ҚЫРАН ҚҰС НЕ АЛМАЙДЫ, САЛСА БАПТАП

Уақыты: 28.01.2024
Оқылды: 826
Бөлім: РУХАНИЯТ

Құс баптап, саятшылық құру қазақтың қанына сіңген қастерлі өнер. Көшпенділер тіршілігі басталғаннан бері қаймағы бұзылмаған қалпымен жарасымды түрде жалғасын тауып келеді. Ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтын дәстүрді текелілік саятшылар кеңінен насихаттап жүр.

Текелі қаласында «Ұлы Дала дүбірі: текелілік саятшылар сайысы» атты ұлттық ойындар өтті. Шара V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттау, халқымыздың бойындағы ұлтжандылықты ояту мақсатында ұйымдастырылды.

Заман ілгерілеп, дүние дөңгелеген сайын құс ұшырып, тазы жүгіртетін, атқа мініп дала төсін дүбірге бөлейтін қазақтың саны бұл күні кемігені көпшілікке аян. Әйтсе де әлемге әйгіленіп, қала берді республика, өңір көлемінде  атын шығарып жүргендер бар.  Солардың бірі Иван Лавров. Өзге ұлт өкілі болса да қазақтың саятшылық өнерін жанына жақын тұтып, дәріптеп жүргендердің санатында. Иванның ителгі баптап жүргеніне 1 жыл болған. Ол жақында ғана бірнеше халықаралық байқауға қатысып, сұңқарының бабы мен бағын сынап көрді. Жас жігіттің Жебе атты ителгісі бар. Оның жемтігін жержастандырар сұңқар болуын қалайды. Ұлттық спортқа ден қойған жасты  «Жетісу саятшылары» федерациясының құсбегілері баулып жүр.

Мен әйгілі құсбегі болғым келеді. Бұл іспен айналысқаныма аз уақыт болса да біраз дүниені көкейіме түйдім. Келешекте құс спортының маманы атанып, оны дамытуды жоспарлап отырмын.  Құстан бөлек, қазіргі уақытта жылқыменде айналысып жүрмін. Бие санын арттырудамын.

Сайыс шымылдығын облыстық «Жетісу саятшылары» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Бүркітбай Файзолла түрді. Ақсақал ең алдымен шараны ұйымдастырушы қала әкімдігіне алғысын айтып, халық қастерлеген құсбегілік өнер жөніндегі жиған тәжрибесімен бөлісті. Көпшілік алдында ұлттық спорттың кеңінен насихатталуын қолдау керек деген пікірін білдірді. Аталған доданың ерекшелігі мен тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар жиында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ертай Дүйсебаев бата беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыс аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда ер-тоқым, жүген, ноқта, тартпа, кұйысқан, өмілдірік, қамшы секілді атәбзелдері мен томаға, тұғыр, балақбау, іргебау, биялай секілді құс әбзелдері халық назарына ұсынылды.

Қыран құстың тілін білетін құсбегілер баптаған 6 бүркіт қолға шақыру, шырға тарту, қоян және түлкіге салу кезеңдерінде қырағылығы мен бабын көрсетті.

Сайыс қорытындысында Ерке атты бүркітімен Әзен Шәймарданұлы 1-орын, Ақжелке атты бүркітімен Түсей Әбдікәрімұлы 2-орын және Айқабақ атты бүркітімен Жасұлан Бүркітбайұлы 3-орын иеленді.

Құмай тазылар жарысында Текелі қаласы және іргелес жатқан Сырымбет, Жетісу ауылдарынан 14 тазы бақ сынады. Қадырхан Әділбековтің Ұшары жеңімпаз атанса, 2-орын Бексұлтан Наухановтың Қыран атты тазысына, 3-орын Керілбек Баянның Ақтөс атты тазысына бұйырды.

Текелі қаласының әкімі Алмас Әділмен қалалық мәслихат төрағасы Бауыржан Тұғылбаев «Ұлы Дала дүбірі: саятшылар сайысы» ұлттық ойындарының жүлдегерлерін құттықтап,  оларға арнайы Диплом мен ақшалай сый-сияпат табыс етті.

Ат жарыстырып, бүркіт баптаған, құс ұшырып, құмай тазымен аң аулаған халқымыздың мәдениеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасса деген тілек көптің жүрегінде тұрары сөзсіз. Айта кетсек, биыл «Ұлы Дала дүбірі» ұранымен Астанада қыркүйек айында этникалық спорт түрлерінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды арнайы көрсетілімдер сайысы төрткүл дүниенің назарында болмақ.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: massaget.kz