Тарих – күллі ғылымның атасы

Уақыты: 14.01.2024
Оқылды: 880
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тоғыз шашақты найзасын ұлы орданың кең төріне қадап, шаңырақпен шендестіре ақ туын тұғырға қондырған қағанның салтанатты билігі дүркіреген тұста елі ешкімге есе жібермепті. Төңкерілген кеседей тұяғының ізін апайтөс алып құрлыққа мөрлеген баһадүрлер ұрқы ғасырлар парағы судыраған соң ғана тізгін ұшын тиянақтай алмаған. Ұлы қағанат қабырғасын қаһармандықпен қалаған жаужүрек жұрттың бөлінісі, таққа таласы, «ит басына іркіт төгілген» барақатты шақтан безінгендей болғаны кейінгі ұрпаққа зор зардабын алып келгені несі? Қағанаттан кейінгі Алтын Орда, Ақ Орда сынды хандық кезеңдер мен түркі жұртының дара түтін түтеткені еркіндікпен енші бөлу емес, түбі – бодандыққа бетбұрысы болғаны ма, қалай? Мұнша мехнаттың негізгі салдары баба ерлігін, батыр өрлігін ұмытуға алып барса, кедейдің көрпесіндей қиынды-қиынды тарихты қиюластыратын бүгінгі тарихшылар мен ғалымдар қайда қарап отыр?! Күллі түркіні былай қойғанда  бір қазақтың шерлі шежіресі мен тұманды тарихын жарыққа шығарайын деп күш біріктірудің орнына  білімсіздікке басып: «ананың бабасы, Ұлы жүздің тарихы, Орта не Кіші жүздің тарихы» деп тоңтеріс мінез көрсетеді. Қала берді, «ондай тұлға тарихта болмаған» деп көк езуін көпіртетінін қайтерсің?!

Бар ғұмырын «Қалам және оның жазуына серт!» деген Құран аятындағы қасиетті сөзбен өргендей, қазақ проза жанрында терсіңді еңбек еткен халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ осылай деп мұң шегеді. Шамырқанып-шамданады. «Тарихты бұрмалау – өтіріктің бір түрі, тіпті, жаманы. Бұл – мемлекетке жасалған ең үлкен опасыздық!» – деп кіжінеді. 

Саналы ғұмырында салалы саусағынан қасиетті қаламын сусытпаған жазушының жүрек сөзін, жан лебін, толғамы мен парасат-пайымының алтын зерін айшықтап, жазып алуға үйіне барғанбыз. Күні бұрын келісілген уақытта межелі жерге жетіп, алып Алматының кең кеудесіндегі «Көктем-3» шағынауданындағы баспанасына енгенде жылышырай танытқан классик жазушы бірден жазу бөлмесіне бағыт алды. Қазақтың кемеңгерлерінің шығармасы мен түркі халқының, оның ішінде қазақ тарихын арқалаған кітап сөрелері бел бермей, бетке жылы лебін бүріккендей көрінді. Қағаз иісі аңқыған бөлменің шабыт шақырар киесі бардай біртүрлі тебіреніп сала бердік.

–  «Томирис» фильмін көрдім. Мен оның алдында Анахарсиске байланысты Геродотты, Лукианды, жалпы гректің оқымыстыларының еңбектерін оқығанмын. Бұлар 700 жыл бойы біздің Арыс бабамызды зерттеген ғой, – деп хал-жағдай сұрасқаннан кейінгі сөзін бірден тарихқа бұрған жазушы жүзімізге ойлы көзбен қарап алды да сөзін жалғастыра жөнелді. Қойнауы құт әдебиетке өзінің қазынасын қотарған Бексұлтан Нұржеке-ұлы «Томирис» фильмі қойылуы, көркем туынды ретінде түсірілуі жақсы болғанымен түпкі негізі өтірік дейді. Өйткені мұнда тарихи ақпарлар бұрмаланыпты. Кир әскерінің күйреуі мен Тұмар ханшайымның жеңіске жетуі аралығындағы тарихи оқиғада көп штрих жатыр. Мұнда (фильмде) алдымен күйеуі мен баласын ертіп Кирге қарсы тұрған Томирис бейнесі қылаң береді. Ал Геродот жазбасында ері өлген Томиристің таққа отырғаны, баласының қолбасшы болып Кир әскерін тойтарғаны, той қылғаны жазылған екен.

– Тарихты негізгі тамырынан ажыратпай, шындығын бүркелемей әдемі күйінде айтуымыз керек қой. Біздің дәуірімізден V ғасыр бұрын Геродот осылай деп жазған. Демек, біздің ең басқы тарихымызды жазған – Геродот. Қай халықтың тарихын Геродот жазыпты?Біздің скифтерді шытқа бедерледі, қағазға түсірді! Скифтер сол кездері мысырлықтармен соғысқан. Ал әлем тарихшылары «Ең алғашқы адам Қытайда, Мысырда пайда болған» дейді. Қазақ неге пайда болмаған?.. Сақ, Анарыс бабамыз тұрса, – деп түпкі тұнығымызға лайықтырылған тастан лайлана бастаған арналарды мөлдірету бүгінгі тарихшылардың ісі екенін айтады. – Біздікілер орыс тарихшылары не айтса, соны құптайды. Олай болмауы керек, тарихшы түрен салуы, өз халқының тарихын әріден зерттеуі қажет. Түптеп келгенде шерлі шежіреміз әріден басталады, оны мына жақта қытай, ана жақта грек жазып отырған. Тарих күллі ғылымның атасы болғандықтан соқашыдай тыңнан түрен салуымыз керек. Біз «түрік-түрік» дейміз. Түріктен бұрын қазақ едік қой. Түрік қағанаты бергі 552 жылдың қысында құрылды. Қағанаттың басында Бумын қаған тұр дейміз, кейбірі Тұмын деп жазады. Бірақ түрік аталуымыз сол 552 жылдан басталады. Оғанға дейін біз ғұн, сақ, қазақ болып келгенбіз. Көрдіңіз бе? Тарих өзінің жүйесімен келсе әдемі құрылысты көзге елестетеді. Ал құрылысы бұзылса тарихтан береке кетеді. Одан кейін шежіреге сүйенуіміз керек. Шежіреде біздің Қадыр, Қалша деген бабаларымыз болған дейді. Мұны орыс тарихшыларының бәрі, Левшин, Крафттар көрсеткен! Мұның бәрін қайдан алды олар? Өзіміздің қазақ шалдарынан алып отыр ғой, – деп қаршадайынан ілім-ғылым, әдебиетке зер салып, көз майын тауысқан жазушы таңдайға бал салғандай тамсанып алды. «Көз майы» демекші, бүгінде жанары бұлдырап, үлкейтілген шрифтпен жазылған жазбасын әрең-әрең оқымаса қалыпты дүниені ажырата алмайтын күйге түскен Бексұлтан Нұржекеұлы әлі де ұрпаққа көп мұра қалдырсам деп тынбай еңбектеніп жүр. Бүгінде 10-20 жас аралығындағы оқырманға адам мүшесін, жануар табиғатын, малдың қанша мүшеге бөлініп, қанша табақ тартылатынына дейін жазып қалдыруды ойлап жүргенін айтып қалды. «Адамда қарын болмайды, қарын деп жүргені асқазан екен. Тобық деп жүргеніміз – толарсақ. «Толарсақтан қан кешті» деген сөз содан қалған. Тобық тізенің көзінде екен. Мұны Дулат (Исабеков), Кәдірбектерге (Сегізбайұлы) айтсам, таң-тамаша болып күледі, қайран қалады», – дейді жазушы. Хош, бұлдырап көрсететін ғұмыр айнасынан бір тамшы жас байқаған біз тебіреніп кеттік. Тарих деп жыларман болғандай әсер қалдырды. Қадыр, Қалшадан бергі шежірені Алаш, Жайыл, Қазақ, қазақтан Анарыс бабамызды тарқатып, бұл Сақ дәуіріндегі жылнамалы-тауарихты термелеген жазушы Арыстың 6 баласы болғанын, Тәңіртауды мекен еткенін айтады. Тоқсары деген бауыры Грекияға барып дәрігерлік ілімді меңгергеніне дейін Геродот жазғанын айта келіп, бүгінгілердің анда мекен етті, мынанша жылы туылды, ана кезеңде дүние салды дегеніне қаратып: «Тұлғаның туған-өлген жылын жазу тарих болмайды, бұл – хронология», – дейді. 

– Міне, біздің тарих осылай жүйемен жазылуы керек. Ал қазіргі тарих деп жүргеніміз ыршып, секіріп кеткен дүниелер. Түркінің арғы жағындағы қазақтың бастауына неге бармаймыз? Мен шумерлердің сөзін жазып алдым. Бәрі түріктің сөзі. Адам таңғалады. Осы күнге дейін пайдаланамыз. Сақтар біздің дәуірімізге дейінгі VI-VII ғасыр десек, шумерлер ар жағы ғой. Қазір ХХІ ғасыр, арғыдағы 1000 жылды тағы қоссақ тура 30 ғасыр болады. Осы аралықта өзгермеген неткен сөз? Геродоттың жазбасында «арқан», «ер», «опат» деген 3 сөз жүр. Орыстар да «арқанды» «аркан» деп аударған. Мұны неге зерттемейміз? Біз, тіпті, кешегі «Алтын адамды» нақты зерттемедік. «Сақ!» дей саламыз. Болжам, тұжырым жасай саламыз. Зерттеп келсе Есіктен табылған Алтын адам Үйсін қағанатына тиесілі. Үйсін дегеніміз біздің заманға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің заманымыздағы V ғасыр аралығын қамтитын мемлекет. Бұл жерде Елсау бабамыз баласымен жерленген, – деп тарихшылардың немкетті пікірі мен енжар жұмысына күйінеді. 

 ҰСЫНЫС

Бексұлтан Нұржеке-ұлы:

Жетісудың аса танымал азаматтарының бірі – қылқалам шебері Әбілхан Қастеев. Биыл тұлғаның 120 жылдық мерейтойы. Осыған орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мырзаға жаркенттік жұртшылық атынан бір тілегімді айтқым келеді. Жаркент қаласына кіреберістегі Жібек жолы көшесін Әбілхан Қастеев атына ауыстырып, шаһардың елеусіз жеріндегі Әбілхан көшесіне «Жібек жолы» атауын берсе деген ниетім бар. Бұл көптен айтылып келе жатқан сөз еді. Қос көшенің атауын ауыстыру, Жаркенттің бас көшесіне қылқалам шеберінің есімін беру биылғы 120 жылдық мерейтойға деген үлкен тарту болар еді...


Тарихтың тамыр-тамырына қан жүгірткендей, тауарихты ретімен баяндаған жазушы үлкен бір кітапты парақтағандай тізбелегенде зейін-зердесінің тереңдігіне, мықтылығына таңданыс білдірдік. Сеңгірлі сексен жасқа таяп қалған классик бір сөзден мүдірмейді. Бір тарихи штрихты, детальді қалыс қалдырмайды. Кеңес өкіметінің кері кеткен саясатының салдарынан Ахмет Байтұрсынұлы сынды саңлақтардың соңына ит қосқан қазақтың көреалмаушылық, іштарлығына кіжінеді. Бой өсіп, атақ-абыройы терсіңді еңбегінің арқасында аспандап бара жатқан адамды саяси орға жығып салған кешегі жүйе бүгінде қалтқысыз жұмыс істеп тұрғанын жасырмайды. Соның нәтижесінде өзі өсірген ғалымнан, шәкіртінен сатқындық көрген Ахаңдардың: 

«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны,
Маған қиын осылардың бəрінен,

Өз ауылыңның иттері үріп-қапқаны...» дегенін айтып, атылып кеткен, артынан ақталған арыстың еңбегі әлі де тіл айналымына енбей жатқанына қарап, қазіргі ғалымдарға ренжитінін де атаусыз қалдырмады.

– Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі әлі еленген жоқ. Баяғы орыс емілесімен келе жатырмыз. Ахаңның емілесінде ұзын «и», «ұ» жоқ. Оны кейін жасадық, төмен жағын түртіп. Бірақ мұны да іске асырмадық. Орыстың у-ымен, орыстың и-імен әлі келе жатырмыз. Мен осыны жазсам Тіл білімі институтының мәдениет бөлімінің меңгерушісі: «Әркім тілге өз тәжірибесін енгізбеуі керек» депті. «Өз тәжірибесі» дейді, Ахмет Байтұрсынұлының кім екенін танымайды. Мен Ахаңның емілесін бұзбай жазамын, ескерту беремін және соны танымай отыр. Тіл табиғаты бұзылмауы керек. Тіл табиғаты дегеніміз айтылу, естілу ғой әуелі, жазылу емес. Мәселен,  «Сыйыр сыйпағанды білмес, жаман сыйлағанды білмес» дегенде біз «сиыр сипағанды білмес» деп жазамыз. Буын бұзылып тұр. Теледидарды қосып қалсаң: «Бүгін біздің ауылда» деп алғашқы буындарға екпін түсіріп жатады. Ал Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ тілінің буын екпіні сөздің аяғындағы не соған жақын буынға түседі» дейді. Үндестік заңын елемейміз. «Үндестік заңы қазақ тілінің негізгі әрі қасиетті заңы» дейді Хәлел Досмұхаметов. Бұл кісі Ахаңмен негіздес болған, екеуі бір ілім жөнінен. Екеуі сол үшін «халық жауы» болды, – дей келе ел жақсысын елемейтін, еңбегін айналымға түсірмейтін жаман әдет бізде әлі сақталғанын айтады. 

Бексұлтан Нұржекеұлы бұл ойын Қазыбек бек Тауасарұлын теріске шығарып, ондай тұлға тарихта болмаған дегендермен байланыстырады. Жазушы бұл орайда Үсен деген рулас атасы 1912 жылы 22 маусымда Үйгентастың белінде болыс сайланғанын, мұны мұрағаттан қарап, тарихи құжатты жазып алғанын айтады. Салқам Жәңгір жерленген саз Үсен болыс атауымен аталғанын, мұнда үш саз барын, сол Үсеннің Анарбек, Әбдібек, Әбіләкім деген 3 ұлы мен Алтын атты қызы болғанын, соғыстан жараланып келген Анарбек Маржан деген Қазыбек бек Тауасарұлының ұрпағына үйленгенін, екеуі отау құрып келгенде Бексұлтанның атасы ескі салтпен отқа шақырғанын жеткізді. Осыларды көріп Қазыбектің ұрпағы Ораз Жандосов, облысты басқарған бұрынғы әкім Аңсар Мұсахановтар екенін біліп отырып, Қазыбекті теріске шығару ақылға сыймайтынына күйінеді. 

– Қабдеш Жұмәділов: «Мұндай адам бар болса, Сүйінбай мен Жамбыл неге жырламаған?» дейді. Екеуі де жырлаған. Жырларын оқып, Маржан жеңгені көзбен көріп тұрып мен неге тұлғаға араша түспейді екенмін? Оны былай қойғанда «Қожаберген жырау болмаған, оның ұрпағы Сегізсері мүлдем жоқ адам» деуді неге жатқызамыз? Біреудің атасын теріске шығарудың түпкі төркінін тексіздік деймін мен! Өз ата-бабасын түгендей алмай жүріп біреудің бабасын теріске шығаруға бола ма? Ал енді Мәшһүр Жүсіп деген әулиеміз өтті өмірден. Ол 16-17-18-томдарында Қожаберген жырау, Сегізсері туралы айтады. Қожабергеннің қолбасшы әрі ақын болғанын, 100 жасағанын жазады. Сегізсеріні де айшықтап, «Ғайни сұлуға арналған өлеңі, мынау енді үйленемін деп кетіп бара жатқанда Мақпал сұлуға арнағаны» деп тұрып көрсетеді. Бұлар Қаратай Биғожинов өтірік айтады десе де, арғыда жазған Мәшһүр Жүсіпке неге иланбайды, неге келеке етеді? Мәшһүрді келеке ету, Қазыбек бек, Қожаберген, Сегізсерілерді тарихта болмаған деу, Абайды Алаш арыстары қолдан жасаған деп көку – ұлы елдің құндылығына тас атумен бірдей. Бұл ауыр күнә! – дейді алыптар шоғырына араша түскен жазушы. Қызылжарға барғанда Сегізсерінің ұрпағымен сөйлескенін, «Аға, атамыз жоқ болса біз қайдан шықтық?» деуі жанды қинайтынын айтады. Ақтөбеліктер жоқ деген адамға қызылжарлықтар ас беріп, бейітіне Құран оқығанын, бұл дерттен арылмасақ түгел тұлға тұнығына тас атудан опа таппайтынымызды жеткізеді.

Рас, жазушының айтқан батпан-батпан сөздерін біз жұмсақтап беріп отырмыз. Салмақты ойларын саралап алғымыз келсе де жанды қинаған өткір-өткір мысалдарын өңменімізге қадап алғандай қынжылдық.  Қазақтың кертартпалығы, қоғамның келеңсіздігі, ел зиялыларының әртарапқа қарап сөз саптауы, ынтымақ-бірліктің жоқтығына жазушы іштей күйінеді. Тарихтың шымыр-шымыр шындығын бүркеп келе жатқанымызды, руға, жүзге бөлінгенімізді, соның салдарынан Алаштың тұтас тарихын бір жүйеге келтіріп, бір сүрдекке түсіре алмай жатқанымызды жыр қылады. Ерлік пен өрлікті қағазға түсірер шақта, көркем әдебиет негізінде қалыптастырар тұста тарихшылар институты да, министрлік те ел мүддесіне келетін еңбекке барып жатпағанын ашық айтты. Сөйтіп толғана келе кейіпкеріміз көркем әдебиет, тарих деген егіз екенін, екеуі де тарихи шындық негізінде дәлелмен жазылу керектігін, өз шығармасын ақтап алу жолында рудың емес, ұлттың ұлы болуды мұрат етсе ғой бүгінгілер деп армандайды.

Тауанды тарихтың тұрлаусыз күйге түсуіне кім кінәлі?! Ерлік пен өрлікті жастарға үлгі ету, отаншылдыққа баулу үшін Орбұлақ, Аңырақай, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама сынды ірі шайқастарды, тарихи маңызы жоғары дүниелерді жиі насихаттау керек. Мемлекет бұл жағынан енжарлыққа басқан. Министрліктегілер есеп беруден арыға бара алмай жүр. Жанарын терезеге қадап тұрып осылай деген Бексұлтан Нұржеке-ұлы саясаттың да солқылдақ тұстарын атады. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Конституция құрылғанда бізде үш меншік: мемлекеттік, қоғамдық акционерлік және жекеменшік болады делінген. Қазір үшеуі үш таған ретінде мемлекеттің экономикасына, халықтың әл-ауқатына қызмет етуде дегенге кім сенеді? Жол, электр көздері, әуежай қатынасы секілді дүниенің бәрі мемлекеттікі, яғни халықтыкі болуы керек қой. Кезінде бәрін жекеменшікке беріп жіберген. Жекеменшік болған соң біреуі салығын төлейді, екіншісі төлемейді. Соның салдарынан 162 адам байып, байығанда да жиғанын шірітіп алғандай шірене байып кетті. Солар салықты толық төлеп отырды деп ойлайсыз ба? Мемлекет уақытында тек солардың ғана қолында болғандай көрінді. Бүгінгі  Жаңа Қазақстан деп жүргеніміз сол тойымсыз жемқорлардың ағаттығын түзеумен, есепсіз қаржысын мемлекетке қайтарумен шұғылдануда. Дұрыс! Дегенмен жалпыхалықтық мінезді, жоғарыдағылардың пиғылын өзгерту үшін бізге әділеттілік керек. Оны біз қайдан аламыз? Әрине, нақтылы істен, бірегей жоспардан, халықтық болмыс пен тарихи тұлғалардың адами қасиетінен, дәстүр, әдебиет, тарих, сосын ұлттық мінезден дарытпаймыз ба бойға? Ендеше, біз әдемі сөйлеуден, елге жасайтын дүниені ұрандаудан арылуымыз қажет, – дейді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Тұлғаның толғамын таспаға басқан сұхбаттың ортасында есік қоңырауы шылдырлап, минут өтпестен ішке бастауышта оқитын бала кіріп келді. Бексұлтан Нұржеке-ұлының немересі екен. Әдемілеп бастырған мұртын балапанының маңдайына тигізіп тұрып емірене сүйген атасы бүкіл ғұмырдағы еңбек ел үшін, ұрпақ үшін жасалатынын тілге тиек етті. Жазылған том-том роман, кесек-кесек повестер ұлттық мінезді, мемлекеттің сол кездегі жай-күйін, қоғамның үдерісін танытатынын, оның бәрі ұрпақ үшін аса қажетті құнды құжат іспетті екенін атады. Дәуір соқпағындағы, ғасыр сүрлеуіндегі әр ізді айшықтап, ұлылар мұрасын келешекке жалғау үшін терсіңді еңбек етудің өтеуін болашақ беретінін, алайда оған мемлекет тарапынан қолдау болмаса қоламтаның шоғы күлгін тартып күлге айналатынын тілге тиек етті. Бүгінде асылды айшықтаудың орнына «ананың бабасы», «мынаның данасы» деп жікшілдікке бөлінуден қатерлі індет жоғын салмақтады. Осылайша толғана келе бір ғана Қазыбек бек Тауасарұлының тұлғалық болмысына күйе жағуға тырысқан ақтөбелік Мырзан Кенжебайдың «Үйсіндер бірлесе отырып жазған кітап» деуі, Қабдеш Жұмәділдің үлкен жазушы бола тұра «Бексұлтанның қолдан құрастырғаны» деуінде негіз жоқтығын айшықтады. 

– Ата бабаны теріске шығаруға, тарихты әдеби, тарихи деп бөлуге болмайды. Бәрі де бір тарих. Ал Мырзанға барып Кенжебай, Қабдешке барып Жұмаділ деген кісі өмірде болмаған десең қалай қабылдар еді. Саған, әй, Асыл Сұлтанғазы деген мүлдем болмаған кісі ғой десем не ойлайсың? – деп жымиды жазушы. Толқын-толқын тарихтың теңізін сапырған қаламгер Шыңғысханның туған жері, Жетісу тарихы мен географиялық жағдайы қытай тарихшыларының жазбаларымен дәлме-дәл келетінін де қалыс қалдырмады. (Шыңғысхан және туған жері тақырыбындағы жазушының толғамы бір сұхбатқа жүк болған соң кейін оқырманға бөлек ұсынуды жөн санадық). Осылайша тебіренген жазушы сұхбатының соңында Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевқа үлкен өтініші барын, оны айшықтап көрсетіп беруін де өтінді. Оның қаламгердің өтініші бойынша ойып беруді де жөн санадық.

Хош, аттай 2 сағатқа созылған сұхбаттан біз көп дүние түйдік. Жазушының жан дертін, арманы мен аңсарын сезіндік. Грек тарихшыларынан тартып, қытай ғұламаларының, арғы-бергідегі қазақ тарихына қалам тартқан зерттеушілердің, Шоқан Уәлиханов бастаған қазақ ғұламаларының мұрасынан мейлінше көп дерек келтірген қаламгердің бар арманы қазақ тарихы түп бастауынан бастап әдемі күйінде басылып шықса, ел танымы бабалар ұстанымы мен құндылығына сай кеңейсе деген ойға ойысатынын аңғардық. «Ол үшін біздің тарихшылар тыңнан түрен салса, білімін кеңейтсе ғой» – дейді тағы. «Әрбір сөзді қалыс қалдырмай, толғамымды толықтай бер» деген жазушының аманатының бір бөлшегін кейінге қалдырғанымызбен сол сәтте сұхбатты тамамдап, халық жазушысының мәңгілік музасына айналған Айзаш апамыздың дастарқанынан дәм татып, аттанып кеткен едік...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ