Үкіметтік емес ұйымдар консалтинг орталығының жаңа кеңсесі ашылды

Уақыты: 22.04.2023
Оқылды: 960
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жастарға қызмет көрсету орталығында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Башбаев өңірдегі  үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, консалтинг орталығының жаңа кеңсесінің тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Жиында Айдар Карбозұлы қолға алынып жатқан жобаларды сөз етіп, ҮЕҰ-ның жұмысын жандандыруға бағытталған бастамаларды мысалға келтірді.

– Облыста барлығы 377 ҮЕҰ болса, соның тек 80-і ғана белсенді жұмыс атқаруда. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға қарастырылған қаржының көлемі артты. Нәтижесінде 100-ге жуық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олардың басым көпшілігі халықтың осал топтарын қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастар, гендерлік саясатқа арналған, – деген басқарма басшысы ҮЕҰ өкілдерін бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.

Естеріңізде болса, осыған дейін аймақ басшысы Бейбіт Исабаев ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізіп, онда маңызды деген бірқатар мәселе көтерілген еді. Соның бірі – пилоттық жоба ретінде әлеуметтік дүкендер ашу. Қазір Талдықорған қаласында осындай 3 дүкен халыққа қызмет көрсетуде. Тағы бір мәселе – ҮЕҰ-ның Консалтинг орталығының қызметін жаңа кеңседе жалғастыру. 

Консалтинг орталығында ҮЕҰ мен бастамашыл азаматтарға ақпараттық, консультациялық, ұйымдастырушылық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, азаматтық сектормен тиімді байланыс орнату мақсатында ҮЕҰ-ның аудандық үйлестірушілері жұмыс істейді. Жоба аясында облыстың ҮЕҰ Консалтинг орталығы жылдағы дәстүр бойынша «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі – 2023» облыстық конкурсын жариялайды. Байқау барысында қазылар алқасы жалпы қаржыландыру сомасы 8 млн. теңгені құрайтын ең үздік 10 әлеуметтік жобаны таңдайды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ