ЕГІСТІК АЛҚАБЫ ҰЛҒАЯДЫ

Уақыты: 01.04.2024
Оқылды: 309
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Жер жаннаты Жетісу жерінде биыл егістік алқабы 7 мың гектарға ұлғаяды. Яғни, 524,8 мың гектар жерге дәнді дақылдар егіледі деп жоспарлануда. Аймақта қант қызылшасының,  майлы дақылдар мен мал азығының егіс көлемі 18,1 мың гектарға ұлғайтылады.  Қазіргі таңда облыс диқандары көктемгі егіс науқанын бастап та кетті.


Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнде ылғал жабу, тырмалау, себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы өнімге қажетті 57,7 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы даярланып, сапасы зертханалық тексеруден өткізілуде. Осы жылға 11,5 мың гектар қант қызылшасын себу жоспарланса, оған қажетті 16,1 мың себу бірлігі көлеміндегі тұқым толығымен дайын. Соның ішінде 9,6 мың себу бірлігі Көксу қант зауытында, 6,1 мың себу бірлігі «Жетісу» ӘКК-де қарастырылады. 

Қазіргі таңда облыстағы 444 шаруашылық 10,7 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды. Қоймада 3 мың 49 тонна минералды тыңайтқыш сақталған. Облыс бойынша барлық шаруа қожалығында минералды тыңайтқыштар жеткілікті. 

Жанармаймен қамтамасыз ету бойынша облыс шаруа қожалықтарының көктемгі дала жұмыстарына 4 мың 124 тонна дизель отыны дайындалды. Биыл 1 литр дизель отынының бағасы 250 теңгені құрайды. Көктемгі дала жұмыстарына 23 мың дана техника сақадай сай. 

Облыста қант қызылшасын өсіруге бағытталған 8 сервистікдаярлау орталығы құрылып, өз жұмысын жүйелі атқаруда.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,5 миллиард теңгеге сепкіш, жапырақ жинағыш, комбайн секілді бас-аяғы 62 дана жаңа ауылшаруашылығы техникалары алынуда. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» филиалына 2,2 миллиард теңгеге 106 өтінім түсіп, 70 шаруашылыққа 1,4 миллиард теңгеге 131 бірлік ауылшаруашылығы техникасы алынды. Оған қоса көктемгі дала жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 61 шаруашылыққа 948 миллион теңге несие берілген. 

Бекітілген лимитке сәйкес осы жылдың вегетациялық кезеңіне 1,3 миллиард текше метр су беру жоспарланған. Қазіргі кезде су қоймаларына су жинау жалғасуда. Орташа толымдылығы 76%.  Вегетациялық кезеңіне 208,7 километр су арнасы тазартылды. Жыл соңына дейін қосымша 274,8 километр арна тазаланатын болады.

Жалпы, көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атқарылатын жұмыстар тікелей жауапты сала мамандарының бақылауында.

Еңлік КЕНЕБАЙ