ҰЛТТЫҚ УЫЗҒА ҚАНУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 03.02.2024
Оқылды: 911
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Үміт еткен көзімнің нұры балам» деп ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа би айтқандай, әр ата-ана баласына үлкен үміт артатыны рас. Үкілеп отырған ұл-қызын тәрбиелеуде әке мен шешенің еткен еңбегі ұшантеңіз. Алайда, біз ұлттық болмысымызды алға қойып, әр қазақ баласының жақсы білім алып, тәрбиеленуіне жалпы халық болып атсалысуымыз қажет. Бұл туралы «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы аясында айрықша айтылды.

Жобаның кезекті дәріскері Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай Талдықорған қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Шара барысында тебірене сөз сөйлеген Бейбіт Сарыбайдың айшықты ойларын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

 «Қазақ жастарының ертеңі қалай болмақ?» деген сауал төңірегінде кеңінен баяндаған жазушы:

 – Ата-ананың үмітін ақтау дегенді жалпы қазақ балалары өзіне алып берген материалдық дүниемен есептеп жатады. Бірақ, олар балаға берілуі керек қазақы тәрбие мен рухани мәдениеттілік, мейірімділік сынды нәрселерді ысырып қояды. Неліктен? – деп сауал тастаған Б. Сарыбай мұның себебін бүгінгі жастар өмірдің маңыздылығы мен мәнін  мансапқа тіреуінде деп тұжырды. Ары қарай еркін көсілген қаламгердің шымыр ойы оқушыларға ерекше әсер еткені анық.

– Көп жастың қазақша ойламауы, сөйлемеуі осы бір заманның ағысы ма дерсіз. Бүгінгі күні балаларда талғам жоқ. Ал талғамның жоқтығы танымның кемдігі десек қате айтқанымыз емес. Оны «Instagram»-мен «TikTok»-та отырып алып, 1 сағатта 60 түрлі reels көріп, 1 кітап оқып немесе пайдаға асатын жұмыс істеудің орнына тектен-текке уақытын өлтіретіндерге қарап айта аламыз. Жалпы адамзат әр нәрсеге ден қоя қарай білсе, өзіне керек мағлұматты ғана санаға сақтап, бойына сіңіреді. Түкке тұрғысыз бейнежазбалар мен талғамсыз тыңдалған музыка адамның ойын да, бойын да улайды.

Ата-ана үшін баласының білім алып, жақсы адам болғаны ғана маңызды. Өйткені, мына заманда күш пен істің емес, білімнің арқасында өзіңді дәлелдей аласың. Өсіріп, баққан ата-анаға мектеп қабырғасында жетістігіңді ғана көрсеткің келеді, оларға тіл тигізбейін деп тәртіпті болып, жаман атты қылдырмауға тырысасың. Әке-шешеңе мақтау ғана естіртуді балаң кеуденің асқақ мұраты санайсың. Одан кейін 4 жыл студент болып, бөлек кеткенде жеке өмір сүре бастайсың. Ал үйленгенде өздеріңдей жастар толысқан адам есебінде бүкіл өмірін баласының тәрбиесіне арнайды. «Балам жақсы болса, аш қалмаса,  мұздамай, жылы жүрсе екен» деп барлық жақсыны баласының алдына тосады. Баласы бақытты болса олар да сол күйді кешеді. Сендер бәрің ата-ананың үмітісіңдер. Өздерің де болашақта ата-ана боларсыңдар. Үмітті ақтау деген не? Ол еңбектің жануы. Сендердің жақсы адам болғандарың сол еңбектің ақталғаны. Әке-шешем мені бағып, қақты мен соны өтеуім керек деген нәрсе емес. Егер ешкімге қиянат жасамайтын адал азамат болсаң, күніне болмаса да, аптасына бір адамға шарапатың тисе мәпелеп өсірген ата-ананың үмітінің ақталып, еңбегінің жанғаны.  Мысалы, осы күнге дейін әке-шешең саған 30 млн. теңге жұмсады делік. Айфон ұстатты, оқытты, киіндіріп, тамағыңды алып берді. Соның есебінде сен оқуға түсіп жақсы маман болдың, адамгершілікті ар тұтқан азамат ретінде қалыптастың. Бұл ата-ана үшін үлкен мерей. Олар үшін осының өзі жеткілікті. Сол қыруар қаражатты, маңдай терінің өтемін белгілі мөлшерде қайтарғандай боласың. Сол себепті өмірдегі ең маңызды нәрсе­ – жақсы адам болу. Адам әртүрлі ойлайды. Біреу прокурор, сот төрағасы, әкім, тіпті, елге сөзі өтімді журналист болмауы мүмкін. Оған қол жеткізу қиын шығар, алайда өмірдің мәні маман емес, адам болу керегін ұққандарыңыз абзал.

Қазір әлеуметтік желілердің қаптаған заманы болды ғой. Ол жерде саған тіптен керексіз ақпарат бар. Қысқа-қысқа видеоны көру бізге түк емес. Қарапайым флешканы алсақ, одан біз кез келген керексіз ақпаратты өшіре аламыз. Ал мидағы ақпаратты өшіру мүмкін емес. Сол себептен жадымызды пайдасыз дүниемен толтырудамыз. Адам өміріне пайдасыз ақпараттың залалдан басқа тигізер септігі жоқ. Сондықтан сананы сергек, тұнық ұстау керек. Ал адам ойының терең, өресінің биік болуына қалыптасқан құндылықтар мол мүмкіндік ашады. Мәселен ол құндылыққа жақсы кітап оқып, өнеге берер өмірден алынған кино көруді жатқызуға болады. Әсерлі, әуезді, сөзі мен сазы келіскен музыканы да осы санатқа телиміз. Алайда қазіргі жастар арасында кітап оқып, кино көретін, ән тыңдайтындар бар дегенімізбен, олар талғамға иек сүйей ме? «Кетті, лақты ол тыңдамай» деген мәтіні бар пайдасыз әннің адам руханиятына алып келер ешқандай пайдасы жоқ. Бабалардың асқақ арманын, мұратын безге жеткізген жалынды, рухты әндер, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сынды ұлы сазгерлердің, бүгінгі ән өзі мен әуезіне қатар мән беретін композиторлардың туындыларын, классик жазушылардың кітабын, сақа режиссерлердің киноларын көрген дұрыс. Не істесеңіздер де алдымен ұлттық уызға жаруды көздеп,  классикалық, дәстүрлі дүниелерді мейлінше тыңдап, оқып өскендеріңіз дұрыс. Сонда ғана адамгершілік өресінен төбе көрсетер өрен бола аласыздар...

P.S.  Бүгінге дейін қазақ әдебиетінің қамбасына мөлдір шығармалар ұсынған жазушы Бейбіт Сарыбай кездесуде осылай деп тебіренді. Оқушылармен жас дос ретінде еркін пікірлесті. Сауалдарына салмақты жауап қатты. Біз қаламгердің негізгі ойының мысқалдай мысалын ғана осылайша айшықтап өткенімізді айта кеткен абзал.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: urker.kazgazeta.kz