"Карнавалды кітапхана түні - 2023" көңілді өтті

Уақыты: 27.12.2023
Оқылды: 942
Бөлім: РУХАНИЯТ

С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдыстыруымен  «Оқитын ұлт»  жобасын іске асыру мақсатында « Карнавалды Кітапхана түні-2023» әлеуметтік-мәдени іс шарасы өтті.

Оқырмандарды кітапқұмарлыққа баулу, оқуды дәріптеу, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу, кітапхана мен қоғамның арасындағы байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараға Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы  Гүлмира Қалқабаева қатысты. Ол өз сөзінде кітап рухани және мәдени дамудың басты құралы екенін, кітап оқудың өміршеңдігін айта келе, кітапхана түні шарасына сәттілік тіледі. 

Кештің басы «Biblio night» атты  карнавалды шоуымен басталды.  Құнды тарихи дастандардағы ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған асыл мұралар оқырмандарға «BookDating» атты кітап кейіпкерлерінің дефилесі негізінде ұсынылды. 

Жетісулық ақындар Ж.Немеребай, А.Нұрмахан, Қ.Абдрахман, М.Күмісбек, Ө.Бейбарыс поэтикалық батлда  сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін оқыды.

«Ашық микрофон» айдарында блогер, «Болмыс» кітап клубының жетекшісі  Шынаргүл Оңашбайдың  қатысуымен кітапханаға жазылу акциясы  өтті. Сонымен қатар «Biblio-darts» алаңында кітапқа байланысты сұрақ-жауаптан тұратын ойындар ұйымдастырылып, «Дәмді кітаптар» библиофуршетінде  оқырмандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын, жанға жайлы демалыспен қатар рухани нәр беретін кітаптармен кеңінен танысуға мүмкіндік берілді.

Сондай-ақ, «АктерTime» айдарында  қонақта Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртістері  Ғ.Темiрбаева, А.Нұғманов және А.Тулеуова өздерінің тәжірибесін бөлісіп, шеберлік сағатын өткізді.  Кешке келген оқырмандар Жетісу өлкесінің табиғаты суреттелген «Библио галерея» көрмесін тамашалап, «Кinopark» кітап желісіндегі киноларды көріп, «Cover show» караоке музыкалық кешінде ән шырқады.

Іс-шараға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдени мекеме қызметкерлері және кітапхана оқырмандары қатысты. 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 
Фото: gov.kz