ЕКПЕ ДЕСЕ ЕГУ КЕРЕК

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 260
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көктем келді, қауіп те көбейді. Өйткені, бұл маусымда індет атаулы бой көтереді. Түрлі ауру мен инфекциялардың қаупі артады. Әрине, мұндайда қамсыз қалуға болмайды. Облыстық санитарлықэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасованың айтуынша, індет біткеннің бетін қайтарудың жалғыз амалы – екпе. 


Жалпы, вакциналау дифтерия, көкжөтел, қызылша, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, паротит, В вирустық гепатиті және қызамық сияқты ауыр жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуын болдырмауға қабілетті инфекциялармен күресудің ең тиімді және қолжетімді әдісі ретінде танылды. Алайда тұрғындардың екпеге бей-жай қарауының салдары байқалуда. Мәселен, жыл басынан бері өңірде көкжөтелдің 3 жағдайы тіркелді. Өткен жылдармен салыстырғанда індеттің өршуі байқалады. Мәселен, 2019 жылы өңірде 2 кісі көкжөтелмен ауырған еді. Одан кейін мұндай жағдай тіркелмеді. Облыстың бас санитарының орынбасары балалардың иммун жүйесінің әлсіз болуы оларға қауіпті жоғары- латарын жеткізді. 

– Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларды 11 жұқпаға қарсы вакциналау жоспарлы түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап 11 жасар қыздарды адам папиллома вирусына қарсы егу басталады. Егер халықтың 95 пайызы вакциналанса, қандай аурудың болмасын балаларға төндірер қаупі сейіледі, – деп атап өтті Индира Күнбасова. 

«Жау жоқ деме, жар астында» деген. Баласын болашағына балаған ел вакциналаудан балалар қауіпсіздігі қалыптасатынын ескерсе екен. Екпе десе де егу керегін назарға алса. 

Жұлдыз ҚОЖАХМЕТОВА,
ЖУ-дің студенті