Депутаттың мақсаты – халық үніне айналу

Уақыты: 31.03.2024
Оқылды: 324
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекетіміз бірер жылда үлкен саяси өзгерісті бастан өткерді. Ел басшысының бастамасымен бірқатар реформалар жүзеге асты. Қоғам талабына сай саяси жүйе түрленді. Әуелі халықтық биліктің бастауы саналатын Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум орын алды. Мұнан соң әлемдік геосаяси жағдайдың күрделі кезеңінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында Президент, Парламенттің Сенаты, Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарында сайлау өтті. Бұл өз кезегінде билік сатыларының шын мәнінде трансформацияланғанының, саяси жүйенің демократияның жаңа даңғылына бағыт алғанын аңғартса керек. 


Жалпы осындай саяси үдеріс негізінде Жетісу облыстық мәслихатының VІІІ шақырылым депутаттары 75 пайызға жаңарды. Бұрын өңірдің дамуы жолындағы келелі мәселелерді бірер партия сарапқа салып келсе, қазір облыстың әлеуетін көтерер бастамаларды 6 партияның өкілі таразылайтын болды. Шын мәнінде көппартиялық құрам бәсекелестікті арттырады. Ал бәсеке – дамудың бастауы. Партиялардың көптігі тек бәсекені емес, пікіралуандығын да қалыптастырады. Демек, жаңарған, жаңа леппен толықтырылған облыстық мәслихаттың VІІІ шақырылым депутаттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешіп қана қоймай, стратегиялық бағдарламалардың да жүйелі жүзеге асуына белсенді атсалысып келеді деуге толық негіз бар. 

Жаңа қарқынды, жаңа толқынды облыстық мәслихат депутатының міндеті қандай? Мақсаты қайсы? Депутаттық корпус қатарында бола жүріп, қандай өзекті мәселелерді шешуге атсалысуда? Шыны керек, халықтың артқан сенімін арқалаған тұлға ретінде жауап беріп көрелік. Жалпы, депутатқа бұқара «халық қалаулысы» деген есім берген. Өйтетұғын жөні бар. Ықылым заманға өтпесек те кешегі тәуелсіздік алған жылдардан бері барлық деңгейдегі мәслихатқа қанша тұлға қызмет етті. Жұрт пайымында депутат билік жоспарын мақұлдаушы, мақсатын құп көруші деген көзқарас қалыптасқан. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілік, мықты міндет, жүйелі жүктеме артып отыр. Демек, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген тәмсіл осы бізге айтылғандай.

Жетісу облыстық мәслихатының VІІІ шақырылым депутаты әрі «AMANAT» партиясының өкілі ретінде әуелі саяси құрылымның халық алдында берген уәдесінің орындалуы мен сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуына жауапты тұлға ретінде соңғы айларда назарымда ұстаған жайларға тоқталайық. Сайлауалды бағдарламаға сай өткен жылы облыста 271,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 323 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. 6 жаңа мектеп салынып, 10 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. 2 мәдени, 7 спорттық нысан тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Мұны сандарды сыпырта тізбектеу деп түйсінбеген абзал. Шын мәнінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы, сол партияның сенімімен облыстық мәслихат мінберінде халық пен билік арасына байланыс орнататын депутат ретінде сайлаушылар алдындағы уәденің орындалуы деп білген абзал. 

Жалпы, депутат болу – халықтың үніне айналу. Жуырда Ақсу өзенінен, Қызылағаш су қоймасынан Үшкөлге қажетті су жетіспей жатқанын айтып жергілікті белсенділер мәселе көтерген еді. Осы жайды таразылау мақсатында нысан басына бардық. Байқағанымыздай, егін суару мерзімінен басқа кезде тиісті жерге су қоры жетпейді екен. Үшкөлдегі тіршілікке, оның айналасындағы шаруа қожалықтарға өз қиындығын келтіреді. Бұл мәселені шешуді «Қазсушар» мекемесіне жүктедік. Тиісті құрылым басшылығының айтуынша, әуелі Қызылағаш су қоймасына қажетті су қоры жинақталып, сынақ жүргізіледі. Содан кейін барып нақты шешімдер қабылданады. Суару каналдарының табанына су баратын болса Егінсу ауылының шаруаларына және құм арасында тіршілігін дөңгеленткен 70-тен астам шаруа қожалығының ырысы тасиды. Әрі экологиялық ахуал да жөнге келер еді. Одан өзге Ақсу плотинасынан Бұрқан каналына, Үлгілі ауылына бағытталатын шлюз салу мәселесі көптен көтеріліп жүрген. Қазір жоба жасалған. Ендігі кезек қаржыда. Ал қаржы республикалық бюджеттен, тиісті министрліктен бөлінеді. Оған сұраныс та беріледі. Осындай мәселелерді оңтайлы шешсек Ақсу ауданында ауылшаруашылығын түлетіп отырған шаруалардың ахуалы оңала түседі.

Тарқата түссек, ауданда біздің қатысуымызбен шешіліп жатқан мәселелер жеткілікті. Бастысы, оның ішіндегі ауданның, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырар мәселелерді шешу жайын таразылап отырмыз. Осы қарқынды қарекетімізден алдағы уақытта да танбаспыз. Шын мәнінде біздің мақсатымыз айқын – еліміздегі реформалы саяси үдеріске үн қосып, Әділетті Қазақстан орнатуда қамсыз қалмау. Бастысы, халық артқан сенімді ақтау, отаншыл, елшіл болу міндетімізден танбаймыз. Хакім Абайша айтқанда, алдағы уақытта «ақылға бірлікпен» қарекет ете бермекпіз. 

Данияр Ахмолдаев,
облыстық мәслихат 
депутаты