ҚАМСЫЗ ЖҮРГІЗУШІ ҚАШАН АЗАЯДЫ?

Уақыты: 01.04.2024
Оқылды: 296
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ата Заңымызда көрсетілгендей, еліміздің басты байлығы – адам және оның құқығы. Алайда осы құндылыққа кей тұрғынның көз жұма қарайтыны қынжылтады кейде. «Өз күніңді өзің көр» деген желеу жақсы болды. Өзгенің қауіпсіздігіне пысқырып та қарамаймыз. Жуырда облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. 


Аты айтып тұрғандай, шара тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Қауіпсіздікті кімнен қамтамасыз етуі тиіс? Заңды сұрақ. Оған жауап – өзге тұрғыннан. Еліміздің түкпір-түкпірінде өткен шара бойынша облысымызда 12500 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Бар-жоғы 24 күн ішінде осынша заңға көз жұмып қарау жайы тіркелген.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайсар Мұхметовтің сөзіне сенсек, құқықбұзушылықтың денін масаң күйде көлік жүргізу, жүргіншіге жол бермеу және жылдамдықты асыру құрап отыр. Мәселен, жыл басынан бері масаң күйде көлік басқарғандардың қатары көбейіпті. Спирттік өнім тұтынған 140 өңір тұрғыны «темір тұлпар» тізгіндеуге арланбапты. Құдай бетін аулақ қылсын делік, құқық қорғаушылар осы 140 тұлғаны құрықтамағанда арты қандай қайғылы жайға душар етерін кім білсін?! 

Өңірімізде «көлік тізгіндедім, жолдың қожайынымын» деген пиғылды жүргізушілер де жоқ емес. «Темір тұлпар» мінгендер кейде жаяу жүргіншіні шіркей құрлы көрмейтін секілді. Мәселен, жыл басынан бері жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеген 300 құқықбұзушылық тіркелген. Ол ол ма? Жаяу жүргіншілер де жол-көлік қозғалысына көз жұма қарайтын секілді. Мәселен, бар-жоғы 3 айда 3500 тұрғын жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жазаланып отыр. Бұл заңның тәртіп орнататын құрал екенін әлі де ескермейтін жандардың арамызда көп екенін айғақтайды. Жоғарыда айтқанымыздай, машина мінген өзін жол патшасындай сезініп кететін жайт тіптен  артқан. Мәселен, көлік тізгіндеген 1100 тұрғын жылдамдықты белгіленген межеден асырып жіберген. Сірә, жол жиегіндегі үлкен әріппен жазылған «Құрметті жолаушы, сіздің және айналаңыздағылардың қауіпсіздігі сіздің қолыңызда» деген ескертпелерді ескермейді-ау. 

Дейтұрғанмен, жол ережесін бұзу фактілері азайыпты. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, жыл басынан бері облыс аумағында 46 жол-көлік оқиғасы орын алған. Нәтижесінде 9 адам қаза тауып, 82 адам түрлі дене жарақатын алыпты. Былтыр дәл осы кезеңде 61 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 19 адам қаза тапса, 82 адам жарақаттанған еді. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайсар Мұхметов мұндай нәтижеге құқық қорғаушылардың қырағылығы сеп болғанын алға тартып отыр.

 – «Қауіпсіз жол» іс-шарасына 309 полиция қызметкері, оның ішінде 173 патрульдік полиция, 120 учаскелік инспектор және басқа да 16 қызметкер жұмылдырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәртіп сақшылары қырағылық танытты. Көп жағдайда тұрғындар жол ережесіне жүрдім-бардым қарайды. Әуелде заң тәртіп орнату үшін ғана емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жазылғанын назардан тыс қалдырады. Әрбір жүргізуші, тек жүргізуші ғана емес, жаяу жүргіншілер де жол ережесін сақтау арқылы өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігін қамтамасыз етерін түйсінсе екен, – дейді Қайсар Мұхметов.

Шыны керек, жолдың қожайыны заңға көз жұма қарайтын жүргізуші не жаяу жүргінші емес, тәртіп болуы тиіс. Сонда ғана әрбір тұрғын өзін қауіпсіз сезінеді. Сондықтан заңға бас игеннің құл болмасын назардан шығармайық.