ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 1287
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде негізінің қалануы мен дамуы, ондағы термин сөздердің жасалуы, жүйеленіп, бір ізге түсірілуін айтқанда, ең алдымен, ойымызға, сөзсіз, Ахмет Байтұрсынұлы келеді. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ терминологиясының негізін қалаушы. «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш» сияқты еңбектерінде жаңа терминдерді жасап қана қоймай, оған әрбірін мысалдар келтіру арқылы түсіндіріп, толық ғылыми корпустың негізін қалады.

Ұлт ұстазы ХХ ғасырдың басында-ақ қазақ тілінің терминологиясын жасаған кезде қазақ даласында ғылыми мектеп те, ғылыми ұғымдар мен терминдер де болмаған. Тіпті, орыс лингвистикасындағы терминжасам мәселелері нақты бір жүйеге, ғылыми қағидаларға негізделмей, енді-енді тұрақты бір қалыпқа түсіп жатқан еді. Сол себепті, Ахмет Байтұрсынұлы 2 нәрсеге ерекше назар аударды. Біріншісі – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымындағы негізі ғылыми ұғымдарды зерделеп, анықтау. Екіншісі – сол ғылыми ұғымдарға атау беріп, терминдермен таңбалау. Демек, терминдерді жасау кезінде, ол тәжірибесі бойынша, ғылым ішіндегі ғылыми заттар мен құбылыстарды анықтауымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл біліміндегі барлық ғылыми ұғымдарды жинақтап, талдап, ғылыми ұғымдардың қорын қалыптастырды. Кейін сол ұғымдардың ерекшеліктері мен артықшылықтарын, ішкі-сыртқы сипаттамаларын бақылауға алып, оларға атау берген. Атау беру кезінде, яғни, жаңа терминдерді құрастыру кезінде де нақты ұстанымдарды басшылыққа алған. Мәселен, терминге берілген атаудың қысқа да нұсқа болуы, терминдік атауда қазақ тілінің заңдылықтары толықтай сақталуы, терминдік атау ғылыми ұғымның мазмұнына лайық және сол мазмұнынан толық хабар беріп тұратындай болуы керек.  

Ахмет Байтұрсынұлы тек бір ғана саланың емес, тұтас бір ғылымға қатысты термин сөздерді қазақтық болмысымыз бен сипатымызды, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін, тілдік заңдылықтарын сақтай отырып құрастырды. Әріптердің басын біріктіріп, жаңа лексика-грамматикалық мағына жасап шығару тікелей тілдің заңдылықтарына бағынуы тиіс.

Мысалы, бір ғана фонетикаға қатысты «буын», «дыбыс», «нүкте», «дауысты дыбыстар», «жарты дауысты дыбыс», «дәйекші», «жіңішкелік белгісі», «хәріп» сияқты термин сөздерді мектеп табалдырығын алғаш аттайтын жас балалар үшін «Оқу құралы» атты еңбегі арқылы ғылыми айналымға енгізді.

Ал, өзінің «Тіл – құрал» атты еңбегінде қазақ тіл біліміне қатысты көптеген жаңа термин сөздерді жасады. Атап айтсақ, «зат есім», «сын есім», «сан есім», «есімдік», «етістік», «үстеу», «қосымша», «жалғау», «жұрнақ» деген сынды 100-ден астам ғылыми атауларды енгізіп, олардың ғылыми анықтамасын беріп, қазақ тілінің грамматикасын толық талдап берді. Ұлт ұстазының әдебиеттану саласына қосқан ғылыми ұғымдары өз алдына бір бөлек.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ терминологиясының негізін қалаушы. Ол филологиялық ғылымның ғана емес, жалпы қазақ ғылымының жаңа деңгейге көтерілуіне себепші болды.    Қазіргі таңда да аталған терминдерің қолданыста болуы – Ахмет Байтұрсынұлы терминологиясының өміршеңдігі мен жасампаздығы.

Сымбат Мырзақасымова,
Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің  4-курс студенті