Қытай саяхатшылары этнофестивалді тамашалады

Уақыты: 16.07.2023
Оқылды: 1352
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралақ орталығының» Қазақстан тарапында өткізілген «Ұрпақтар мирасы» деген тақырыптағы этнофестивальда қазақтың ежелден жеткен ұлттық дәстүрлері мен көпқырлы өнерінің бизнеспен астарласқан мұраларын жаңғырту мақсат етілді. Бұл фестивальді «Атамекен» Жаркент өңіріндегі іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды.

Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлардан қалыптасқан ұлттық мәдениетіміз бен көпқырлы өнерімізді бүгінгі ұрпақ мақтанышпен жаңғыртуы қажеттігін тұжырымдаған болатын. Президенттің осы ұсынысын Жетісудағы 8 аудан мен екі қаласының кәсіпкерлері, іскер әйелдері, қолөнер және қолданбалы өнер шеберлері елімізде алғашқылардың бірі болып қолдауы, Қорғастағы фестивальде көрсетті.

Ауқымды шараның ашылу салтанатында Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек, Жетісу облыстық маслихатының хатшысы Гүлнар Тойлыбаева, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспектрлік жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Айжан Оралбекова, аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рима Салықова, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Суриям Изимова, Еңбек Ері Күләш Айтжанова сөз сөйлеп, өңірдегі қолөнер және қолданбалы өнер шеберлерін қолтумаларының халықаралық бизнесте ұлттық өнерді таныту мен өрістетуге, өткізіліп отырған шараның ықпалы мол болатынын атап өтті.

Шындығында да бұл көрмеге аудан-қалалардан атакәсіпті мирас тұтқан шеберлердің қолөнер бұйымдарын, ұлттық тағам түрлерін қойып, көрерменді тәнті етті. Былғарыға салынған картиналар, жүннен тоқылған, ұлттық ою-өрнектермен көмкерліген киімдер, тақия, былғары белбеу, Алматы қаласынан келген «Шебер жанұя» жеке кәсіпкерінің ақша, басқа да бағалы бұйымдар салатын сәнді қапшықтары мен қобдишалары, Кербұлақ ауданындағы «Қыздар» атты жеке кәсіпорынның ұлттық киімдері, «Мұрагер» шеберханасынан шыққан домбара, астау, ағаштан жасалған тостағандары мен кәдесыйлары, Көксу ауданындағы «Кесте» тігін ательесінің қолданбалы тұрмыстық өнер туындылары, жаркенттік шеберлер Самат Телман, Ерзат Маули, Бәтима Жұмағұл, Нұржан Үмбетов, Талас Мұқтарбеков көрмеге әкелген ат-әбзелдері, қамшы, садақ пен жебе, торсық, шоқпар, сәндік әшекейлер, теріден тігілген, жүннен тоқылған ұлттық киім-кешектер орталыққа келген еліміздің саяхатшыларын және шет елдіктерді таңдандырып тамсандырдық.

Қытай саяхатшылары Кербұлақ ауданынан келген «Дастархан» жеке кәсіпорыны пісірген нан өнімдерін, Алакөл ауданының «Lepsi product» кәсіпорыны ұсынған экологиялық таза балын, ақсулық «Опалы» кәсіпкерлері қайнатып жасаған сабын түрін, жаркенттік наубайханалардың өнімдерін түгелдей сатып алды. Текелі, Талдықорған қалаларының қолөнер шеберлері де бұйымдарын саудалаудан олжасыз қалған жоқ.

Фестиваль соңында көрмеге қатысып, шеберлігімен көзге түскендер іскер әйелдер қауымдастығының Алғыс хатымен марапатталып, ақшалай сый-сияпатына ие болды. Бұл күні шегара шебіндегі орталықта Ұлы дала дәстүрі мен өнері жаңғырды.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы