ҚАЗІР КӨПШІЛІК АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ӨЗІН БІЛСЕ ДЕ, СӨЗІН БІЛМЕЙДІ

Уақыты: 23.03.2021
Оқылды: 1041
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам өміріндегі екі маңызды әрі үлкен жауапкершілік жүктейтін таңдаулардың бірі – мамандық. Өйткені саналы ғұмырыңның сәулелі сәттері соған байланысты өрбиді. Талай боздақ тағдырының талқандалуымен жеткен тәуелсіздікті келер ұрпаққа аманаттауымыз үшін де аянбай қызмет етуге тиіспіз. Ол үшін алдымен мықтап білім алуымыз керек. Алайда оқу басқа да, оқығаныңды көңілге тоқу бір басқа. Алған біліміңді тәжірибе жүзінде қолдану – біз секілді болашақ мамандарға өте қажет. Осы орайда өндірістік тәжірибенің берері мол.

Қазақта «Қарлығаш қанатымен су сепкендей» деген тамаша сөз бар. Әне-міне дегенше қолымызға диплом алардың алдында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «ТІЛ – ҚҰРАЛ» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмыз. Ерекшелігі сол, орталықтың қызметкерлері білгендерін аянбай, барлығымызға барынша бағыт-бағдар берді. Төрт жыл бойы алған біліміміздің берер ықпалын осында келіп шындап ұқтық. Филология ғылымдарының кандидаты Райхан Сақыбекқызының жетекшілігімен көп нәрсе үйрендік. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін тереңнен түсінуге мүмкіндік туды. Қазақтың бағына біткен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Мұны жазған кісінің, Атын білме, сөзін біл» деген тұжырымына тағы бір көз жеткіздік.

Ақиқатына келсек, қазір көпшілік Ахмет Байтұрсынұлының өзін білсе де, сөзін білмейді. Халқы үшін жанын қиған ғалымның мол мұрасын зертеп, зерделеу бізге жүктелген абыройлы міндет. Райхан Сақыбекқызы ахметтану ісінде жан аямай еңбек етіп жүрген ғалым. Оның әрбір еңбегін оқу арқылы, Ахмет Байтұрсынұлын жаңа қырынан таныдық. Айталық «Ұлт мүддесіне арымен қызмет еткен тарихи тұлғаның әруағы үшін соңғы демім біткенше жұмыс жасауды Алла Тағалам нәсіп етсе армансызбын» деген сөзі мәңгі есімізде сақталмақ. Осы ұстанымды ертеңгі күні біз де Райхан Сақыбекқызы секілді ұлт мүддесі үшін еңбектенуді бағдар етіп алдық. Мінекей, Қарлығаш қанатымен су сеуіп жүрген осындай жандардың жанында жүріп өндірістік тәжірибеден өту біз үшін үлкен мәртебе.

Орталықта Райхан Сақыбекқызының ықпалымен жарыққа шыққан «А.Байтұрсынұлы көп томдық шығармалар жинағы», «Ғасыр саңлағы: А.Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны», «Ұлағатты ұлт ұстазы» анықтамалық-көрсеткіші, «Ұлт ұстазы» және «Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы – қазақ халқының көсемі» деректі фильмдері, «Ахметтану мәселелері: ғылыми жинақ», «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» (Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің қалыптасу тарихы: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі) деректі зерттеуі, «Ахмет Байтұрсынұлы» фотожинағы сынды еңбектермен етене таныстық. Аталған әрбір еңбектің ел ертеңі үшін алар орны ерек. Міне, осындай маңдай термен келген қазынаны санамызға сіңіріп, келешекте пайдаға жарату бізге сын. Дәл осындай өндірістік тәжірибеден өткізген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «ТІЛ – ҚҰРАЛ» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының ұжымына алғыс айтамыз.

Орынкүл АЛМАТ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті

Сурет ғаламтордан алынды