"ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫРДЫҚ": ЕУРОПАДАҒЫ ҚАЗАҚТАР НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙДЫ?

Уақыты: 22.03.2021
Оқылды: 1679
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түрлі себеп, жұмыстың ыңғайына қарай Еуропаның әр елінде жүрген қазақтардың Наурыз айы туғанда бас қосып, бір жасап қалатыны бар. Олар жыл басын қалай тойлайды? Бұл сұраққа жауапты "Жетісу" газеті іздеп көрді.

Швейцариядағы Серік Тұрсын, Даниядағы Қажы Акбар Аюби, Германиядағы Назым Сақай және Финляндиядағы Айкен Салоненнің бастамасымен 2017 жылы Германияның Нюрнберг қаласында Еуропадағы екі жүзге жуық қазақтардың басын қосқан Ұлыстың ұлы күні тойланған еді. Одан кейін мұндай шара 2018 жылы Белгияның Антверпен, 2019 жылы Германияның Гамбург қалаларында өтті. Былтыр және биыл індетке байланысты Наурыз тойланбады. Ал 2022 жылы Германияның Кассель қаласында өткізу жоспарланған. Жыл санап бас қосуға келетін адам саны да артып келеді. Басы-қасында жүргендер: «2025 жылы мың адамға да жетіп қаламыз», – дейді.

Басқосуда ақсақалдан бата алып, аналарымыз шашу шашып, келгендер ақжарма тілек білдіріп, ән-жыр айтылып, салт-дәстүріміз көрсетіледі. Бұл кез келген қазақ тойының негізгі бағдарламасы. Мәселен, кейінгі өткен Наурыз тойында елден арнайы келген белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекова Ілияс балақайдың тұсауын кесіп, болашағының жарқын болуына тілек білдірсе, жиналғандар ән айтып, күй тартыстан сайысқа түскен. Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – халқымызға тән жөн-жоралғыларды жаңғырту және өздері Еуропада өсіріп жатқан балалардың бойына сіңіру, көрсету.

Ұйымдастырушылардың бірі Даниядағы қазақ Қажы Акбар Аюби:

– Бұрындары төрт-бес отбасы ғана жиналатын едік, енді Еуропадағы қазақтардың басын қосу мақсатында бәрін қамтып жатырмыз. Танымай келіп, бір-бірімен Наурыздан кейін араласып, қарым-қатынасты нығайтқандар көп. Қонақтарды арнайы іріктеу жоқ, тек белгілі бір жарна (ол мейрамхананың, тағамдардың бағасын бәріне ортақ бөліп шығарғанда)  болады. Қазанға  ет асылып, наурызкөже пісіру міндетті. Наурыз Еуропаның бірқатар қалаларында өтті. Қазақтар қай жерде көп шоғырланған, сол жақта атап өтуді өз дәстүрімізге айналдырдық. Солай жүріп-ақ Еуропаны түгелдей аралап шығармыз (күліп). Ал есте қалған оқиғалар өте көп. Бір қаладан келіп тұрып, бір-бірімен сол жерде танысқан сәт, болмаса Германиядағы ақсақалдың берген батасы, бәрі-бәрі есте, – дейді.

Елден көктем тойына арнайы келетін қонақтар да баршылық. Ал әр Наурызда Германия, Дания, Польша, Нидерланды, Швейцария, Швеция, Эстония, Финляндия, Белоруссия, Аустрия, Бельгия және Моңғолиядағы қазақтар жиналып, тойлатып тұруды үрдіске айналдырған. Былтыр және биыл әлемдік пандемияға байланысты әркім өз отбасында Жаңа жылды қарсы алды. Осы тұрғыда біз хат-хабар алып отырған Даниядағы қандасымыз: «Осы бір сұрапыл сынақтан сүрінбей, қатарымыз сиремей өтіп, Наурызды бұрынғыдай еркін, арқа-жарқа болып қарсы алып, дастарқанда қуаныштан әрқайсымыздың жүзіміз бал-бұл жанып отырсын», – деген тілегін білдірді.

Бүгінде ұйымдастырушылар әлеуметтік желіде арнайы «Наурыз тобын» құрып, сол бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Серік ҚАНТАЙ