ОҚУШЫЛАРДЫ ОНЛАЙН ОҚЫТУДЫҢ ҮШ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ БАР: МҰҒАЛІМ МІНБЕРІ

Уақыты: 17.04.2021
Оқылды: 1586
Бөлім: РУХАНИЯТ

Коронавирус күтпеген жерден әлемді дүр сілкіндірді. Салмағы ұлағатты ұстаздарға да батты. Оқушыларды қашықтықтан оқыту жауапкершілігі барлығымызға жүктелді. Оқу жылының жартысынан көбі артта қалды. Оқушылармен қоса ата-аналар да онлайн оқуға машықталып, жаңа ақпараттық технологиялар мен білім платформаларын меңгерді.

Осы орайда Еркін ауылдық округіндегі мектепке дейінгі шағын орталығы бар №26 орта мектеп ұжымы да қашықтықтан оқытудың түрлі ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын қолдануда. Мектеп басшылығының жіті бақылауымен жүргізілген жүйелі жұмыстар негізінде мектеп онлайн оқытудың басты үш артықшылығы бар екендігін айқындады.

Біріншісі, оқушылар бір тақырыпты түрлі форматта оқу арқылы бойына сіңіреді. Қашықтықтан оқыту жаңаша білім ресурстарына жол ашуда. Мысалы, бұрын негізгі оқу ресурсы оқулық болса, қазір әр оқушының қабілеті мен қабылдауына қарай кітапты алуан-түрлі форматпен алмастыруға болады. Оқушы түсінбеген тақырыбын  «ОnlineМektep» платформасына өту арқылы толықтыра алады немесе қарапайым «YouTube» әлеуметтік желісіне кіріп, жаңа тақырыпты жазу арқылы өзіне ыңғайлы форматтағы сабақты таңдап алады. Сонымен қатар, мектебімізде «bilimland.com» және «kundelik.kz» білім платформаларымен қоса, Quizizz, Classtime, Wooclap, Quizlet, Liveworksheets, Padlet және басқа платформаларды қолдануда. Бұл орайда мектебіміз барлық оқушыларды материалды-техникалық құрылғылармен қамтамасыз етіп, білім алу процесіне барлық жағдайды жасап отыр.

Екіншісі, ақпаратты ұсыну түрін эксперимент жасау арқылы оқушының үлгерімін арттыруға бағытталған. Жаңа ақпаратты әр баланың индивидуалды қабылдау типіне қарай ұсынсақ болады. Визуалды – оқулық, интернеттегі инфорграфикалық тапсырмалар, түрлі-түсті түстермен берілген мәтіндер, видео, презентациялар, фотосуреттер арқылы мұғаліммен аудио және видео хабарламалармен алмасу арқылы жүзеге асады. Кинестетикалық – макет құру, жоба құру, модельдеуге жол ашады. Дигиталды – үлестірмелі материалдар, күрделі логикалық тапсырмалар ұсыну арқылы түрлендірсек болады. Әр оқушының жеке ерекшеліктері мектеп психологы мен сынып жетекшісінің көмегімен анықталып, соған қарай тапсырмалар құрастырылуда.

Үшіншісі, қашықтықтан оқыту арқылы баланың бойында жауапкершілік пен өз бетінше білім алу дағдыларын қалыптастыра аламыз. Барлық отбасы мүшелері үйде болып, оқу жылы бір ұзақ демалысқа ұқсамас үшін бала өзінің оқу процесінде екенін сезіне білу керек. Оқушы күнтәртібін құру, белгіленген кестеге сүйеніп сабаққа қатысу арқылы, оның бойында жауапкершілік пайда болып, өз бетінше білім алуына үлкен септігін тигізері анық. Оқушылардың сабаққа қатысуына мұғалімдермен қоса ата-аналар да белсене атсалысуда.

Сая ҚАБДЫРАХЫМ,

№26 мектептің информатика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды