Пресс-тур. «Қорғас» ШЫХО ашылды

Уақыты: 26.04.2023
Оқылды: 656
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен дүйсенбіде «Қорғас» шегарааралық ынтымақтастық халықаралық орталығы» туристерге есігін қайта ашты. Осы оқиғаға байланысты Жетісу облыстық туризм басқармасы республикалық және облыстық ақпарат құралдарының пресс-турын ұйымдастырған болатын. Журналистер алдымен орталықтың өткел залында «Қорғас» шегарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ басқарушы компаниясының басшысы Біржан Жылқайдаровпен сұхбаттасты.

– Басқарушы компания 2023–2025 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірледі. Осының шеңберінде Даму тұжырымдамасы сауда-туристік кластерді дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, сауда орталықтары, қонақүй, ойын-сауық кешендері, көрме орталықтары, басқа да инвестициялық жобалар көзделген «Қорғас» ШЫХО» АЭА бас жоспары нақтыланады. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында жобаларды іске асыру үшін инвестор тарту бойынша іс-шара өткізу көзделуде. Біз ашықтық қағидатын ұстанамыз және келіп түскен жобаларға барынша қолдау көрсетеміз,–деді Біржан Сәкенұлы журналистердің орталықтың перспективасы жайлы қойған сауалына. Сонымен қатар, ол орталықтың уақытша жабылуы мен осы аралықта мұнда атқарылған жаңа кезеңге дайындық жұмыстары жайлы әңгімеледі.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап «Қорғас» шегарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» еліміздің сан тарапынан келетін саяхатшыларға есігін арагідік жапқан болатын. Ал, осы жылдың наурыз айының 15-жұлдызынан бастап Алматы облысының бас санитарлық дәрігерінің бұйрығымен мұнда карантин жарияланды. Яғни халықаралық ірі сауда орталығы үш жылдан бері қаңырап бос тұрды.

Осы сәтті тиімді пайдаланған орталық әкімшілігі жолаушылар өткелі ғимаратын жөндеуден өткізуге 70 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, жолаушылар терминалын толық жаңалады. Ғимараттың кафельден төселген еденін топпингпен ауыстырып, бұрынғы жолаушылар жолақтарын бір-бірінен бөліп тұрған темір қоршауларды алып тастап, орнына әйнектен жасалған өткелдер орнатты. Сонымен қатар орталықта жүк қабылдайтын нүктелер көбейтілді. Осының бәрі алдағы уақытта «Қорғас» шегарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына» келушілерге сауда-саттық жасауға қолайлы жағдай туғызып, саяхатшылардың шегарадан өту рәсімдерін жеңілдетті әрі жеделдетті.

Шетелдіктер мен отандастарымызды қайта қабылдаған алғашқы күні орталыққа келушілер түгелдей тегін кіргізілді. Орталыққа кіру құны 3000 теңге және әр адам айына бір рет 31 келі тауарды баж салығынсыз әкете алады. Одан асқан әр келі тауар үшін 4 еуро көлемінде төлеуге міндетті. Сонымен қатар осы көрсетілген 31 келі тауардың 5 келісін қолыңа ұстап, кеденнен өтуге рұқсат етілген. Қалған 26 келі тауарыңды орталықтағы тауар тасымалдайтын 5 терминал өткізеді.

Орталық демалыссыз таңғы сағат 9.00-ден кешкі 17.00-ге дейін келушілерді қабылдайды. Осындай белгіленген тәртіптен ақпарат құралдары арқылы құлақтанған жұрт алғашқы күннің өзінде толассыз келіп жатты. Әкімшілік қызметкерлерінің айтуынша, бұл күні халықаралық сауда орталығына 3 мыңға жуық адам келіпті. Оларды сауда орындарына 23 автобус толассыз тасымалдады.

Орталықтың сауда орындарында зейнеткер ұстаз Кәмшат Бозымбекованы әңгімеге тартқанбыз.

– Қытай дүкендеріндегі тұрмыстық тауарлар біздегіден әлдеқайда арзан екен. Айына бір мәрте келіп, керек-жарағымызды алып кетуге мүмкіндік туғанына қуаныштымыз, – дейді ол.

Жекеменшік жеңіл автокөлігімен ары-бері жолаушылар тасымалдайтын азаматтар да нәпақа табатын жұмыс шыққанына қуанышты. Жалпы, орталықтың қайта жұмыс жасауы көпшілік көңілінен шықты.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы