан Оймауытовтың тарихи тақырыптағы, туған жер табиғатын бейнелеген картиналарының шоқтығы биік тұрды. Сонымен қатар, сурет пәнінің мұғалімдері марқұм Батырхан Ниетбаев жазиралы Жаркент жерінің сұлулығын су бояумен түстердің үйлесімділігі арқылы шебер көрсете білсе, Ж. Қашқынбаевтың «Ә. Қастеев портреті», марқұм А. Атамбаевтың портреттік сериясы, М. Досымқұловтың «Жайлаудағы күз» және Б. Көшербаевтың портреттік жұмыстары көрермен көңілінен шыққан еді. 

Өз кезегінде галерея ұжымы көрме мазмұнын құбылтуға әрекет жасады. Сол арқылы тұрақты көрермендерін жалықтырып алмай, керісінше жаңа үлгідегі жаңалықтармен өздеріне тарта білді. Бұл орайда «Ә. Қастеев көркемсурет галереясының» бұрынғы директоры, суретші Дәулет Әділовтің іскерлігі мен тапқырлығын ризашылықпен атап өткен орынды. Ұжым басшысы Берік Әбілханов, өнертанушысы Жамилә Талғарова, экспонаттарды таныстырушы Мұрат Шалғымбаев, қор сақтаушы Шолпан Заманбекова, қараушы Нұрғанат Жұмабеков, жұмысшы Серік Бекенов әркез галереяға экспонаттарды ұтымды ораналастырып, олардың мәнін, мазмұнын көрерменге жеткізе білуде тапқырлық танытып жүр. 

Ұжым бастамасымен галерея жұмыс істей бастаған алғашқы 5-6 жылда-ақ елімізге белгілі шеберлердің жеке көрмелері ұйымдастырыла бастады. Алғаш рет ҚР оқу ағарту ісінің үздігі, суретші Дәуіт Тәжиев өзінің жеке сурет көрмесін қойды. Одан кейін Жаркент жұрты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның халық суретшісі Камил Моллашевтің, Т. Жүргенов атындағы көркемсурет академиясының кескіндеме факультетінің профессоры Жұмақан Қайрамбаев пен Франция және Ресей көркемсурет академияларының «Алтын медалінің» иегері Дария Жұмақанның «Әке мен бала. Үндестік» атты, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Хамит Файзулиннің, Ермақан Жүнісхан, Абай Бейсенбетов көрмелерін 45 күннен тамашалады. 

Одан кейін галерея ұжымы жергілікті халықтың өтініш-тілектерін ескеріп, Жаркент өңіріндегі ауылдық округтерде тұратын әуесқой суретшілерге жол берді. Екі-үштен бірігіп сурет, қолөнер бұйымдарының көрмелерін өткізген ауылдық округтердегі шеберлер бойындағы өнерін жұртқа жария етті. Дәркенбай Шоқпаров, Дінмұхамед Қонаев, Нұрмолда Алдабергенов, Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжінің мұражайлары мен жинақтаған қорларынан көрме өткізілді. 

Галерея ұжымы Әбілхан Қастеевтің аты аталатын өнер және білім ордаларымен тығыз байланыс орнатудың шараларын жасап келеді. Алматыдағы көркемсурет академиясы мен Суретшілер одағымен тығыз қарым-қатынас жасап, ауданнан, облыстан кәсіпқой суретшілер дайындау мен қылқалам құдіретін ел ішінде терең дәріптеуге мүмкіндік алды.

– Қазір галереяда халықаралық симпозиумда шеберлігімен танылған түрік, қазақ, қырғыз, өзбек суретшілерінің көрмесі өткізілуде. Бұл картиналарды Жетісу облыстық көркем-өнер галереясының қорынан әкелінді, – дейді «Ә. Қастеев көркемсурет галереясының» меңгерушісі Берік Әбілханов. 

Міне, осындай жақсылықтармен Жаркенттегі көркемсурет галереясы руханияттың үлкен орталығына айналды.

 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Жаркент қаласы