Жан арнасы һәм жүрек тәрбиесі

Уақыты: 25.01.2024
Оқылды: 640
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасымхан Бегмановтың жанкешті еңбегімен кітап болып хатталған жазбаларды оқып отырып сан мәрте таңданғанымыз бар. Дәстүр, құндылық, ғылым мен тарих, діни ұстаным жөніндегі сырлы сұхбаттар адам танымын кеңейте түседі. Біз барынша қазақы құндылықтың насихатталмай жатқан тұсын, оқырманға жетуі керек деген жерін ойып алып олжа етіп жүргенімізбен  кейбір тұсқа келгенде бөгесінге тап боламыз. Ол қандай бөгесін? Әрине, діни тұрғыдағы пікір-пайымдар. Ашық жазайын десең, діни ахуал дерт секілді көрінген бүгінгі таңда бір нәрсені емексіткендей көрініп қалудан сақтанасың да амалсыз бой тартасың. Дегенмен, біз дәстүр мен дінін қабыстырған, бір арнаға тоғыстырған бабаларымыздың құндылығынан қашпауымыз керек. 

Тақырып етсе тартысқа түсетін діннен өзімізді алшақтата алмаймыз. Бірақ құндылықты шектейтін ұстанымды бабаларымыз ата жолы тұтпағаны анық. Біз де осы тұрғыдан алып қарағанда дін мен дәстүрдің ажырағысыз арналы һәм мөлдір дүние екенін байқаймыз. Бұл туралы Қ. Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығында жеткілікті дәрежеде айтылған. Ғалымдар мен этнографтардың толғамдарында ашық көрсетілген. Соның бірі – жазушы-дәрігер, фантаст, драматург, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Совет-Хан Ғаббасовтың пікірлері. Аталған жазушы жан тұрғысында ерекше байламдарға барады. Оның тәрбиесі жөнінде да ерекше пікір айтқан.

Жалпы, адам баласы жанды қаншаға бөледі? Жан деген кәдімгі жан емес пе деп ойлап келген пенденің бірі екенімізді жасыра алмаймыз. Адам жан мен тәннен тұратыны, тән – бас, бас мүшелері, қол, дене, дене мүшелері, аяқ секілді сан мүшеге бөлінетінін білеміз. Ал жан ше? Совет-Хан Ғаббасовтың айтуына қарағанда, жанның он екі арнасы бар екен. Оны профессор: «Жанның он екі мүшесі (оны мен Арна деп атадым) – түйсік, сүю, ұят, мінез, табиғи қабілет, зерде (жады), жігер және ішкі бес сезім. Адамның кереметтігі сол, мәселен, маңдайдағы көзден ғана емес, ішкі бес сезімнің бірі – жанның көкірек көзінде екені анықталды», – дейді. Сонымен қатар қазіргі таңда ішкі бес сезімсіз туып жатқан балалардың барын айтып, мұны «сұмдық» деп атайды.

Хош, тәніміз сан мүшеге бөлінетіні секілді, жан да он екі арнаға, яғни, мүшеге бөлінетінін білдік. Бұл жерде күмән келтіруіміз, олай емес шығар деуіміздің қажеті шамалы. Ғалым адам айтты, негізге сүйенген болар?!  Одан кейінгі пікіріне назар аударайық: «2015 жылғы статистикаға қарасам, мен медицинаға келгенде аурудың түрі 150-дей ғана болатын, Өтейбойдақтың заманында 25-ақ түрі болған. Қазір 1700 түрі бар екен. Ең қиыны, дәрігерлікке мен келген уақытта баланың функционалды ауруы өз алдына, ал ағзадағы мүшенің (жүректің, бауырдың, бүйректің) жұмыс жасамауы 0,2-0,1 пайыз ғана болатын. Ал қазір 46-47 пайыз» дей келе мұны қанша емдеп, ота жасаса да түгел қалпына келе алмайтындығын ескертеді. 

Профессордың айтқан уақытынан бері де бірталай жыл өтті. Күнделікті тұтынатын азық-түлік, қоспасы белгісіз тағамдардың салдарынан, экологиялық жағдайларға байланысты ауру түрі де ұлғайған шығар?! Алайда оны парықтап жатуға шама мен шарқымыз жетсе де жазар циклді дүниенің көлемінен асырмауды шарт еткенбіз. Сондықтан бірден С. Ғаббасовтың бүкіл жер бетінде адамзаттың азып бара жатқанын айтып,  тәннен бөлек жан мен рух тәрбиесі жоқтығын айтқанын да қаперге алған жөн. «Бүкіл әлемде, қоғамда – Рух тәрбиесі жоқ!», – деп шырылдаған кейіпкеріміз негізгі рухтың тәрбиесі ананың құрсағынан басталатындығын да тілге тиек етеді.

Ұлттық идеологияның қажеттілігі кемістікті түзету үшін керек екенін айтқан жазушы, драматург, медицина ғылымдарының докторы Совет-Хан аталған тәрбиеге байланысты 1991 жылы «Ізігілік әліппесі», монография мен оқулық (жалпы саны 4 кітап) жазғанын тілге тиек ете келе: «Бала құрсаққа түспей тұрып жанды тазалау – мінәжат арқылы келеді. Мінәжат ету арқылы жанның мүшелерін – түйсік, ұят, мінез, сүю, табиғи қабілет, зерде, жігер, ішкі бес сезімді күнделікті тазалауға үйренуіміз керек. Шынайы мінәжет еткен адам ешқашан әбестік іске бара алмайды», – дейді. 

Бұл тұрғыда біраз ізденіске түскеніміз де жасырын емес. Өйткені «мінәжет» сөзін бүгінгі таңда құлшылық деп, құлшылықты тек намаз, ораза секілді 5 парызбен шектеп жататындар да бар. Әрине, бұл мінәжат ұғымын белгілі бір шеңберден асырмайтын дүние секілді көрінеді. Совет-Хан Ғаббасов өзінің намаз оқымағанын, түнде һәм азанда мінәжат етіп елі мен жеріне, отбасына, жан басына амандық тілейтінін айтады. «Мен осылай мінәжат қыламын», – дейді тағы.  Яғни, мінәжат пікірлесу, рухпен сырласу, «ғайып ерен, қырық шілтен» дейтін тылсыммен, түптеп келгенде Тәңірмен тілдесу, одан қажетіңді сұрап, қалауыңды тілеудің бәрі мінәжат саналатынын ұғуға негіз бар. «Е, жасаған, жақсылығыңды төге гөр, қара бұлтты сөге гөр» дейтін ата-әжеміздің де тілеуқор тілі жан тәрбиесінің қалыпқа түскен көрінісі болса керек. Ақылы арна тапқан, рухани тұрғыда кемел болған бағзыдағылардың ахуалы бүгінгі қоғамдағылардан биік тұратыны содан да шығар, бәлкім? Өйткені, кешегі шал-кемпірлердің өзі дұғасын сауып, тілегін төгіп, күбірлеп болсын аузынан жасаған иесін тастамайтын. «Жан айнасын жаңартып» отыратын. Осы орайда әлемнің дін ғұламалары нәпсі тақырыбында сандаған кітап, том-том шығарма жазып, нәпсіні түрліше сыйпаттағанын, алайда бәрі сол теңеулерге қанағаттанбағанын еске түсірсек, Шал ақынның (Тілеуке Құлекеұлы):
Иман  – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері.
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері,
– деген бір ғана шумағын алға тартсақ, қазақтың данышпандығын тануға мойынсал боламыз. Ал бұл орайда жан арналарын тазартпай тән ауруын арқалап жүрген бүгінгі шақта Исламның кемел, дәстүрдің ұлы құндылық екенін мойындауымыз да керек. Дін мен дәстүрді осылайша бір арнаға тоғыстырғанда ғана ата жолы жалғанып, құндылығымыз ғасырларға шеру тарта бермек. Бұл орайда да «Мен сендерді ұлт пен ұлыстарға бөлдім» деген Алла сөзін, Құран аятын қаперде ұстап, қазақтың дәстүрі, мінәжаты ұлттық тұрғыдағы рухани кемелдіктің, құлшылықтың өзіне тән жоралғысы екенін де аңдауға негіз бар деп тұжырымдаймыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: cand-orel.livejournal.com