ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙГЕ ӘЙГІЛІ МАТЕМАТИКТІҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 23.09.2022
Оқылды: 1581
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елі үшін аянбай тер төгіп, қызмет еткен арда азаматты ардақтау мақсатында Талдықорғандағы №28 IT мектеп-лицейіне әйгілі математик, академик Құлжабай Қасымовтың есімі берілді.

Игілікті шараға физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Назарбай Білиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев сынды қазақтың көрнекті ғалымдары қатысты.

Жиында алғашқы сөзді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мұратқан Дауылбаев алып, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұловтың арнайы жіберген құттықтау хатын оқыды.

«Құлжабай Әбдіқалықұлын әлемге әйгілі көрнекті ғалым, белгілі академик, физика-математика ғылымдарының докторы, сыйлы профессор, үлкен жүректі азамат ретінде зиялы қауым жақсы біледі. Сондықтан да есімі әрқашан ел есінде. Әлі де болса Құлжекеңнің есімін ардақтау үшін атқарылар істер баршылық. Мұндай ірі тұлғаның жемісті, нәтижелі жұмыстары, абыройлы атқарған жауапты қызметтері жайлы естеліктер міндетті түрде ел тарихына қашалып жазылады», – делінген хатта. Сонымен қатар, Бақытжан Жұмағұлов ұлы математиктің отандық білім мен ғылымның өркендеуіне зор үлес қосқанын кеңінен атап өткен.

Осыдан кейін қазақтың көрнекті ғалымы Назарбай Білиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов сөз алып, Құлжабай Әбдіқалықұлын отаншыл, мемлекетшіл перзент болғанын, өмірден өтсе де, соңында айта жүретін шежіреге айналған көп сырлары, ғажайып істері қалғанын әңгімеледі.

Өз кезегінде әйгілі математиктің жолдасы Батима Часакбай болашақ ұрпақ, ел үшін емірене еңбек еткен асыл жан мәңгі ұмытылмайтынын сөз етіп, ұлтын шексіз сүйген азаматтың өмірінен тебіреністі естеліктер айтты. Сөз соңында ол мектеп атын беруге мұрындық болған жандарға алғысын білдірді.

Жиын соңында Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің маңдайшасы салтанатты түрде ашылып, қонақтар білім ордасының ішін аралады.

Айта кетейік, Құлжабай Әбдіқалықұлы 1935 жылы 25 қырқүйекте бұрынғы Талдықорған облысы, Көксу ауданының Талапты ауылында туған. Еңбекқор жан дифференциалдық теңдеулер саласында математикалық мектеп құрып, ұжымның ғылыми жұмысына басшылық жасаған. Сингулярлы ауытқыған теңдеулердің, асимптотикалық теорияның әйгілі маманы ретінде әлем ғалымдарына танылды. Танымал математик 3 докторлық, 50-ден астам кандидаттық дисертацияға жетекшілік еткен.

Айдар ҚАЛИЕВ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы