ТАСҚЫННАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ KASPI.KZ 200 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРЕДІ

Уақыты: 01.04.2024
Оқылды: 287
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанның бірнеше өңірі су тасқынынан зардап шекті, мыңдаған отбасы уақытша орналастыру орталықтарында. Kaspi.kz «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, зардап шеккендерге мобильді қосымша арқылы қаражат жинауды ұйымдастырды. Бірнеше күннің ішінде 55 мың қазақстандық 80 миллион теңгеге жуық ақша жинап үлгерді. Kaspi.kz  өз тарапынан көмек көлемін 200 миллион теңгеге дейін ұлғайтты.


 

«Дәл қазір су басқан аймақтардағы адамдарға көмек өте қажет. Адамдар үйлерінде қалған көптеген ауылдарға тек тікұшақтар немесе қайықтар арқылы жетуге болады. Құтқарушылар адамдарды эвакуациялауды жалғастыруда, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Біздің қор ашық жұмыс істеп, қаражаттың жұмсалуы бойынша барлық құжатты ұсынатынын көрген Kaspi.kz бізбен ынтымақтасуға шешім қабылдады және жедел түрде көмек жинауды ұйымдастырды. Қазақстандықтар аз ғана күннің ішінде зардап шеккендерге 80 миллион теңгеден астам ақша жинады. Ал Kaspi.kz -тің өз тарапынан тағы 120 миллион теңге қосу туралы шешім қабылдауы біз үшін күтпеген жағдай болды. Осындай қолдауы үшін Kaspi басшылығына алғысымыз шексіз, енді бізді волонтерлермен бірге ауқымды жұмыс күтіп тұр. Зардап шеккендер мен құтқарушыларға көмектескендердің барлығына рахмет!», – деді «Biz Birgemiz Qazaqstan» ҚҚ төрағасы Перизат Қайрат.


Қаражат Ақтөбе және Қостанай облыстарында жол жөндеу, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз ету, генераторлар, сорғылар, үрлемелі қайықтар және дәрі-дәрмек сатып алу үшін «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорына жіберіледі.