Ақиқат толық ашылды ма?

Уақыты: 16.07.2023
Оқылды: 1438
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасы халықаралық аренадағы орнын анықтаған мемлекет. Алайда, мемлекеттің географиялық аумағының кеңдігі және халқының аздығы геосаяси орнымызды бекемдеп, ұлттық мүддеміздің түрлі құндылықтарын қорғауды қажет етеді. Қазіргідей күрделі саяси жағдайда еліміз үшін ең басты міндет – Қазақстанның саяси және аумақтық тәуелсіздігін мәңгілік ету.

Ол үшін өткен ғасырлардағы ұлттың тағдырына сызат түсірген қасіреттерді анықтап, оның алдағы уақытта тағы да қайталанбауы жолында еңбек еткен жөн. Сол қатарда Кеңес заманындағы үлкен террордың қазақ халқының тағдырына орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандар, сондай-ақ, туған жерінен кетуге мәжбүр болғандар қаншама?! Бұл зобалаңның қасіретін 3 миллионға жуық адам тартты. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды. Осы күнге дейін тау-далада сүйегі шашылып қалған бабаларымыздың қасіреті әлі де жоқталмай келеді. Бұл біздің мойынға артылған парыз. 

2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қуғын-сүргін құрбандарын саяси-заңдық тұрғыда толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, бірқатар өнімді жұмыс атқарды. Жыл басында қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия өткен жылдардағы жұмыс нәтижесінде 30 томдық еңбектің тұсауын кесті. Оның ішінде осы күнге дейін беймәлім болып келген қаншама шерлі тарих, шерменде тағдыр жатқанын кітапты парақтағандар біледі. Өткен жылы Алматы облыстық қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның құрамында жұмыс атқарғанда ақтаңдақ жылдардың ақиқатын біраз зерделедік. Бұл іс биыл да жалғасуда. Оның маңыздылығы жайлы өткенде Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы тағы да нақтылады. 

Ел өзегін өртеген, ұлтымызды тентіретіп, телім-телім еткен 1916 жылғы көтерілістен кейінгі босқындық мәселесі, 1920 жылдардағы жаппай тәркілеу, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық және сол тұстағы халықтық көтерілістің нәубеті, 1937 жылдардағы саяси қуғын-сүргінде құрбан болған қазақ руханияты қаймақтарының жағдайы қазақ халқының ұлттық трагедиясы емес пе?! Сол тұста қазақ зиялыларымен бірге қарапайым еңбек адамдары, ұлтшылдықты бойына ұялатып, санасына сіңіре алмаған жастар, тіпті, құндақтағы сәби де, анасының құрсағында бұлқынған шарана да  азап шекті. Қысқасы, коммунизмнің көл-көсір тіршілігіне жеткізетін қызыл үкімет қазақ баласын қан-жоса етіп, өз үстемдігін бекемдеді. 

Сталин өлген соң олардың біразы ақталды. Тәуелсіздіктен кейін асығымыз алшысынан түсіп, арыстарымыздың мұрасы түгенделіп, зерттелді, қайта тірілді. Дей тұрғанмен, ескі архивтер толық ақтарылмағандықтан көзден таса қалған қаншама шындық бүркеулі жатыр. Тіпті:
Қаратаудың басынан көш келеді,                      
Қара жорға теңселіп, бос келеді.
Қарындастан айырылған қиын екен,
Қара көзге мөлдіреп жас келеді, – деп көз жасын шапанының шалғайына сүртіп, намысын қанжығасына байлап, қан жұтып атамекеннен ауып кеткендердің жайы әлі қарастырылған жоқ.  Жасыратыны жоқ, олар басы аман шегара асты дегеніміз болмаса жайма-шуақ күн кешпеді. Амалсыздан «қашқын» деген жаман атты еншілеуге мәжбүр болды. Шынжыр балақ, шұбар төстердің шырмауынан құтыла алмады. Жазықсыз жапа шегіп, атылып-шабылудан шет қалмады. Алдымен Қытай асып, одан Пәкістан, Үндістан, Еуропа, Америкаға дейін босып кеткен, дүниеге тарыдай шашылған қазақтың өкініші мен өкпесі өтелген жоқ. Тәуелсіздіктен кейін дүниенің түкпір-түкпіріне шашылған қазақтың ұрпағы  атажұртына оралғанымен Кеңестік сана қанымызға сіңіріп кеткен «қытайлық, ирандық, өзбектік» деп әзіл-шыны аралас бөліп-жарудан әлі де құтыла алмай келеміз. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың түпкілікті мақсаты – осындай ақтаңдақтардың себеп-салдарын анықтап, алдағы уақытта соның қайталанбауы үшін идеологиялық негізді тұрақтандыру. Бұл елдігіміз бен бекемдігімізге, бірлігіміз бен бүтіндігімізге алтын арқау болатыны айдан анық.

Бүгінде: «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» деген сөзді әркім әртүрлі жорамалдап жүр. Көпсанды адамның пікірінше: «Тек сотталған, атылған құрбандарды ғана» осы санатқа қосып ойлайды. Бұл нақты анықтама емес. Сондықтан біз, ең алдымен, толық ақталуға тиісті қуғын-сүргін құрбандарының кім екенін алғашқы адымда білуіміз керек. Жалпы, Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргіндердің ақталмаған құрбандарын қоса алғанда 20-дан астам санаттың ішінен іс жүзінде 5-6 санат қана, оның ішінде «екілік», «үштік», «алқалық» соттар деп аталатындардың үкімдерімен және шешімдерімен, прокуратураның «ерекше кеңестерімен» сотталған адамдар, сондай-ақ, Кеңес одағының басқа республикаларынан Қазақстанға күштеп қоныс аударылған ұлттардың өкілдері заңдық тұрғыдан ақталды. Қалған санаттағылар әлі күнге назардан тыс қалып келеді. Ендеше, олар кімдер?

Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өркениетті түрде күрескен «Алаш», «Қазақ халқын қорғау одағының» (Орал қаласы), «ЕСЕП» (Қарағанды облысы), «Жас ұлан» (Павлодар облысы) партияларының қатысушылары, 1916 жылғы және 1986 жылғы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысушылар, сондай-ақ, қазақ халқының азаттығы мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар мен ұйымдардың қатысушылары, жекелеген қаһармандар саяси тұрғыдан бағаланып, ақталуға тиіс.  

Тәуелсіз Қазақстан «қазақ буржуазиялық ұлтшылдығы» (кейінгі кеңес дәуірінде – «қазақ ұлтшылдығы») деп аталатынға халықаралық нормалар мен ғылыми стандарттарға сәйкес объективті баға беруге және осы жалаң айыптың құрбаны болған барлық адамды саяси тұрғыдан ақтауға міндетті. Осы тұста Қазақстанның ұлт-азаттығы үшін күресіп, құрбан болғандар ғана емес, ұлт- азаттық идеясы да саяси тұрғыдан ақталуға тиіс. Тәуелсіз Қазақстан саяси себептер бойынша сотсыз және тергеусіз өлтірілген ондаған мың құрбанға (зерттеушілер оның саны бұдан әлдеқайда көп дейді) – 1917 жылдан бастап 1930 жылдардың ортасына дейін Қазақстанда Кеңес үкіметін күштеп және заңсыз орнатуға, таптық, тектік, ұлттық және діни белгісі бойынша қудалауға қарсы, сондай-ақ, тәркілеу, ұжымдастыру, мал, астық дайындау жөніндегі және басқа да саяси науқандарға (ресми емес деректер бойынша 400-ден астам) халық көтерілісіне қатысушыларға саяси баға беріп, оларды ақтауға тиіс. 

Ал 1916 жылғы көтерілістен кейін шетел асып кеткен босқындардың тізімі нақтыланып, осы жағдайға мемлекеттік баға беріліп, жат жұртқа кеткен қандастарымыз саяси-құқықтық жағынан ақталуға тиіс. Байлардың, жартылай феодалдар мен кулактардың меншігі мен мүлкін тәркілеу науқанын жүргізу кезеңінде сотталған адамдар да заңдық жағынан толық ақталуға тиіс. Дінге қызмет еткені үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дәстүрлі дін өкілдері саяси-құқықтық жағынан толық ақталуға тиіс. 

1939 – 1945 жылдары кеңес басшылығының кінәсі мен кешірілмес салғырттығының салдарынан фашистік Германияда, Финляндия мен басқа да Еуропа елдерінде тұтқында болған қазақстандық әскери тұтқындар заңдық жағынан ақталуға тиісті. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан аумағында қолданылған РКФСР ҚК-нің 107-бабы бойынша сотталған ондаған мың қазақстандық та заңдық жағынан толық ақталуы қажет. «Бандылық құрылымның қатысушылары», «шпиондар», «Отанды сатқандар», «диверсанттар» деген жаламен ақталуына мүлдем тыйым салынған адамдар да заңдық жағынан ақталуға тиіс. Бұл үшін осы Заңнан аталған бап алып тасталуы не толықтай қайта қаралуы керек. 

Өңірлерде ойдан шығарылған басқа айыптаулар мен баптар бойынша сотталған, «Алаш» қозғалысы мен партиясының қатардағы қатысушылары, сондай-ақ, жергілікті жерлерде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған «Алаш» әскери құрылымдарының 10 мыңдай сарбазы мен сардары заңдық және саяси жағынан толық ақталуға тиіс. Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте орыс, еврей, өзбек, украин, белорус, ұйғыр, қырғыз және басқа да ұлт өкілдері арасынан шыққан саяси қуғын-сүргін құрбандарына мемлекеттік баға беріліп, олар саяси тұрғыдан ақталуға тиіс. Өзінің шыққан тегіне, қызметінің түріне байланысты азаматтық құқықтарынан, ең алдымен, сайлау құқығынан айырылған адамдар да қуғын-сүргін құрбандары ретінде саяси жағынан ақталуы қажет. 

Әрине, осындай ауқымды жұмыс өз деңгейінде жүзеге асса, көз жасын шапанының шалғайына сүртіп, қудалау мен қысымның сан азабын жанарынан аққан соңғы тамшысымен жуып кеткен талай боздақтың рухы тірілер еді. Бұл жұмыс істелмей жатыр дегенді білдірмейді. 2020 жылдан бері отандық тарихшылар мен архившілер, өлкетанушылар мен зерттеушілер тынымсыз еңбек ете жүріп, бірнеше мыңдаған адамның тізімін жасады. Шаң басқан архивтердегі деректерді ақтарыстырып, заңсыз шығарылған шешімдер, сотсыз жазалаулар, негізсіз бұйрықтарды тауып, мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің редакциясымен жыл басында 30 томдық еңбек болып жұрт қолына тиді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тауып, қажырлы ізденістер жасалуда. 

Ауқымды жоба басталған кезде Алматы облыстық өңірлік комиссиясы құрылып, жұмыс тобына сарабдал мамандар тартылып, қызу жұмыс жүрді. Сол қатарда еңбек ете жүріп, біраз тәжірибе жинақтағанымды айта кеткенім жөн шығар. Дегенмен, өңірлік жұмыс тобының мүшелері негізінен Алматыдағы жоғары оқу орнында жұмыс істейтіндіктен уақыт және қаржылық мәселеге байланысты көп уақытын Алматыдағы Орталық мемлекеттік архиві, Президент архиві және Қарасай ауданындағы Алматы облыстық мемлекеттік архивіндегі құжаттармен жұмыс істеді. Сол себепті Талдықорған мемлекеттік архивіндегі құжаттарды толық қарауға мүмкіндік болмады. Ал Жетісу облысы өз алдына бөлініп шыққалы бері Жетісу облыстық қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобын ұйымдастыру өз деңгейінде жүзеге асырылмай келеді. 

Осы тұста Жетісу облыстық мемлекеттік архиві туралы да тоқтала кеткен дұрыс. Әрине, облыстық архив Талдықорған қаласында орналасқанымен оның қорында еліміздің, тіпті, шетел архивтерінен кездестіре алмайтын, зерттеушілердің назарына ілінбеген уездік құжаттар қоры әлі де толық зерттелмеді. Онда босқындыққа, тәркілеуге, ашаршылыққа, саяси қудалауға қатысты көптеген құнды құжаттар жинақталған. Жуырда өңірлік жұмыс тобының зерттеушілері уездік құжаттар қорынан Жетісу облысындағы босқындыққа қатысты құжаттар жинағын құрастырып шықты. Алдағы уақытта жұмыс бағытын жоспар бойынша жетілдірілмек.

Зерттеушілердің қолын байлайтын тағы бір жағдай – өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі архив құжаттарында төте жазумен жазылған құжаттардың көптігі. Қазір ол жазуды оқитын зерттеушілердің қатары сирек. Сондықтан көптеген зерттеуші архив құжаттарын ақтарғанда сол құжаттардан аттап өтіп кетеді. Демек, комиссия құрамында төте жазудан сауатты адамдардың болғаны да жұмыстың жүйелі жүруіне септігін тигізеді. 

Жетісу өңірі 1916 жылдан басталған ұлт-азаттық күресінен тартып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі бұралаң жылдардың тағдырлы тарихын бауырына бүгіп жатыр. 1920 жылдардағы босқындық, ашаршылық азабы, тәркілеудің қысымы, атылған-шабылған, сотталған, топтап атылған, тіпті, Қытай асып бара жатып шегарашылардың оғынан қаза тауып, сүйегі жасырынбай қалған тарихи орындар өте көп. Облыстық комиссияның жұмыс тобы осы міндетті анықтауды да қолға алды. Жетісу өңірінде болған ұлт-азаттық және Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар, халықтық бас көтеруге қатысушылардың архив құжаттары Президент архивінде сақтаулы тұр. Оларды іздестіру үшін зерттеушілерге архивке кіретін рұхсат керек. Өкінішке қарай, облыстық өңірлік комиссияның жұмыс тобындағы зерттеушілердің бірде-біріне осындай құжат берілмеді. Сондықтан шерлі тарихтың құпиясын тереңдей ашуға осы іс қолбайлау болып келеді.

Кезінде Ресейдің әйел патшасы Екатерина ІІ: «Қазақтар өз тарихын білгенде әлемді алақанда ойнатар еді» деген екен. Арғы тарихымызды айтпағанның өзінде өткен ғасырда ұлт тағдырына төнген қауіптің үрейі әлі сейілген жоқ. Халқымызда: «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген нақыл бар. Өлілердің ризалығы үшін тіршілікте тынымсыз жұмыс істеу әр қазақтың борышы.

Қажет АНДАС