ҚАЙРАТКЕР ҚАЛАМГЕР

Уақыты: 16.02.2023
Оқылды: 1921
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардың қиындығын ешкім ұмыта қойған жоқ. КСРО атты алпауыт мемлекеттен ірге ажыратқан Қазақ елі дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан тұста ғасырлар бойы аттың жалы, түйенің қомында күн кешкен батыр бабалардың, ақ тілегін арнаған ақ жаулықты аналардың ғибратты әңгімелері, өсиетке толы өмірлері талайдың кеудесіндегі үміт шырағын жағып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманға кіргенін сезіндірді. 
Осындай рухани оянудың бастауында коммунистік идеологиямен суарылған атауларын өзгертіп, ұлттық бояуға қаныққан «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» сынды газеттер тұрды. Әсіресе, «Жас Алаштың» қосымшасы «Мыңнан бір мезет» қалың оқырманның көкейінде жатқан қоламтаны ашып, жанам деген жүректерге от берді.
70 жыл бойы адамзат өркениетінің шындығы тұмшаланып, Жаратқан Алланың аты мен ақиқаттың айтылмауы ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дүниетанымға салынған тұмылдырықтай еді. Міне, осынау құндылықты бұлттан шыққан күндей жарқ еткізіп ашқан газет қосымшасында тылсым әлемге, аруақтарға, сынықшылық, әулиелік, емшілік сынды қарым-қабілетті ұштаған қасиетті жандардың өмір жолына арналған мақалалар жарияланып жатты. Әрбір мақаланы оқыған соң екіншісіне құныға кірісіп, дүниенің жаңа бір кеңістігін танығандай әсерге бөленген оқырман атаулы жазылушылар қатарын толықтырып отырды. Кең-байтақ Қазақстанның әрбір өңіріндегі жұртшылық осылайша газет қосымшасының редакторы Әділ Бек Қаба есіміне қаныға түсті.
1991 жылы 8-сыныпқа қадам басқан бізге биология пәнінен Тамара Мұсаева есімді ұстаз сабақ берді. Үйге берілген тапсырманы пысықтаған соң «Мыңнан бір мезет» қосымшасынан оқығандарын бізге айтып, сабағын қызықтыра өткізетін. Айтылған әңгімелерден ұғатынымыз адам баласы обал-сауапты біліп, жақсылық пен жамандықты ажырата алуы еді. Сондай-ақ, адам жанының өлмейтіні, ажал жеткен пенде атаулы тәнін жерге тастап, басқа әлемге көшетінін түсінетінбіз. Менің есімде әсіресе, «Құдайдан бұрын сөйлеме!» деген тәмсілді әңгімелеген әдемі аңыз-ертегі қалыпты. Онда әлдебір жаққа жолға шыққан бір адамның тұманда әлдебір тайпаға тап болғаны, тайпа адамдарының алып екендігі айтылады. Әлгілермен тіл табысып, тұрақтап қалған кісі олардың құдайдан бұрын сөйлемейтінін біледі. Арада біраз уақыт өткен соң адасқан жолаушы үйленіп, балалы болады. Күндердің күнінде батыс жақ түнеріп, ауа райы бұзыла бастайды. Осыны байқаған еркек әйеліне: «Күн бұзылып келеді, мен сыртқа шығып, үйдің іргесін бастырайын!» – деп далаға шығады. Осыдан соң тайпаның көсемі бұны шақырып: «Сен құдайдан бұрын сөйлеп қойдың. Сондықтан енді біздің арамызда тұра алмайсың! Мына бағыттан таймай бәленше күн жүрсең еліңе жетесің», – деп шығарып салыпты. Ұзақ аңыздың айтар түйіні адамдар Құдайдан бұрын сөйлеуді тоқтатқанда бақ-берекеге кенеліп, бойлары мен ойлары биіктей түседі дегенге саяды.
Міне, осылайша көкіректерге терең ой салған Әділ Бек Қаба бүгінде 60 атты асқаралы биікке шығып, артында қалған даңғыл жолға көз салуда. «Жас Алаш» газетінің «Мыңнан бір мезет» қосымшасын жеке газет ретінде шығарып, тиражын 130 мың данаға жеткізген қаламгер одан соң еліміздің ақпараттық кеңістігінде жаңадан ашылған «Айқын» газетінің қадамын нықтауына үлес қосып, шығармашылық ұжымның қалыптасуына мұрындық болды. Одан соң 2009 жылы ҚР Бас прокуратурасы аппаратында басқарма бастығы қызметіне шақырылған ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, қысқа уақыт ішінде құзырлы органның жұмысын жоғары деңгейге шығарды. Одан бөлек, Мәдениет министрлігіне қарасты «Тіл және қоғам» журналының бас редакторы қызметін қатар атқарған Әділ Бек Қаба мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге септігін тигізіп, ғалымдар мен тілшілердің ғылыми-талдамалық мақалаларының жарық көруіне көмектесті. Осылайша кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Әділ Бек Күнесханұлы ҚР Парламенті Сенатының аппаратына қызметке шақырылып, заң шығарушы органда 8 жыл еңбек етті. Осы жылдар ішінде Сенат жұмысы мен қабылданып жатқан заңдар туралы қоғамды жан-жақты ақпараттандырып, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға күш салған Әділ Бек Қаба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат төрағасы қызметін атқарған тұста Төрағаның баспасөз хатшысы, баспасөз қызметі бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2020 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігінің, қазіргі Ғылым және жоғары білім министрлігі құрамына енген Тіл саясатының төрағасы қызметін атқарған ол Мемлекет басшысының латын әліпбиін жетілдіру бойынша тапсырмасын орындау барысында бірқатар жұмыс атқарып, тіл реформасы, мемлекеттік тілдегі контентті көбейту, тілді үйретудің жаңа әдістемесін қалыптастыру, ұлттық корпусты дамыту, ІТ бағдарламаларын енгізу, тіл заңнамасын жетілдіру сияқты басым бағыттар бойынша жұмыстарды ұйымдастыра білді. Өз ісіне мығым, жұмысында табанды, білікті маман ретінде танылған Әділ Бек Күнесханұлы ел Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін»  мемлекеттік нагадасымен және басқа медальдармен марапатталды.
Қоғамдық пікір қалыптастырушы, жүздеген ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы, аты мәшһүр журналист соңғы уақытта бірнеше кітап шығарып, оқырманын қуантқан  қаламгер атанды. Оның қаламынан туған «Қабір қазған» кітабы аудиокітап болып жинақталып, Youtybe арнасында дыбысталды. Бір қызығы қаламгердің туындысын 3 аптаның ішінде 2 миллионға жуық адам ерекше ықыласпен тыңдап, 65 мың адам ұнағанын білдіріпті. Одан бөлек, 71 мың 196 оқырман шығармаға ризашылық ниетпен пікір қалдырған.
Ендеше, «Қабір қазған» повестінде көтерілген мәселелерге тоқталсақ, қазіргідей кітап оқылмайтын замандағы құпияның сыры ашылары анық. Шығарма әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының басынан өткен бір оқиғаны таратудан басталған. Онда қуғыннан қашып жүргенде әлдебір молаға түнеген күйшінің қабірде жатқан қыздың тірі екенін біліп, ақымнан шығарып алғаны, бойжеткенді туған-туыстарына апарғаны, әке-шешесінің қызды неліктен өлдіге балап қойғаны көркем суреттеліп, оқушыны еріксіз жетелеп отырады. Ақ патшаның бұйрығымен Ұлы Даланы жаулап алуды көздеген басқыншылардың озбырлығы, Кенесары хан мен Жәңгір ханның өлімінен соң ел басқарған жандарға шен-шекпен таратып, генералдық салпыншақ лауазым таққандығы, болыстық билікті енгізген орыс идеологиясы, ғұмыры ат үстінде өткен халықты шұрайлы жерінен айырып, тұяқты малын тартып алған қарашекпенділердің қиянатына қарсылық танытқан жұрттың қауқарсыз қимылы, өзі ішінен іріген ұлттық алауыздық, мал мен пұлға бола қайраткер ұлдарын ұстатқан ұлттың татар балы мен уы, жақсылық пен жауыздықтың тартысы сынды қайшылыққа толы ұстанымды сипаттаған туынды оқырманын тосын ойларға, терең толғанысқа жетелейді.
Ғылыми тілде «деколонизация» деген термин бар. Яғни, бұл басқыншылық көрген ұлттың өскелең ұрпағына ерлік дастандарын, батырлық жырларын оқытып, санаға сіңген лас саясат пен тұла бойды жайлаған тәуелділік түсінігінен арылту деген сөз. Біздің кейбір өңірдегі тұрғындардың әлі күнге іргедегі ресей телеарналарына сеніп, ұлттық дүниетанымды мойындамайтындығы елімізде деколонизация үрдісінің толық жүрмегенін көрсетеді. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерді сақтап қалған батыр бабалардың бүгінгі жалғасы бүгежектене күн кешпеуі тиіс екенін жақсы білеміз. Сол үшін Әділ Бек Қаба сынды ақын-жазушылардың шығармаларын оқытып, саналарды сыналаған сыртқы күштердің әсерінен арылту керек-ақ. Оған «Қабір қазған» повестінің тигізер ықпалы мен берер пайдасы басым.
Сонау 80-ші жылдардың соңына таман қазақ баспасөзіне қара мақала жазып, ұлттың ұстыны іспеттес жандардың шуағын көрген қаршадай сары бала бүгінде ел ағасына айналды. Өзі де жан-жағына шуақ шашып, әдебиет атты қастерлі әлемге желкенді қайық салды. Әріптесімізді айтулы мерейтойымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, талмас қуат, сарқылмас шабыт тілейміз!

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Жетісу облысы