ҚАРАОЙ АУЫЛЫНДА БАБАЛАР АМАНАТЫНА АРНАЛҒАН ОНКҮНДІК ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 15.02.2022
Оқылды: 2975
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өткен жылдың жаңа оқу маусымында Қараой ауылындағы №49 мектептің ашылу салтанаты болды. Аталған елді мекенде осыған дейін бір ғана мектеп жұмыс істеген. Онда 2000 оқушы амалсыз үшауысымдық жүйеде оқып келген. Енді міне жаңадан ашылған білім шаңырағы бұл мәселені түбегейлі шешіп, ата-аналар мен оқушылардың қуанышын еселеді.

Мектеп құрылысы 2019 жылы басталып, оған бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлінген. «Construction Company» ЖШС қолға алған жұмыстарды жоспарға сәйкес сапалы жүргізді. 900 орынды жаңа мектеп кең де жарық. Сынып бөлмелері талапқа сай. Акт залы, спорт залы, мұғалімдер бөлмесі керекті құралдармен жабдықталған. Асхана, шеберхана, кітапхана да көрген жанды сүйіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы оқушылар алаңсыз білім алуда. Алғашқы оқу жылында 800-ге жуық оқушы жаңа мектептің есігін ашып, 88 бүлдіршін бірінші сыныпқа барды. Оқушылардың білім алуына осындағы 80 мұғалім қалтқысыз қызмет етуде. Ең бастысы, ауылдастар үшауысымдық оқудан біржолата құтылғанына дән риза. Білім шаңырағына тәжірибесі мол Айгүл Уәлибаева жетекшілік етіп келеді.

Жаңа орта мұғалімдердің де жаңа идеяларын жүзеге асырып, тың бастамаларды қолға алуына мүмкіндік берді. Білім шаңырағында күнделікті білім берумен қатар әдістемелік бірлестіктер, үйірмелер ашылып, оқушылардың жан-жақтылы дамуын жетілдіріп келеді. Жуырда 31 қаңтар мен 10 ақпан аралығында мектептің қазақ  тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігі «Ұлттық құндылық – бабамның аманаты» атты онкүндік өткізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, оқушылардың өзіндік көзқарасын қалыптастыруға бастамашы болды.

Онкүндік аясында бірлестік жетекшілері Н.Тұрсынбаева, С.Әбуова, Д.Құсайынов, А.Шәкіртова, Г.Сұлтанова, А.Мырзабаева, Н.Ысқаққызының ұйымдастыруымен «Қазақ әдебиетінің саңлақтары» атты қабырға газеті шығарылып, оқушылар арасында эссе байқауын, «Жол белгілерін білесіз бе?», «Ғаламтор және мен», «Жусан иісі» шығармасындағы кейіпкерлер мінезі» тақырыбында ашық сабақтар өткізді. «Салтым – алтын қазынам» атты өнер сайысы, «Жаныңда жүр жақсы адам» атты Сандуғаш Мағрипамен және «Талаптыдан өнер мен білім үйрен» атты журналист, ақын Қажет Андаспен кездесу кеші ұйымдастырылды. Аталмыш шара «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты мәнерлеп оқу сайысымен қорытындыланды. Оған Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Бағашар Мұқаметжанұлы шақырылып, тамаша пікір алмасу болды.

Жалпы, білім шаңырағында ұйымдастырылған онкүндік оқушыларға үлкен өнеге болғанын байқадық. Екінші жағынан қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларын нәтижелі жүзеге асыру үшін мол тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасады.

Нұршат САТЫЛҒАНОВА,

Қараой ауылындағы №49 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Іле ауданы

Алматы облысы