Атамның соңғы хаты: "Хабарсыз кетті демеңіз"

Уақыты: 10.05.2023
Оқылды: 807
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

9 мамыр – Жеңіс күн елімізде жылда кеңінен аталып өтеді. Менің есіме Көксу ауданы, қазіргі Мұсабек атындағы кеңшарда (бұрынғы Қызыларық ауылында) тұрған соғыс солдатының жесірі, әжем Әсем Шегірбайқызының бірауыз сөзі оралады. Жеңіс мерекесінде ол соғысқа кетіп оралмаған құдай қосқан қосағын Сәдуақас атамды ойлап, мұңайып «Сталиннің қаласынан дерек бар ма?» деуші еді. Сталинград апамның ғана емес, менің де жүрегіме жазылып қалды. 1943 жылғы шайқас туралы мақала оқысам күні бүгінге шейін көзіме жас оралады.

Соғысқа алынған атам Сәдуақастың соңғы хаты Сталинград қаласында жазылған екен. Онда ол жауды жеңген соң амандық болса елге қайтатынын айтыпты. Солдат атам оны қашан жазды, кімге берді, елге қалай жетті? Белгісіз. Хаттағы бір ауыз сөз үміт отын жандырып, бәйбішесі Әсем апама өмір бойы қуат болды. «Қара қағаз» келмеген соң атам Сәдуақас Өсербаевті тірі деп ойлаған ғой. Өкінішке қарай содан кейін атамнан ешқандай дерек жоқ. Соғыста хабар-ошарсыз кетті деген мәлімет қана бар.

Журналист Жанболат Аупбай «Сталинград шайқасы тарихын түртіп қалсаң қазақтың аты-жөні шығады» деген екен. Қорғану мен шабуыл 1942 жылдың 17 шілдесінен басталып, 1943 жылдың 2 ақпанына дейін, яғни жарты жылдан астам уақытқа созылған. Онда қазақтар басқа ұлттармен бірге неміс фашистеріне қарсы тұрып, кеудесін оққа тосып, ерлік көрсетеді. Бүгінгі Волгоград қаласында «қазақ» атты даңғыл бар екен. Оның да тарихы Сталинград шайқасындағы қазақтардың ерлігімен байланысты. 1942 жылы қыркүйек айында Қазақстаннан барған дивизиялардағы қазақ жігіттерінен құралған бөлімшелердің бірі осы көшені фашистерге бермей бірнеше күн соғысыпты. Бірақ өздері де сол көшеде шейіт болыпты. Менің атам дәл осы бөлімшеде болды деп айта алмаймын. Менің білетінім, көп қазақтың ішінде атам Сәдуақастың да жүргені, хатты тірі кезінде жазғаны ғана. Оны кім тауып алды? Қалай жіберді? Одан кейінгі тағдыры да белгісіз. Бір құдайға ғана аян.

 Журналист Назира Жәрімбет «Ескеріп тастамаңыз дұғаңыздан» деген «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласында: «Жеңіске қанша жыл толса да хабарсыз кеткендер, белгісіз солдаттар әлі бар. Олар батыр болуды емес, Отанды қорғауды мақсат етті», – деп жазады. Айналайын-ай, Сәдуақас Өсербаев та сол хабарсыз кеткендердің бірі ғана ғой. Отанасы Әсем Шегірбайқызы өмір бойы күтумен ғұмыр кешсе, жоғары білім алып, әрқилы салада еңбек еткен немерелері әскери бөлімшелерге қатынас қағазын жіберіп, шарқ ұрып іздеп, оның белгісіз солдат болып қалғанын қаламап еді. Амал не.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін туған сіңлім Раиса Бектемірова Алматы облыстық әскери комиссариатта қызмет істеді. Ол – Волгоград (бұрынғы Сталинград) қаласының әскери комиссариатына іздеу қағазын жолдады. Олар да ақпарат бере алмады. Бірақ хабарсыз кеткендердің мол екенін, олардың бауырластар бейітіне жерленгенін жазыпты. Жастай жесір қалған байғұс апам үмітін үзбеді. Сәдуақас атам болашақты болжаған дана екен. Уазипа мен Қазипа қыздарынан кейін 13 жылдан соң соғыс алдында кенжесі Серікбай туады. Үлкен қызы Уазипа да тұңғышына босанады. Дәнғазы күйеубаласы Быжы стансысында теміржолшы болып еңбек етеді. Қазақтың дәстүрі бойынша Сәдуақас тұңғыш немересін асырап алады. Бар болғаны алты айлық баланы әжем өз баласы Серікбаймен бірге егіздетіп емізеді. Неткен жанкештілік. «Шакошкені (мені) ешқашан ешкімге берме. Серікбайға серік, қамқоршы болады. Тұңғыш немере – Төлбасы ғой», – деп ырымдапты. Тұңғыш немерені біздің әулет қатты құрметтеді. Ешқашан үй шаруасына жұмсаған емес. «Оқы, оқы және оқы» деп арманның асқарына жетеледі. Бұл жауынгер Сәдуақас атамның аманаты болса керек. Соғыс жылдарында Қызыларық ауылында ер-азаматтар жоқтың қасы еді. Ауыр жұмыстың бәрін әйелдер атқарады. Соның бірі апам Әсем таң атпастан кетіп түннің бір уағында шаршап-шалдығып оралатын. Егін суғарады. Кетпенмен арық қазады. 6 ай жазда 1 күн демалыс берілмейтін, қажымайтын қайсар еді Әсем апам. Ұзын шашын өріп тұрғаны әлі көз алдымда. Ұжымшардан да ақша алмайды. Еңбеккүн ғана жазылады. Ел-жұрт малмен ғана күн көреді. Бақшалық жерге өнім өсіреді. «Бәрі де Жеңіс үшін!» деп үмітпен өмір сүрді. Соғыс жылдары есімде жоқ. Қазір ғой мені де қараталдықтар «Соғыс түлегі» деп Жеңіс күні қарсаңында майдангер жазушы, детектив жанрының негізін қалаған жерлесіміз Кемел Тоқаевтың есімі берілген мектептегі қорынан арнайы сыйлық жолданып тұрады.

Бертінге дейін елге «қара қағаз» келіп жатты ғой. Сондықтан Сәдуақас атамнан Сталинградтан келген үшбұрышты хат оның тірлігінің айғағындай көрінген. Қара кемпір Зағипа енесі үйде. Апам түзде. Қойды да әжем сауады. Тамақты да әжем пісіреді. Біздің де қарауылымыз әжем Зағипа еді. Келіні Әсем апа екеуінің бір-біріне сүйіспеншілігі, сый-құрметі керемет еді. Бір-бірінің қас-қабағына қарайтын-ды. 50 жылдардың ортасында біздің үй Сейдахмет әкеммен бірігіп, Сәдуақас атама ас берді. Сонда күллі ауыл кісі өлгендей бауырымдап, дауыстап жылап келіп, әжеммен, апаммен, Сейдахмет әкеммен көрісті. Үлкендердің ботадай боздап жылағаны әлі есімде. Атамды өлді деуге қимады-ау. «Сен қайда қалдың? Ресейдің даласында ма? Сталиннің қаласынла ма? Тіріде жазылған хатың өлгенде келді ме? Туған жеріңнің бір уыс топырағы бұйырмағаны-ай... Елің сені ұмытқан жоқ. Есімің мәрмәр таста жазулы тұр. Өлсең иман байлығын берсін!», – деп Әсем апамның боздағаны ұмытылмастай еді.

Шынында да атамның есімі 28 панфиловшы батырдың бірі – Мұсабек Сеңгірбаевтың атымен аталады. Кеңшардағы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандарға арналған ескерткіштің мәрмәр тасында есімі жазулы тұр. Зағипа әжем де мәңгілікке аттанды.

Әсем апа ақ босағасының иесі де киесі болып, ел алдында рухы асқақ өмір сүрді. Сырқаттанып жатқандағы өкініші де ғажап еді: «Сәдуақас жас кетті. Ал мен әбден қартайып, танымастай болып бейнем өзгерді. О дүниеде ол мені танымай қалатын шығар. Ол жас, мен кәрімін», – деп қайғырды. Құдай қосқан қосағымен басқа әлемде кездесетініне сенетін.

 1988 жылы көктемде 87 жаста өмірден өткен алтын әжені күллі ауыл митинг ашып, зор салтанатпен шығарып салды. Ең ғажабы ауыр жұмыста жүрсе де Әсем ана ешқашан емханаға жатқан емес. Бір түйір дәрі де ішпеді. Буын сырқатына да шалдықпады. Ақылынан да алжаспады. Өле-өлгенше қара жұмыстан, үй шаруасынан да қол үзбеді. Соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен Сәдуақас Өсербаевтың жастай қалған жары әулеттің бақытты алтын әжесі атанып, ақ босағасының шырақшысына айналып, намаз оқып, Аллаға ғана сыйынып, ораза ұстап, артына бір қауым ұлағатты ұрпақ қалдырды. Мүмкін, адам бақыты дегеніңіз осы шығар!

Ендеше Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинград шайқасында көп қазақтың бірі болып, кеудесін оққа тосып, Отан азаттығын қорғаған атамды Сәдуақас Өсербаевты хабарсыз кетті демеңізші ел-жұртым!

Мәкен ӨСЕРБАЕВА
Қазақстанның Құрметті журналисі
Қаратал ауданы
Сурет ғаламтордан алынды