"Сендердің кеше құйған бетондарың бүгін үгітілейін деп тұр": ИСАБАЕВ CАПАСЫЗ САЛЫНЫП ЖАТҚАН ҚҰРЫЛЫСҚА СЫН АЙТТЫ

Уақыты: 08.04.2023
Оқылды: 2285
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың іс-сапары сын-ескертпеге толы болды. Соның бірі – сапасыз салынған оқу ордасы. 

Келесі кезекте облыс әкімі Үштөбе қаласындағы 100 орындықты гуманитарлық колледж, 30 орынды жатақхананың құрылыс жұмысын да аралады. Білім ошағының жатақханасын толықтай аралап шыққан облыс әкімі құрылыстың сапасына көңілі толмайтынын жеткізіп, жауапты адамдарды сынға алды. 

– Кәлпеде сонау 1970 жылы салынған мектептегі бетонның бір шеті де кетпеген. Ал сендердің кеше құйған бетондарың бүгін үгітілейін деп тұр. Қабырғадағы кірпіштеріңнің арасы ашық. Оймақтай ғана жерді қыста құйғанбыз деп сылтау айтып тұрсыңдар. Құрылыс сапасы нашар. Мен ескерткен жерлерді қайта жасаңыздар, –  деді Исабаев.

Мұнда 96 адам жұмыс істеуде. Колледж ғимараты өткелдермен байланысқан 5 блоктан тұрады. 1-блок – үш қабатты ғимарат, пән кабинеттері мен  зертханалар орналасады. 2-блок – екі қабатты ғимарат. 1, 2 қабаттарда әкімшілік-шаруашылық медициналық кабинеттер орналасады. 3, 4, 5 блоктар –  екі қабатты ғимараттар, онда спорт зал, асхана, акт залы, оқу залы қарастырылған.  

Осы ретте, облыс басшысының тағы бір ескерткен дүниесі колледж гуманитарлық бағытта болғанымен, еңбек нарығына бейімделу керектігі.

«Ауданда металлургиялық кремний өндірісіне, сүт және ет фермаларына, балық шаруашылығына қандай мамандар қажеттігін ескере отырып, жаңа мамандықтарды оқытуды қолға алыңыздар. Соған сай керекті құрал-жабдықтарды алыңыздар. Әйтеуір ашылса болды деп кез-келген мамандықты оқытуға болмайды.  Кәсіпорындарға керек маман даярлаңдар, – деді Бейбіт Исабаев.

Айта кетейік, ресми дереккөз gov.kz сайтында "Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы 30 орындық жатақханасы бар 100 орындық гуманитарлық колледж құрылысы"нысаны. Жобалаушы "Капремпроект"ЖШС. 03.09.2021 ж. №18-0129/21 сараптама қорытындысы құрылыстың жалпы сметалық құны – 1 808 млн. теңге." деп көрсетілген. 

Айдар ҚАЛИЕВ,

Қаратал ауданы