Талдықорғанда «Әнмен атқан таңдар-ай» атты ән-кеші өтті

Уақыты: 19.01.2024
Оқылды: 772
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының «Әнмен атқан таңдар-ай» атты ән-кеші өтті. Дәстүрлі әншілердің концерті көптің көңілін көкке жеткізіп, жиналған жұрт ескі әнге шөлін қандырды. Театрдың төріндегі думан ескіліктен жаңалық жасап, есті дүниені еске салды.

Театрландырылған концерт мюзикл жанрымен әрленіп, қазақы бояуды қанықтырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып атты қастерлі ұғымды ұлықтады. Ән-жырмен өрнектелген концерт көрерменнің дәстүрлі әнге деген сағынышын басып, жансарайын тербеді.

Сахнадағы көріністің мазмұны да бөлек. Қыз-жігіттердің ән-биімен бастау алған кеш серілер мен хас сұлулардың айтысымен жалғасын тапты. Махаббатқа масайған жастардың бір-біріне деген сезімін ән арқылы сездіріп, жүректеріне жол салды. Нұрғиса Тілендиев, Әбілхат Еспаев, Дәнеш Рақышев сынды қазақтың бағына біткен алыптардың туындысы мен қырғыздың композиторы Аалы Токомбаевтың әндері кезек-кезек орындалып, кештің көркін қыздырды. Көз алмай тыңдаған халық та сахна емес, құдды солармен бірге жүргендей сезім кешті. Жанды дауыста айтылған әуезді ән, домбыраның көмейінен төгілген көркем күй, қыпша белді арулар билеген би, бәрі-бәрі ұйықтап жатқан сананы сілкіп оятып, көкірек көзін ашты. Ата салтымызбен шашылған шашу да бала біткеннің қуанышты күлкісіне куә қылды.

Аталмыш кеште ҚР Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Мұсаев, Сая Есенгелдинова, Арафат Ысқақов, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Хармысов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков, Құралай Шаяхметова, Азамат Үмбетов, Эльмира Дәуренбекова сынды саз өнерінің саңлақтары әуелете ән шырқап, арасында сахналанған эпизодтық қойылым арқылы көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Сондай-ақ, аудандардан келген Абылай Қожақов, Нұржан Батбақбаев, Заманбек Болатбекұлы, Еділ Исағұлов, Қайрат Мұқажанов сынды өнерпаздар ән-шашуын тарту етіп, кештің сәнін кіргізді. Думанды кештің шымылдығын   «Тойбазар» әнімен жапқан өнерпаздар халықтың қошеметіне бөленді.

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай