Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы

Уақыты: 18.01.2024
Оқылды: 581
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде халықтың қарызбен, несиемен өмір сүруі қалыпты жағдайға айналған. Елімізде банктер берген кредиттердің көлемі жыл сайын артып келеді.

Ипотеканы былай қойғанда халықтың киетін киімі мен ішетін тамағына дейін кредитке алынатынына үйреніп кеткендейміз. Банктер де несие алуды оңайлатып жіберген. Үйде отырып-ақ , төлем қабілеттігін растамастан қажетті сомаға қол жеткізуге болады. Несиені төлей алмай мерзімін өткізіп алсаң, үстіне қосылатын өсімпұл, айыппұл және несие бойынша есептелетін пайыздар адамның қаржылық жағдайын қиындата түседі. Бірақ несие алар кезде халық сол пайыздық үстемеге көңіл аудара бермейтіні өкінішті. Бүгінде адамдар арасында несиеге тәуелділік қалыптасқан. Мамандар халықтың қарызға өмір сүруі экономика үшін қауіпті екенін айтады. Несиелік тұзақтан құтылудың жолы жеке тұлғалардың банкроттығы болып табылады. Осы ретте 2022 жылы 30 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жеке тұлғалардың қарыз мәселесін шешуге көмектесетін жалғыз жол деуге болады. Жеке тұлғалардың арасында банкроттыққа кім өтініш бере алатынына тоқтала кетсек, төлем қабілетсіздігі анықталған дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген ҚР азаматы, кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыра алмаған дара кәсіпкерлер жатады. Аталмыш заңның 4-бабына сәйкес Банкроттық рәсімнің 3 түрі болады: соттан тыс банкроттық; сот арқылы банкроттық; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру . Соттан тыс банкроттық рәсімін қарызының сомасы 1 600 АЕК-тен асқан жеке тұлғалар қолдана алады. Арыз беру үшін жеке тұлғаның меншік құқығында мүліктің болмауы, арыз берілген күнге қатарынан он екі ай төлемнің жасалмауы шарт. Сонымен қатар сот арқылы қарыз алушының мүлкі сатылады, бірақ несие берген ұйым азаматтың баспанасын ол кепілде тұрған жағдайда ғана алып қоя алады.

Берешектің мерзімі өткен күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзім ішінде борышкерге қатысты несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілуі қажет. Тағы ескеретін жағдай, өтініш берілген күнге дейін жеті жыл бойы банкроттық рәсімі қолданылмаған болуы керек. Сонымен қатар міндеттемелерді орындамау мерзімі арыз берілген күнге бес жылдан асса, осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, борышкер арыз беруге құқылы болады.

Ал сот арқылы банкроттық рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына: заңды тұлғалардың және заңды тұлғалардың банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер; кәсіби бухгалтерлер;заң бойынша кеңесшілер; аудиторлар кіреді. Олардың қызметі ақылы, борышкердің мүлкі есебінен – айына 1 ең төменгі жалақы (2023 жылы бұл 70 мың теңге).

Мүлкі жоқ әлеуметтік осал топқа жататын адамдар үшін қаржы басқару¬шы-ларының қызметін мемлекет төлейді.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне келсек, азаматта тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды бө¬ліп-бөліп төлеу мүмкіндігі 5 жылға дейін көзделген. Барлық міндеттемелаерінің мөлшері (оның ішінде орындалу мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен ғана сотқа жүгінуге құқылы.

Соттан тыс және сот арқылы банкроттықты рәсімдеудің ары қарай заңдық салдарлары барын ұмытпаған жөн. Банкроттықты рәсімдеген тұлғалар 5 жыл бойы қарыз және микронесие алмайды, 7 жылда өзін қайта банкрот деп жариялауға тыйым салынады; қаржы жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіп отырады.

Сондықтан әр адам өзінің қаржы сауаттылығын дамытып, өзінің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, қарызсыз өмір сүруг үйренгені жөн.

                                      Б.Т.Тұрысов, Алматы қаласы, Жетісу аудандық сотының судьясы

Фото: fingramota.kz