БЕКЖАН ТҰРЫС: "ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫНДА НЕ ҰТТЫҚ, НЕДЕН ҰТЫЛДЫҚ?"

Уақыты: 16.09.2021
Оқылды: 1234
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл өз алдымызға дербес мемлекет болғанымызға, егемендік алып, тәуелсіз Қазақстан атанғанымызға 30 жыл. Бір қарағанда, тәуелсіздік бізге ешқандай соғыссыз, бейбіт жолмен оп-оңай келе салғандай көрінеді. 90-жылдарда өмір сүрген адамдар, әсіресе, жастар үшін солай көрінуі заңдылық та шығар. Бірақ ұрпағына ұлан-ғайыр жер қалдырған біздің ата-бабаларымыздың еркіндік аңсаған арманын көру бізге бұйырыпты.

Көк түрік, Сақ, Ғұн, қазақ... Қаншама ғасырдан бері зобалаңды, шапқыншылықты, жаугершілікті, аштықты, шырғалаңды көре жүріп, ұлтарақтай жердің өзін найзаның ұшы, білектің күшімен қорғау жолында қан төгіп жеткен егемендік бұл шындығында. 30 жылда не ұттық, неден ұтылдық?

Бодандықтан босаған алғашқы тоқырау жылдарының өз қиындығы болғанымен қазақтың иығы басылмаған, рухы жаншылмаған асқақ еді. Ұтқанымыз сол болатын. Ал одан кейін... Кейінгі 20 жылды айтайықшы, ана тіліміз босағадан аспады, діліміз әлсіз, дініміз дүбәра, мәдениетіміз мәнсіз, біліміміз ең жиі ауыстырылған министрлермен ғана есте қап тұр.

Өркениет жайлы не дей алам, есігі тарс жабылып, Кеңес одағымен қоса құрыған алып комбинаттар, зауыттар мен фабрикалар еске түседі. Болды. 30 жылда ашылған қандай да бір жеңіл өнеркәсіп орындары мен шағын цехтар бар шығар, бірақ кезіндегі «Поршень», «Ауыр машина жасау» зауыттары, атақты «Жетісу», «Алматыкілем», АХБК сияқты фабрикаларымыз келмеске кеткен. Орны да жоқ. Есесіне, сол өндіріс орындарының ғимараттары жекенің қолына өтіп, сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарына айналған. Әрқайсысының өз қожайыны бар. Санаулы байы мен кедейі жылдан-жылға көбейіп жатқан осынау қоғамда өмір сүріп жатқандықтан көріп-байқап жүрген жалпылама көрініс бұл.

Жарайды, саясатты, экономиканы, өркениет жайлы сөз етуге менің білімім жете қоймайды, өзім ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген өнер мен мәдениет саласының 30 жылда жеткен жетістігін айтып көрейікші. Рас, қаншама сериалдар, көркем фильмдер, қойылымдар көрерменге ұсынылды. Ал олардың мазмұны мен сапасы қандай? Теледидардан беріліп жүрген сериалдардың мазмұнына, әсіресе, тіліне қазақ көрерменінің көңілі тола ма? Әй, қайдам...

Бодандықта болған 70 жылымыздағы кино тілі, яғни, аударма мен өз қолымыз өз аузымызға жеткен 30 жыл ішіндегі сериалдардағы қазақшамыздың арасы жер мен көктей. Кезіндегі дубляждың нағыз майталманы Мәкіл Құланбаевтардың дауысы өз алдына, өзге ұлт өкілінің бәрі менің ана тілімде сөйлеп тұрғандай әсер ететін, көрерменін соған сендіретін. Ал қазір ше? Сериал тілі қасаң, аударма жұтаң, кино тілінің сөздік қорында айналдырған 100-150 сөз ғана қалғандай сезіледі. Қойыртпақтап ағылшын, орыс тілі араласқан бірдеңе. Сондай дүбәрамен ұлы өнерді қорлап жүргенімізге келер ұрпақ не айтады? Бізден кейінгінің наласына қалмаймыз ба, сонда ойнап жүрген актерде өнердің киесі ұрады деген ой бола ма, бойын қорқыныш билей ме өзі? Бірақ өнерге кім көрінген келіп, сахнадан мән кеткелі қашан?!

Егемендік дегеніміз, ең алдымен, сана еркіндігі еді. Кейде мені: «Қазақтың өзі толық тәуелсіз бе?» - деген ой мазалайтыны бар. Неге екенін, ұлттық идеологиясы жоқ мемлекетте ел мен жер иесі – қазақ ұлтының өзі әлі күнге дейін біреуге тәуелді болып өмір сүріп жатқандай көріне береді... Бірақ қалай десек те, мыңжылдықтар тоғысын көрген біз бақыттымыз. Қазақтың намысты, білімді, еркін ұл-қызы өсіп жатыр. Жалпақшешей қоғамда олар мұзжарғыш кемедей өз жолын – қазақ жолын салады. Соған сенейікші.

Бекжан ТҰРЫС,

актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері