АУЫЛ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА: ҚАЛАЙ ТІРКЕЛЕМІЗ?

Уақыты: 21.03.2021
Оқылды: 2126
Бөлім: РУХАНИЯТ

«JETISY MEDIA» ақпараттық алаңында республикамыз бойынша дарынды мың оқушыны анықтауға мүмкіндік беретін «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Онда Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова олимпиада жайын жан-жақты баян етті.

– 2019 жылдан бастап ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Елбасы Академиясының жүзеге асыруымен «Мың бала» ұлттық олимпиадасы өтуде. Бұл тек ауыл оқушылары арасында өткізілетін білім сайысы. Олимпиада жеңімпаздары еліміздің үздік мектептерінде білім алып, қашықтан академиялық қолдауға қол жеткізеді. Былтыр облыс бойынша «Мың бала» ұлттық олимпиадасына 5 және 6 сыныпта оқитын 65 мыңға жуық оқушы қатысып, 1150 бала  II кезеңге өтті. Олимпиада шарты бойынша негізгі пәндерден өз білімдерін дәлелдеген 196 жүлдегерге бағалы сыйлықтар табысталды. 5-сынып бойынша 89 жеңімпаз оқушыға Елбасы академиясының ұйымдастыруымен қашықтан қосымша білім берілуде. 6-сынып бойынша 107 жеңімпаз облыстағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мекемелерге емтихан тапсырмастан қабылданып, білім алуда. Мысалы, 6-сыныпта оқитын жоба жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мектептерге емтихансыз оқуға түсу мүмкіндігін алады. Біздің облыста ондай  9 білім мекемесі бар. Ал, 5-сыныптарда оқитын жүлдегерлерге Елбасы академиясының «Бірге оқу» онлайн-мектебінде пәндік дайындық қарастырылған. Қазіргі таңда «Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркелу жүргізілуде. Оған ауыл мектептерінде оқитын 26000 оқушы тіркелді, – деді Айжан Маманқызы.

Бір айта кетерлігі олимпиада тегін өткізіледі, оған 5 және 6-сынып оқушылары қатыса алады. Қатысуға арналған басты ереже – үміткерлер соңғы екі оқу жылында ауыл мектептерінде білім алуы тиіс. Олимпиадаға қатысу үшін 24 наурызға дейін мына сайтта (үстінен басыңыз) қатысушының тіркелу формасын толтыру қажет.

Олимпиада екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауды қамтиды. Тестілеу Елбасы академиясының платформасында онлайн форматта өткізіледі.Кешенді тестілеу екі бөлімнен тұрады: «Логикалық ойлау» және «Кеңістіктік ойлау».

Республика бойынша ең жоғары балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтеді. Бұл сынақ облыстық тестілеу орталықтарында офлайн өткізіледі Өткен жылғы жеңімпаздардың да екінші кезеңнен бастап олимпиадаға қатыса алады. Қатысушылар «Математикалық сауаттылық», қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін «Қазақ тілі», орыс тілінде оқитын оқушылар үшін «Орыс тілі», «Ағылшын тілі»; «Жаратылыстану» пәндері бойынша компьютерлік тест тапсырады.

Баспасөз мәслихаты барысында «Жетісу дарыны» КММ басшысы Әлішер Башаров та сөз алып, олимпиада бойынша қосымша сұрақтар, тіркелуге қатысты қиындықтар болып жатса, аталмыш мекемеге хабарласып, сұрауға болатынын, осы орталық арқылы әдістемелік қолдау көрсетілетінін айтып өтті. Демек, аталмыш орталыққа 8 (7282) 401147 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ, республика бойынша бірыңғай байланыс орталығына 8 800 080 48 48 нөмірі бойынша тегін қоңырау шалып, олимпиадаға қатысты сұрақтарға жауап ала аласыздар.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы