МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ БІР ТОП БЕЛСЕНДІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 1716
Бөлім: РУХАНИЯТ

"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданғаны белгілі. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым - Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Сондай игі шараның бірі бүгін Тіл сарайында ұйымдастырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шараға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мұрындық болды. Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізілген басқосуда облысымызда мемлекеттік тіл саласын дамытуға, соның ішінде рәміздерді насихаттау бағытында еңбек сіңірген белсенділер марапатталды. Олардың ішінде тіл басқармасының, «Жетісу Медиа», «Рухани жаңғыру» орталықтарының қызметкерлері, сол секілді басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан азаматтар да бар.

Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков онлайн құттықтау жолдады. Елге белгілі тұлға өз сөзінде: «Біз әлі де болса, Елтаңбаны насихаттауда көптеген іс-шаралар өткізуіміз керек. Біз рәміздерімізге ән сияқты, сурет сияқты бей-жай қарамай, оның мәніне үңілсек, сонда ғана барып, халқымыздың түп-тарихын білеміз. Мемлекеттік рәміздерді тек мерекеде ғана емес, күнделікті насихаттап жүрген абзал», – деп, өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.

Арайлым НҰРЖАПАР,

І.Жансүгіров атындағы ЖУ-дың студенті

Алматы облысы