БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫМЕН БІРГЕ СОҒЫСҚАН АТА ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТҰРАДЫ

Уақыты: 11.09.2021
Оқылды: 1181
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мектебіміздегі «Естелік» бұрышынан Сәрсенбай ата жайлы көптеген ақпарат, суреттер, кітаптардан мәліметтер оқып, сұрапыл соғыстың қасіретін сезіне білдім. Содан атаның өзімен сөйлесіп, әңгімелессем деген ой туды. Бардым, өмірімнің жаңа парағы ашылды. Тарих пен әдебиетке ден қоя бастадым. Тұлғалардың өмірін зерттеп, зерделеуге деген ынтам оянды.Соғыс ардагерімен кездесіп, сұхбаттасқан сәтте туған жерге, Отанына деген махаббат пен  елжандылықты сездім.

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлымен соғыста қарулас болған, соғыс аяқталғаннан кейін де бірнеше рет кездесіп, пікірлескен атамен кездесу мен үшін бақыт еді. Сонымен бірге, Қасым Қайсеновпен Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында кездесіп, әңгімелескен Сәрсенбай Қаңтарбайұлы атамен бетпе-бет кездесу – мен үшін үлкен абырой.

Сәрсенбай Қаңтарбайұлының ерлігі –  ұрпаққа үлгі. Атамен әңгімелескеннен кейін көп ойландым. Олардың жасаған істері біздің қолымыздан келе ме деген сұрақ көкейімде қалды. Әр қазақ баласы біздің жарқын болашағымыз үшін еңбек еткен  қарттарымызды қадірлей білуі керек.

Сәрсенбай Қаңтарбайұлы 1924 жылы 10 мамырда Көксу ауданының Балпық би кентінде дүниеге келген. Ол 1942 жылы Мұқыры орта мектебін тамамдап, 18 жасқа толғаннан Семей облысының Аягөз қаласындағы №1 қазақ полкінде кіші командирлерді дайындайтын әскери курста 6 ай оқып, сержант атағын алады.

Бір жылдан кейін, яғни, 1943 жылы Түрікменстанның Мары қаласындағы пулеметшілер училищесіне ауыстырылып, онда 6 ай оқиды. Курста сарбаздарға саяси сабақпен бірге салмағы 65 келі, ұзындығы 2 метрлік ірі калибрлі станокты пулеметтің құрылысы үйретіледі. Нәтижесінде, білім-білігі көтеріліп, старшина атағын алғаннан кейін майданға сұранады. Бірақ жасына байланысты оны соғысқа жібермейді. Соғыс өрті тұтанып, ел қиын жағдайға тап болған кезде шыдап, қару асынбай қалай жүре беремін деген ой маза бермейді.

Жауынгерлік жолында, үздіксіз жаттығулар барысында аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен кездесіп, пікірлеседі. Батыр атамыз оның қан майданға барып, шайқасқа қатыссам деген тілегіне қолдау білдіреді. Кейін оған 37 жауынгер беріліп, сол жауынгерлерді 3 ай бойы түрлі әскери жаттығуларға үйретеді. Жастарды соғыс ойынына баулу мерзімі аяқталысымен өз бөлімшесіне оралып, қан майданға аттанады. Ол соғыс кезінде «Катюша» атты жойғыш қаруды басқарған. Сәрсенбай атаның қолына «№ 49» деген «Катюша» берілген.

1943 жылдың соңынан 1944 жылдың желтоқсан айына дейін Мәскеуден басқа, Польша, Литва, Латвия, Румыния, Эстонияда бейбітшілік орнатуға қатысқан. Ол 1944 жылы Гумбиннен қаласында жараланып, госпитальға түседі.

«Оққа түспес бұрын қорқу дегенді білмейтінмін. Жараланғанда барып қауіптің, жазымның не екенін түсіндім», – дейді ата. Ол 6 ай емделіп, 1945 жылы госпитальдан шыққанда Жеңіс күніне дәл келіп, маусымның 24-і күні Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда Жуковтың басқаруымен өткен Жеңіс шеруіне қатысып, ауылына ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып  оралған.

Соғыстағы батырлығы үшін Отан соғысы ордені, «Ұлы Отан соғысының ардагері» медалі, 1-2 дәрежелі «Еңбек ардагері» медалі, Астананың 10 жылдығы медалі және 12 мерейтойлық медальмен марапатталып, Ұлы Отан соғысының 60 жылдық мерейтойында «Көксу ауданының Құрметті азаматы» атағын алған.

Сәрсенбай Қаңтарбайұлы мен Бауыржан Момышұлы екеуі 1944 жылы қаңтар айының 22-сі күні жараланып, бір госпитальда емделеді. Бірге Жеңіс күнін қарсы алып, елге оралады. Отбасыларына аман-сау оралғаннан кейін бір-бірімен жиі кездесіп, емен-жарқын сөйлесіп, бір-бірін отбасыларымен таныстырған.

Соғыстан кейін ата 1945-1951 жылдар аралығында Жаршапқан ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1951-1954 жылдар аралығында Жаркент педагогикалық училищесінің білім жетілдіру курсында оқыған. 1952 жылы Алғабас ауылының орта мектебінде мұғалім болады. Ал 1955 жылы атамыз Алғабас ауылдық советінде хатшы, есепші қызметін атқарған. 1965-1985 жылдар аралығында Алғабастағы байланыс бөлімшесінде пошта бастығы болып еңбек еткен. Ол 1950 жылы Бәтиха Нүсіпқызымен шаңырақ көтеріп, 9 баладан 25 немере, 45 шөбере сүйген.

Бүгінде Сәрсенбай ата 98 жаста. Қазір Талдықорған қаласында бақуатты ғұмыр кешіп жатыр.

Мөлдір ҚАБЫЛҚАН,

Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің оқушысы

Талдықорған қаласы

Алматы облысы