13 КІТАП ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Уақыты: 04.01.2024
Оқылды: 877
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күлтегін-Тоныкөк жазбаларынан бастау алатын әдебиетіміздің қазынасы тағы да 13 кітаппен толықты.  Жетісу облысы әкімінің қолдауымен «Жетісу кітапханасы» сериясымен дәстүрлі түрде кітап шығып келеді. Ақын-жазушы, журналистер мен сазгерлердің, сол секілді түрлі салада қаламды жанына серік етіп жүрген талант иелерінің биыл шыққан кітабы Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Рухани шараның алғашқы сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев:

– Кітап – адамзаттың асыл құндылығы. Түбі бір түркі жұртының кемеңгер ойшылы Әлішер Науаи: «Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен. Сондай-ақ, кітап уақытыңды текке кетірмейтін пайдалы іс, қоғам қанша дамып, заман қарыштаса да кітаптың құндылығын ештеңе баса алмайды. Адамзат баласының тарихына көз жүгіртсек кітаптың тұлға болып қалыптасу жолындағы салмақтылығын айрықша танимыз, – дей келе «Жетісу кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптар қазақ руханиятынан өзіндік орнын алған, оқырман сүйіп оқыған шығармалар қатарында болсын деп тілек арнап, облыс әкімінің ыстық ықыласын жеткізді.

Жылы лебізден кейін Марлен Қапашұлы, кітап авторлары Жақан Бәрімбеков пен Рая Ыдырысқызы 13 туындының тұсаукесер рәсімін өткерді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіл-әлемдік «Шыңғысхан» академиясының академигі Әміре Әрін жүргізіп отырған рухани шара барысында кітап авторлары сөз алып, туындыларын таныстырып өтті. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Узоры Жетісу» кітабының авторы Жақан Бәрімбеков, Дінмұхамед Қонаев музейінің меңгерушісі, «Д.А. Қонаев» кітабының авторы Хания Есдәулетова, «Тұғырлы тұлға» кітабының авторы Рая Ыдырысқызы, «Сарыжүрек» кітабының авторы Асыл Сұлтанғазы сөз алып, ұлттың мәдениеті өрісті, әдебиеті кенішті болуы үшін мемлекет тарапынан қолдау керектігін, бұл тұрғыда Жетісу облысының әкімдігі таланттарға барынша жәрдемдесіп, кітабын шығарып, кешін өткізіп, баба мұрасын насихаттап жүргенін атады. Сонымен қатар, кітаптың шығуына қолдау білдірген облыс әкіміне күллі жетісулық зиялы қауым атынан алғыстарын жеткізді. 

АРХИВШІЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Тың туындылардың тұсаукесер рәсімінен кейін Архившілер күніне арналған мерекелік шара өрнек тапты. 

Негізінен алғанда 2020 жылдан бері мереке ретінде аталып өте бастаған Архившілер күні 22 желтоқсанда ресми тойланады. Өңірдегі түрлі саладағы салтанатты жиындар, маңызды жиындарға орай кітап тұсаукесерімен жалғасын тапқан шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов ашып, жүргізіп отырды. 

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев тарихи құжаттар мен әдеби мұралардың, жалпы руханиятымыздың негізгі қасиетті қамбасына арналған архив саласы мәдениеттің бір тетігі, негізгі арнасы екенін айшықтады. Өз кезегінде сөз алған зиялы қауым, архив саласына саналы ғұмырын арнаған жандар көпшілікті мерекемен құттықтап өтті.

Рухани шара аясында аталған сала өкілдері марапатталды. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен Бағила Нүсіпова, Қарлығаш Стамғазинова, министрліктің Құрмет грамотасымен Гүлжан Мейрамбекова, Жанна Ноғайбекова, Динара Жаңабекова, аталған министрліктің Алғыс хатымен Раушан Досымбекова, Жанар Абдрахимова, Назым Истыбаева марапатталды. 

Кәсіби мерекеге орай бірқатар маманға, ардагерлер мен архившілерге Жетісу облысы әкімінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, архив саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Үздік филиал» номинациясымен Жетісу облысы мемлекеттік архивінің Ақсу филиалы,  «Үздік қойма меңгерушісі» номинациясымен облыстық  архивінің архивисті Қаракөз Ахметова, «Үздік архивист» номинациясымен сарқандық Жанна Унерханова,  «Үлгілі қызметкер» номинациясымен алакөлдік Бақытгүл Тілеуова марапатталып, әрқайсысы 300 мың теңгелік сертификат еншіледі.

Арда БИ