Кенесары ханға Құран сыйлаған Марал ишан кім?

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 1827
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ер түріктің бесігі болған Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда қазақы кеңістіктің көкжиегін кеңейтетін көп жайт айтылды. Саралай түссек, сан тарапты шарлайтындай дерек пен дәйек бар. Бірақ, Мемлекет басшысы құнды дүниенің табылғанын сүйіншілеген еді. Қазақтың азаттығын көксеп, сол жолда қасық қанын да аямаған хан Кенеге сый етілген Құранның табылғаны талайды қуантты. Жұрт Кенесары хан туралы көп мағлұмат білгенмен Марал ишан турасында бейхабар болуы мүмкін. Тіпті, есімін жаңа естуі де жасырын емес. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, Алашқа ана болған Сыр халқы мен Қостанай өңірінің жұртшылығы Марал баба туралы сөз қозғалса талай тәмсілдің тінін тарқатар еді. Есесіне ұлан-ғайыр атыраптың кей аймағында Құран иесі түгілі ишандардың кім екенінен хабары болмауы да таңсық емес. Сонымен, Мемлекет басшысының ақжолтай хабарына арқау болған Құранның иесі Марал ишан кім? Оны Қазақтың соңғы ханы Кенесарымен не байланыстырады? Ишан сөзінің мәні қандай? Осы сауалдарға жауап беріп көрелік...

 

Ишандар жайлы бірер сөз

Ишан сөзінің мәніне үңілсек, парсы тілінде «олар», «олардың шапағаты» деген мағына береді. Ал Орта Азия елдерінде «ишон», «эшон», «эшен» сөздері діни лауазым, дәреже һәм титул ретінде қолданылады. Бұл сөздің мәнін зерттеушілер де жиі талқыға салады. Мәселен, кей зерттеушілер Құранның мәнінен хабардар молдалар деген мағынаны құп көрсе, кейбірі суфизм жетекшілеріне берілетін атақ дегенге саяды. Жалпы айтқанда, діни көсем, асыл дін Исламды насихаттаушы, шәкірт тәрбиелеуші десек, қателеспейміз. 

Әріден тарқатсақ, ишанның ілімі қандай болған? Қазіргі біздің танымда Исламның насихатшысы – молдалар. Бұрындары діни хабары мен біліміне сай түрлі дәреже болған. Мәселен, молда, мақсұм, ахун, ишан, т.б. Зерттеушілердің пайымынша, қырық молданың ілімі  бір мақсұмда болады, қырық мақсұмның ілімі   бір ахунда болады, ал қырық ахунның білгенін  бір ишан біледі. 

Алтай мен Атыраудың, Жиделі Байсын мен Жетісудың, Қаратау мен Сарыарқаның, Жайық пен Еділдің арасында Ислам дінінің қағидаттарын насихаттап, діни ағартушылық еткен талай тұлғаның есімі тарих парақтарында алтын қаріппен жазылған еді. Қорасан атадан бастау алып, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб сынды діни ағартушылар көшін ишандар одан әрі жалғады. Марал ишан бастап, Құлболды, Оразай, Қалқай, Оспан, Сүлеймен, Құланбай, Әбсадық, Қауыс, Әмит, Пірзада, Текзада, Бекіш, Елібай, Мұсайыпхан, Үндемес, Елеуіс, Сыздық, Орхан, Анапия, Қалыбай, Аралбай, Мамыр, Сламхан, Есмұхаммед, өзге де аты аталмаған ишандар Исламның құндылықтарын дәріптеді. 

Баба жолы

Марал Құрманұлы Қостанай облысының солтүстігіндегі Обаған өзенінің бойында, кейіннен «Марал шілігі» атанған қоныста 1780 жылы дүниеге келеді. Шығу тегі – Орта жүз Керей руының Нұрымбетінен тараған. Нұрымбеттен Ақбота, Құлтаба, Жанбота туады. Құлтаба Керейден Құттықадам, одан Абат пен Абақ тарапты. Абақтан Мырза, Мырзадан Кенжебай батыр – одан Құрман тәуіп. Құрман батырдан Қойышбай, Арал және Марал тарайды. Марал өзі батыр әрі діни қайраткер адам болған. Медреседе оқытылатын діни іліммен қатар шипагерлік өнер мен дәрігерлікті қоса меңгерген. Оған бұл қасиет әкесінен де берілуі мүмкін. Ол жайында кейінірек баяндайық.

Марал әкесінен тоғыз жасында жетім қалады. Он үш жасында анасымен бірге Ақмешіт маңына келіп, Құланбай ишанның үйіне қоныстанады. Жалаңаяқ ишан пірі болған Құланбай ишанның да көзі қарақты әрі байлығы өзіне жетерлік бақуатты кісі болады. Сол үйдің жалшылығында болып, малын бағып жүрген Маралдың ерекше қасиетін ерте байқаған Құланбай көп ұзамай оған өз қызы Меңлібикені атастырады. Сонымен қатар, байдың қолдауымен жас кезінде Марал ишан Бұқара маңында Жалаңаяқ әулиеден білім алады. Жеті жылдық оқуын аяқтаған соң 1820 жылы Бұқарадан шығып, Сыр бойына қоныстанады. Еліне оралғаннан кейін Меңлібикеден Қалмұхаммед есімді үлкен ұлы дүниеге келеді. Жұрт Қалмұхаммедті Қалқай атап кетеді. Біршама уақыттан кейін Марал ишан атасы Құланбай ишаннан рұқсат сұрап, Қызылжарға қайтады. Мұнда бірнеше мешіт салдырып, бала оқытады. Ол бұл ісін кейін Сыр бойына қоныс аударғанда да жалғастырады. Марал ишан жергілікті халыққа Ислам жолын насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек етеді. Сырдарияның бір саласы Қараөзекке қосылатын Сасықөзектің бойында жағалай бірнеше жерден мешіт салдырады. Сол атырапта Ишан өзі бас болып салдырған 7 мешіт-медресе бар. Жұрт «Қырық мешіт» атап кеткен бұл аймақта «Қара бөгет», «Байбол», «Ишан ауылы», «Қырғы мешіт», «Қолаң төбе», «Қыш мешіт», «Қамыр» мешіттері болған.

Хан мен ишанның байланысы

Ел арасындағы әңгімеге сүйенсек, ишанның әкесі Құрман Абылай ханның емшісі әрі батыры болған екен. ХVII ғасырдың 40-шы жылдары жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серен тұтқынға түскен Абылай сұлтанмен келісім жасасып, оған екі қызын береді. Елге келген соң хан Абылай кіші қызды емші Құрманға қосыпты. Сол жоңғар қызынан Марал туады. Бұл мәліметке сүйенсек, Марал ишан Кенесары ханмен бөле.

Марал ишан Кенесары хан көтерілісі кезінде Ғазауат соғысын жүргізеді. Оған себеп болған Құсмұрын өңірінде орыстардың қазақтарды еріксіз шоқындыруы еді. Қызылжар жерінде атақты Сартай, Шаушақ батырлармен тізе қосып шайқасқа шығады. Марал ишан 1821 жылы өзін императорға жолықтыруды сұрап, Орынбор генерал-губернаторы П. Эссенге және Сібір әскери бөлімінің бастығы генерал П. Капцевичке хат жолдаған. Хатында қазақтарды зорлап шоқындыруға, құнарлы жерлерді тартып алуға қарсылық білдірді. Осындай аласапыран сәтте жер-суынан, ата-қонысынан айырылған қазақ шаруалары Кенесары әскеріне қосылады. Сөйтіп, бұл қозғалыс ұлт-азаттық сипат алады. Міне, осы кезде Кенесары өз хандығының рухани көсемдігіне Марал ишанды шақырады. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасауға Марал келісім беріп, хан сарайының Кеңес құрамына кіреді. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі болды. Кенесарының батыр інісі Наурызбай ишанды жиі өкпелетеді екен. Марал баба ханмен туыстығын нығайту үшін Наурызбайға қыз беріп, оны күйеу еткен. Бірақ батыр бұл сенімді ақтамаған. Бірде Кенесары ауылы көктем шыға жайлауға көшеді. Наурызбай көшкен елдің соңында атқа кесе отырып, қаннен-қаперсіз ән шырқап отырады. Марал ишанның ұлы Піртаза жасында өте ерке өсіпті. Қазақта балдызы жездесімен қалжыңдап, түрткілеп ойнай беретін әдеті бар, Наурызбайдың соңында таймен жортып келе жатқан Піртаза жастықтың желігімен қамсыз отырған батырды қамшы сілтеп арқадан тартып өтеді. Наурызбай қылышты суырып алып, балдызына сілтеп қалады. Бірақ, батырдың қылышты ұстаған қолы әрі жүрмей қалшиып қатып қалыпты. Піртаза шапқылап, әкесі мен Кенесарыны қуып жетіпті. Сонда Марал ишан: «Піржан-ай, байқамайсың ба? Тентек төре басыңды қағып тастай жаздады ғой. Мынаны көрмейсің бе?» – деп жеңін түріп, қан ағып тұрған білегін көрсетіпті. 

Аңыз астарындағы ақиқат

Марал баба турасында ел арасында түрлі тәмсілдер бар. Соның бірерін баяндайық. Атақты әулие Жалаңаяқ ишанның қарауында 100 шәкірт-қалпесі оқиды екен. 101-ші болып Марал қабылданады. Оқуға зерек және Алла берген қасиетінің арқасында Марал шәкірттер арасында айрықша дараланып көзге түседі. Мұны өзімен қатар жүрген балалар көре алмай, қызғаныш ете бастайды. «Сендер Маралмен таласпаңдар, оның орны бөлек» деп басу айтқан ұстаз сөзіне де іштей қанағаттанбаушылар болады. Осыны сезген жарықтық әулие бірнеше рет шәкірттерін сынайды. Бірде шәкірттерге түнгі жатар алдында «Маған таң намазына тұрарда қайсың дәрет суымды жылытып бересің?» дейді ұстаз. «Мен» деп тұс-тұстан шулайды олар. «Таласпаңдар, кім бұрын жылытып берсе, сонымен дәрет аламын», – дейді әулие. Кейбіреуі ұйықтап қалды. Бірсыпырасы «ерте тұрдық-ау», – деп «енді су ысытып береміз», – деп қамданып жүргенде, Марал таңғы елең-алаңда «Мінекиіңіз», – деп ишанның қолына құманды ұстата қояды. Балалар түнімен ұйықтамай, бекерге алаңдап жүргенде, ол су толтырылған жез құманды түнде жылы төсек астында бауырына басып жатқан екен.

Оқуын бітірген Марал атасынан рұқсат алып, Ақмешіттен туған жері Қызылжарға қайтады. Сырдария өзенінің «Аша» деп аталатын тұсында арғы жағадағы қайықшыларға «Қайық әкеліңдер» деп өтініш етеді. Бірақ, осы кезде Сыр бойының атақты байы Байқадамның асы беріліп, оның қызып жатқан кезі екен. Қайықшылар құлақ аса қоймайды. Олардың анық келмесіне көзі жеткен Марал қасындағы жолдастарына: «Көздеріңді жұмыңдар да аттың басын суға қоя беріңдер», – депті. Әне-міне дегенше буырқанған дарияны бір топ салт атты кешіп өте шығыпты.

Әдетте, пенде жүрген жерде пендешіліктің қоса қабат жүретіні бар емес пе?! Ишанның әулиелік атақ-даңқы Сыр мен Қырға жайыла бастаған тұста оны көре алмаушылар мен қызғанышпен қараушылар да болыпты. Атақты әнші Жаяу Мұсаның астындағы атын алып қойып, өзін жаяу қалдырған Арқадағы Шорманның Мұстафасы бірде Марал бабамызға: «Біздің өз әулиеміз бар. Сен әулие емессің, сиқыр жасайсың, егер әулие болсаң кереметіңді көрсетпеймісің. Әйтпесе бұл арадан көшесің» деп қысым көрсетеді. «Сонда мен не көрсетуім керек?» депті Марал баба сабырлы қалпымен.

«Сені қырық түйеге артылған сексеуілдің астына жатқызып өртейміз, содан аман шықсаң ғана біз сені әулие деп мойындаймыз» депті шонжарлар да қасқайып. Бұл оқиға Сырымбет тауының «Мыңбұлақ» маңайындағы «Тескен су» деген жерде болған екен дейді көнекөздердің айтуынша. Қырық түйемен жиналған томардың астына жатуға ыңғайланған бабаға қасындағы қалпелері: «Жоқ, тақсыр, біз жатайық, егер сізге бір жағдай болса, біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді. Ал бізге бірдеңе болса, сіз жәрдем ете аласыз» депті де үйілген мол томардың астына Тұрғанбай, Төртқара деген қалпелер барып жатады. Оларды отқа өртеп жатқанда Марал ишан Сарыбауыр арғымағымен жанған оттың үстіне 40 аршын биіктікте қалқып тұрған деседі. Лаулаған қызыл от жанып біткенде әулие дауыстап, қалпелерінің атын атап, «тұрыңдар» дейді. Сонда күл арасынан отқа түскен қалпелері түк болмағандай аман-есен шыға келіпті. 

Құм арасындағы қорым

Бір аңызда Ер Сейітпенбет, Жәрімбет әулие және Марал ишан үшеуі Сырдың бойында бас қосыпты. Сонда Марал баба: «Жұрт сені «Ер Сейітпенбет» деп атайды. Әулиелігің рас болса, біз қайда жерленеміз?» – деп сұрайды. Сауалға Сейітпенбет: «Сен, Марал, суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбетке өзі тұрған осы таудың басы бұйырар, ал мен қиян шөлден пана табармын», – деп жауап берген екен. Әулиенің айтқаны келеді. Бүгінде Марал ишанның қорымы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығынан 5-6 шақырым жерде орналасқан. Маңайы қыста тасыған суға толып, ала жаздай құстар әндеткен киелі мекенде жатыр. Бір тәмсіл бойынша ишан Қостанай өңірінде мәңгілік сапарға аттанған. Шәкірттері мен балаларына көзі тірісінде аманатын қалдырыпты. Түйеге өңгеріп, жетінші тоқтаған жерге жерлеуін өтініпті. Жетінші мәрте қазіргі ишан қорымы маңына шөгіпті. Марал бабаның мүрдесі осылайша жер қойнына табысталыпты. Үлкен күмбезді ишанның кесенесінде баласы Қалқай ишанның да бейіті тұр. Тұңғыш баласының бейіті әкесінікінен төменде тұр. Тағы бір қызық жайт, әйгілі Шоқан Уәлихановтың есімін (Мұхаммед-Ханафия) Қалқай ишан қойған еді.

ТҮЙІН: Сыр өңірінде, оның ішінде Қармақшы ауданында дүниеге келген соң Марал баба туралы әңгімелерді жастайымыздан естіп жетілдік. Есейген соң, өтірік айтпайын, 3-4 айда бір мәрте ишан қорымына барып, тәу етуші едік. Бірде танысымды ертіп, баба басына бардық. Әлгі танысымның қолында қымбат фотоаппарат болды. Сол кездегі шырақшы (қазір де сол кісі болуы мүмкін) Бекболат Ералиев құрақ ұшып күтіп алып, ишанның үй тамына кіріп, Құран бағыштамақ болдық. Танысым болса кесененің ішін фотоға түсіруге ыңғайланды. Аппараты суретке түсірмей қойды. Дереу далаға шығып, кез келген нысананы шырт еткізіп тұр. Қайта ішке еніп, суретке түсірмек болғанмен аппараты ыңғайға көнбеді. Сонда шырақшы танысымның мұнда дұрыс ниетпен келмегенін айтып, босқа тыраштанбауын өтінді. Баба рухына Құран бағыштап жөнімізге кете бардық. Хан Кененің діни көсемі болған Марал ишан нағыз әулие, нағыз пір тұлға еді.

Дастанбек САДЫҚ