Нарықтық бағадан 10%-ға төмен: Талдықорғанда қос әлеуметтік дүкен ашылды

Уақыты: 08.04.2023
Оқылды: 2179
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы қос әлеуметтік дүкеннің бірі «Көктал» шағын ауданында (Амангелді көшесі #47), екіншісі Еркін ауылында (Бесшатыр көшесі #75) мекенжайы бойынша ашылды.

Дүкендерде сиыр етінен басқа әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 18 түрі ұсынылған.

Мұнда Жетісу облысының тұрақтандыру қорының және «айналым схемасына» қатысушы өндірушілердің тауарлары сатылады.

Дүкендердегі сату бағасы нарықтық бағадан орта есеппен 10%-ға төмен. Мысалы, қант бағасы - 425 тг/кг (нарықтағы баға – 483 тг/кг), күнбағыс майы 740 тг/кг (нарықтық – 931 тг/кг), күріш 340 тг/кг (нарықтық – 496 тг/кг).

Әлеуметтік дүкендердің таныстырылымына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл, облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серіков, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Айқынбаев және тұрғындар қатысты.

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ басшысы Данияр Айқынбаевтың айтуынша, азық-түлік дүкендерінің форматы «әлеуметтік дүкенге» ауыстырылды. Жақын арада облыс орталығында тағы да осындай дүкендер ашу жоспарлануда.

Атай кетер болсақ, маусымаралық кезеңде (сәуір-маусым айларында) әлеуметтік маңызды көкөністер тобының бағасын тұрақтандыру үшін «Magnum Cash&Carry» ірі сауда желісіне несие берілді. Сауда желісінің Талдықорғандағы филиалында қырыққабат, пияз, сәбіз және картоп бекітілген бағамен сатылады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ағымдағы жылдың мамыр-шілде айлары аралығында көкөністерді жеткізу және сату бойынша тауар өндірушілермен қосымша келісімшарттар жасасуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға өз септігін тигізеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі