МИНИСТРЛІКТЕР БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ СЫНҒА АЛДЫ

Уақыты: 01.04.2024
Оқылды: 213
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды.


Оның пікірінше, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді.
 

– Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс, – деді Президент.


Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.