ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 847
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен жылы облыста 14 мыңнан аса адам тұрақты жұмыс орнын тапты. Халыққа қайтарымсыз грант беру жөніндегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар бұған жақсы көмегін тигізді.   
«Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша өңірдің 600-ден аса тұрғыны осындай қолдауға ие болды. Қызмет саласы әртүрлі.
Мэлс Мұратбековтың жеке клиникасындағы вакуумдық электр пеші қазір ұжымының жұмысындағы басты компоненттердің бірі. Ол аппаратты қайтарымсыз мемлекеттік грант есебінен сатып алған. Мэлс Мұратбеков тіс дәрігері. Айтуынша, ол ұзақ аурудан және 1-топтағы мүгедектіктен кейін рухын түсірмей, ісін қайта бастауға шешім қабылдаған. Бүгінде стоматологиялық қызмет нарығында үлкен бәсекелестік бар. Сондай-ақ, керамикалық тістерге сұраныс артқан. 
Ал Сарыөзек кентінің жас кәсіпкері Оразбек Бекжанұлы бизнесін енді бастап жатыр. Жобаны қорғап, «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша грант алып, ескі пластикалық бөтелкелерді орауға арналған пресс-қондырғы сатып алған. Болашақта өз ісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Оразбек Бекжанұлы:
– Дәмхана сияқты қызмет көрсету саласының әртүрлі нүктесімен жұмыс істеймін. Олар мен берген сөмкелерге пластик жинайды. Содан кейін оны сұрыптап, басып, пластикалық өңдеу зауытына жіберемін. Олармен келісім бар. Бұл экология үшін жақсы жоба және ісім басқаларға үлгі деп ойлаймын, – дейді.
«Бизнес бастау» мемлекеттік жобасы аясында өткен жылы Жетісу облысында 3 мыңға жуық адам оқыды. Берілген гранттың жалпы сомасы 740 миллион теңгені құрайды. 

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ