Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры «ALBAMONO – 2023» Гран-при жүлдесін жеңіп алды

Уақыты: 13.07.2023
Оқылды: 1102
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ театр өнеріне өлшеусіз үлес қосып, күллі қазақ көрермендеріне толайым туынды ұсынып келе жатқан Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры осы жылдың басты фестивалінде топ жарды. Еуропа деңгейіндегі «ALBAMONO – 2023» байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Өнер ордасының бүгінге дейінгі сүрлеу-сүрлегі жайдарман жаңалықтармен тарихқа қатталып жатыр. Өнер ұжымының әрбір қойылымы, әрбір жетістігі елінің көзайым қуанышына айналғаны анық. 

Театр ұжымы 77-маусымы бастау алғалы бері  7 жаңа қойылымның тұсаукесерін өткізіп, көрермен сұранысымен Қазақстанның барлық қаласында «Сезім сапары» спектакль-турын ұйымдастырып үлгерді. «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымымен Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Астана қалаларына күніне 2 сеанстан өнер көрсеткен театр Халықаралық фестивальдерде де жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Театр репертуарындағы «Қарагөз» қойылымы Түркия елінің Анталия қаласында 15-19 мамыр аралығында өткен XIII Халықаралық «Анталия» театр фестивалінде, Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласында өткен «Еуразия» театр фестивалінде үздіктер қатарынан көрінсе, Мәскеу қаласында өткен А. П. Чехов атындағы халықаралық театр фестивалінде «Құлагер» қойылымы еліміздің намысын қорғап, абыройын асқақтатты. 1000 адамдық Моссовет сахнасында аншлагпен өнер көрсеткен театр өзінің кәсіби мүмкіндігін кезекті рет дәлелдеді. 

Біз сөз етіп отырған «ALBAMONO – 2023» моно-спектакльдер фестивалі Албанияның Корча қаласында өтті. Бұл додаға «Қаhар»  моноспектаклімен қатысқан ұжым Гран-при жүлдесін және спектакль режиссері Дина Жұмабаева «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды. 2022 жылдың қараша айында премьерасын Түркияның Анкара қаласында өткен Халықаралық «ANKARA» театр фестивалінде өрнектеген аталмыш спектакль бірнеше бәйгелерде топ жарып үлгерді. Әлемдік классика Жан Ануйдің «Медея» пьесасының негізінде сахналанғанын да айта кеткен жөн.

"Жетісу-ақпарат"