Бейбіт Исабаев: "Бір ғана есепші 1 млрд. теңгеден жеп отырса, онда болашағымыз қалай болмақ?"

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 623
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты кеңес өтті.

Онда әлеуметтік саладағы маңызды мәселелерді облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли баяндады.

Оның айтуынша, облыс бойынша білім сапасы 64,2%-ын құрайды, дегенмен де халықаралық зерттеулер мен ҰБТ қорытындысы бойынша сапа дәлелденбейді. Осыған орай әр мектеп директорының өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінбей, арзан «пиар», көзбояушылықпен айналысуын тоқтату үшін білім басқармасы тарапынан мониторинг жүргізіліп, қатаң бақылауға алып, жауапты тұлғаға қатысты тиісті шара қабылдау керек. Ауыл және қала мектептері арасындағы алшақтықты жою үшін, біріншіден, инновациялық тәсілдердің бірі – «Цифрлық педагог» жобасын енгізуді қарастырған жөн.

Денсаулық сақтау саласында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және жергілікті бюджет арқылы қаржыландырудың ұлғаюына қарамастан медициналық ұйымдарда бюджет тапшылығы анықталуда. Былтыр 4 медициналық мекеме кредиторлық берешекпен жылды аяқтады.

Жастарды жұмыспен қамту аясында түрлі жоба жүргізіліп жатқанымен статистика қуып, жұмысқа орналасқандар санын көбейтіп көрсететін мысалдар да кездескен. Мәселен, өткен жылы облыста ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасқан 296 адамның 162-сінде ғана немесе 54,7%-ында электрондық еңбек келісімшарты 7 адамға немесе 2,4%-ға міндетті зейнетақы жарнасы төленген.

Спорт саласын дамыту үшін мемлекет және жекеменшік әріптестік арқылы спорт кешендерін салу қолға алынуда. Бірақ аталған саладағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер жаға ұстатар деңгейге жеткенін мойындаймыз.

– Жергілікті бюджеттің дені осы білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласын дамытуға бөлінеді. Ал бір ғана есепші 1 млрд. теңгеден жеп отырса, онда болашағымыз қалай болмақ? Осы мәселені түбірімен жою үшін қатаң шаралар қабылдап, нақты жұмыс істеуді тапсырамын, – деп атап өтті облыс әкімі. 
 

Қажет Андас
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай