ЕКІ МЫҢНАН АСА ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРІ БАР ШЕЛЕК МУЗЕЙІНЕ 40 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Уақыты: 31.05.2021
Оқылды: 1502
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында айтулы мәдени шара өтті. 1981 жылы ашылған тарихи-өлкетану музейіне 40 жыл толды. Бұл – екі ғасырдың оқиғаларын басынан өткізген, оған куә болған үлкен белес. Көпшіліктің назарын өзіне аударғаны да сондықтан.

Карантин талаптарын сақтай отырып ұйымдастырған басқосуды Шелек ауылының әкімі Сәкен Әбдіхалиев құттықтау сөзімен ашты. Бұдан кейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева музей тарихына кеңінен тоқталды. Соған қатысты деректер мен дәйектерді тілге тиек етті. Мерекелік шараға музей ардагерлері, бірқатар құрметті азаматтар қатысты. Карантиндік шектеулерге байланысты салтанатты шараға жұрт көп жинала алмады. Бірақ соған қарамастан қатысушылар көп жайға қанықты. Мазмұнды әңгімелер тыңдалды. Мектеп оқушылары мен ауыл өнерпаздарының шағын концертін тамашалауға да мүмкіндік туды. Қонақтар музей ішін аралап, өткен-кеткенді еске түсірді.

Енді бір сәт аздаған шегініс жасайық. Өткен ғасырда Шелек өңірі өзінше үлкен аудан, Шелек ауылы ауданның орталығы болды. Мұнда халық көп шоғырланды. Сауда, өнеркәсіп орындары, әртүрлі мәдени мекемелер жарыса жұмыс істеді. Солардың бірі осы музей еді. 1981 жылы мамыр айында сол кездегі Мәдениет министрлігінің шешімімен Шелек музейі тарихи-өлкетану музейі деген ресми мәртебені иеленді.

Өйткені, оған негіз болатын жайлар аз емес еді. Жібек жолы бойындағы өңірдің арғы тарихының өзі сан тарау. Одан бергі өмірінің өзі таусылмайтын әңгімелерге толы. 1916 жылғы ұлт-азаттық күресінің бір ізі осы өңірден бастау алатынын біреу білсе, біреу білмейді. Сонымен қатар, бұл аймақ азамат соғысын да, колхоздастыру дәуірін де, кемелденген социализм кезеңдерін де бастан кешірді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан боздақтарды да шығарып салған, тірі қалғандарын жанарынан жас тамшылай отырып қарсы алған жер. Бесжылдықтардың қызыл туын да желбіретті. Тәуелсіздіктің көк байрағын көтеріп, екі қоғамның ауысқан шақтарын да көрді. Соның бәрі музейге жәдігер болып топтасып, үнсіз сөйлеп тұр. Осыдан-ақ оның қоғам өмірінде қандай рөл атқаратынын байқауға болады.

Қазір Шелек музейі «М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің» филиалы. Музей 40 жыл бұрын небәрі 150 жәдігермен есігін ашқан. Бүгінгі таңда экспонаттардың саны 2293-ке жеткен. Олардың лайықты сақталуы қамтамасыз етілді. Музей көпшілікпен бірге жас ұрпақтың да қызыға бас сұғатын сүйікті орнына айналды. Себебі, кітаптан оқыған жайларға қатысты деректерді мұнда көзімен көреді, қолымен ұстайды. Әсерге бөленеді. Егер музей өз міндетін атқарып жас өркеннің ғибрат алатын орнына айналса, ойымыздың орындалғаны. Сондықтан, Тәуелсіздіктің қыры мен сырын жәдігерлер арқылы баяндауға барынша күш саламыз. Жастарды Рухани жаңғыруға бейімдеу біздің де басты міндетіміз болып саналады. Мұнда аға ұрпақ өкілдерімен қызықты кездесулер ұйымдастырып тұрамыз.

2009 жылы «Жол картасы» бойынша музейге күрделі жөндеу жасалды. Реставрация жүргізілді. Соның нәтижесінде бөлімдердің ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп, мазмұны айқындала түсті. Залдар жаңаша жасақталды. Олар – «Тәуелсіз Қазақстан», «Археологиялық деректер», «Өлке табиғаты», «Этнография», «Ер есімі – ел есінде» және « Еңбек ардагерлері мен ел ағалары» деп аталады. Шелек өңірінен қайраткерлер аз шыққан жоқ. Әрқайсысы өзінше дара, ел мақтанышына айналған тұлғалар. Олар қалдырған үлгі мен өнеге бүгінгі ұлттық тәрбиенің алтын арқауына айналуға тиісті. Келушілер осындай ардақты азаматтаржайында мол мәліметтер алады.

Қарап отырсаңыз біздің Шелек өңірі де тарихқа өте бай. Сондықтан өлкетанушылардың да, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізденістер мен зерттеулерді жалғастырғанын қалаймыз. Алдағы уақыттарда музей жәдігерлері бұдан да байып толыға түсетініне кәміл сенемін.

Ердос ҚАЛИБЕКҰЛЫ,

Шелек тарихи-өлкетану музейінің директоры

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы