ЕЛБАСЫНЫҢ "РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ" БАҒДАРЛАМАСЫНА 5 ЖЫЛ ТОЛАДЫ. НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 24.12.2021
Оқылды: 1611
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шыққанына 5 жыл толмақ. Мақала 2017 жылы 12 сәуірде отандық басылымдарда жарияланып, қоғамда резонанс тудырған еді.

«Рухани жаңғыру» жобасы алғашында мақала болып шыққанымен, кейін бағдарлама ретінде қабылданып, 2017 жылдың 26 сәуірінде оның іске асуын үйлестіретін, қадағалайтын орган – ҚР Президентінің жанындағы ұлттық комиссия құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін» атап көрсетті.

Дүниеде барлық адам, барлық халық тәуелсiздiк пен бостандықты, теңдiктi аңсайтыны анық. Тәуелсiздiк ұғымының терең астарын тарих қойнауынан, ата-бабамыздың өткенiнен, оның сан ғасырлық арманынан iздегенiмiз абзал. Олай болса, Әбу Насыр әл-Фараби – ұлы ғұлама айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі». Сапалы білім мен саналы рухани-адамгершілік тәрбие беру, өзінің ісін, өнерін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ қалдыру - әрбір ұлттың қай кезде болсын алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің бірі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыруға бағытталған құжат деп білемін. Мақалада, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілген. Бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», - дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуі тиіс. Ең бастысы, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде көптеген жұмыс атқарылуда. Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұстаздар қауымы қосатын үлес – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білемін.

Ендеше, көкжиектен ауытқымай, Ұлт Көшбасшысының өскелең ұрпаққа меңзеген дара жолымен биік шыңдарды бағындырайық.

А.САПАРОВА,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті құқық және экономика факультетінің оқытушысы

Алматы облысы