ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ ОНЛАЙН ОҚЫТУ: НЕДЕН ҰТТЫҚ, НЕДЕН ҰТЫЛДЫҚ?

Уақыты: 23.04.2021
Оқылды: 1289
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты қашықтан оқу жүйесі қалай жүргізіліп жатыр? Неден ұтылдық? Неден ұттық? Нендей қорытындыға келдік? Біз, ұстаздар қауымы, осы сауалдарға ойланып, озық тәжірибелерді сұрыптадық. Ұстаздар елдің болашағы саналған жастарға уақыт көшінен қалмай, сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай тер төгіп келе жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн.

Қашықтан оқу дегеніміз – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Оның екі компоненті бар. Атап айтар болсақ, оқытуды басқару және өз бетімен білім алу. Бұл оқу формасында жаңа ақпараттық технологияларды барынша кеңінен қолданамыз. Өйткені, уақыт талабы солай болып тұр.

Қашықтан оқытудын пайдасы оқушыларды өз бетімен білім алуға дағдыландырды. Компьютерлік сауаттылыққа тәрбиеледі. Көптеген интернет-платформаны колданып, өздеріне қажетті ақпаратты өз бетінше алуды үйренді. Бұл баланы жауаптылыққа, өзін-өзі дамытуға тәрбиелейтінін де айта кеткеніміз жөн. Оқушыларымыз техникамен жақынырақ танысып, әлеуметтік желелерді еркін қолданып, өз бетімен жұмыс жасауға дағдыланғандығын үлкен жетістік деп бағалауымыз қажет.

Біз үнемі оқушыларымызға: «Бос уақытты тиімді пайдалана біліңдер. Алтыннан да қымбат уақытты білім алуға, өздеріңе қажетті дүниеге жұмсауға асығыңдар», - деп айтудан шаршамайтынбыз.

Енді, міне, осы сәтті пайдаланған оқушыларымыз бос уақыттарын шығармашылыққа немесе білімін тереңірек жетілдіруіне жұмсап жүр. Бұдан біз оқушыларды ізденімпаздыққа тәрбиелейтінін байқаймыз. Арнайы интернет-платформалар арқылы өткізілетін сабақтар оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ, онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке-дара оқыту мен тапсырмаларды орындауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Қорыта айтқанда, қашықтан оқытудың пайдасы мен зияны бірдей деуге болады.

Оқытудың қай түрін алсақ та тиімді болуы ұстаздың шеберлігіне байланысты деп айтар едім. Әр мұғалім өз сабағына дұрыс мақсат қойып, тапсырмаларды оқушылардың деңгейіне қарай дұрыс таңдаса, сабақ қызықты өтеді. Қалай десек те, білім ошағында, сыныпта, оқушылармен бетпе-бет өткізген сабақтың тиімділігі жоғары. Өйткені, мектептің жүрегі саналатын ұстаздар барынша оқушыға түсінікті болуы үшін, сабағы қызықты өтуі үшін түрлі көрнекі құралдарды пайдалана отырып, сабақты жан-жақты түсіндіре алады. Қашықтан оқыту жүйесінде де бұл тәсілді пайдалануға болады. Дегенмен, мектепте оқыған сабақтың тиімділігі әлдеқайда жоғары.

Қазіргі заманда білім жүйесінің заман талабына, уақыттың сұранысына қарай қарыштап дамуы, әрбір педагогтан сабақты дұрыс жоспарлауын талап етеді. Сабақты дұрыс жоспарлаған мұғалім оқушы жүрегіне жол тауып, оның сабаққа деген қызығушылығын арттырып, мұғалім мен оқушы арасында түсінушілік пайда болады.

Мұғалімнің коммуникативті дамуы оқушыларды тыңдау, олардың көзқарасын түсініп, сын жасай білуімен, әңгіме ұйымдастыра алуымен байланысты. Әрбір мұғалімнің бойында шартты рефлекциялық қасиеттер қалыптасуы шарт. Балаларды оқытуды өзінің тәсілін жұмысында қолданып, қиын жағдайларда шешімін тауып, шыға білген ұстаз ғана оқушы жүрегінен орын ала алады.

Кашықтан оқытудың пайдасынан зияны басым екенін жақсы білеміз. Бірақ тәртіпке бағынуымыз керек. Ең бірінші, адамзат үшін денсаулық алтыннан да қымбат қазына екенін ұмытпағанымыз абзал. Алайда төменгі буын оқушылары бұл оқытудың жаңа түрін әлі де барынша қабылдай алмай жүргендігі бәрімізді алаңдатады. Себебі, оқушы мұғаліммен бетпе-бет сабақ оқу арқылы көп дүниені үйренеді. Түсінбеген жерін дереу сұрап отырған оқушылардың қасында мұғалімінің болмауы оларға үрей туғызды. Олар алғашында онлайн оқуды сабақ ретінде қабылдай алмады. Ата-аналар да біршама қиналғаны белгілі. Алайда ұстаз, оқушы, ата-ана болып бірлесіп жасаған жұмыстан жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатқан жайымыз бар.

Әлемді әбігерге салған індетті адамзат баласы жеңгеннен кейін білім жүйесінде көптеген өзгеріс болады деп ойлаймын. Жалпы, адамзат үшін көп дүниенің қадірі мен қасиетін түсінгенімізді мойындауымыз керек. Біз, ұстаздар қауымы, елімізде қандай жағдай болса-дағы оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында аянбай тер төгеміз. Себебі, біздің міндет – елін, жерін, Отанын сүйген патриотты ұрпақ тәрбиелеп, білікті де білімді жастардың санын арттыру. Қысқасы, індеттен арылып, мамыражай өмірімізге қайта оралсақ екен. Ең бастысы – адамзаттың амандығын берсін деп тілеймін.

Гаухар ОРДАҒҰЛОВА,

"Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі" КММ №2 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пəні мұғалімі

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан