Күзгі кеш

Уақыты: 05.03.2024
Оқылды: 1367
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күн қызарып батыс жаққа ауғанда,
Қызыл шырай енуші еді бауларға.
Сай-саладан салқын самал есетін,
Басын имей биік-биік тауларға.

Біздің ауыл алып таудың етегі,
Қиқулаған қоңыр қаздар мекені.
Баурайына құт дарыған аймаққа,
Күзден бұрын бір нұрлы шақ жетеді.

Көк түтіні күңгірт көкті паналап,
Будақтайды әр көшені аралап.
Күзгі кештің ырду-дырду сәттері,
Күйге енетін талмаусырап ғаламат.
Ауылыма күз келетін ертерек,
Жапырақтың ғұмыры тек келте еді.
Менің қайта қайталанбас ғасырым,
Барлығын да нұрға шомдыр, көркем ет.

Туған жерім

Құт берекем, Қапалым, құшағы кең,
Анам болып әлпештеп құшатын ең.
Есейіп ел аралап кеткен сәтте,
Сен жайлы көкірегімді қысады өлең.

Қапалым – қайталанбас құт мекенім,
Мен самғаймын, бірақ та, күт, келемін.
Алты Алашқа әйгілі Тамшыбұлақ,
Басыңдағы бағыңа тұт дер едім.

Ежелден сұлулыққа толы аймақ,
Шоқанда қалған екен қорып айлап.
Сал-серілер айналып шыға алмапты,
Көгалыңа апайтөс торы байлап.

Баурайында аң-құсы ойнақ салған,
Күн кешуде есіл жұрт ойнап дарқан.
Ұландарың тұмаңның суын ішіп,
Шамырқанып бөлекше қайраттанған.

Анда-мұнда есетін жел-құйыны,
Естілетін әуездеп, ел күй үні.
Ешбір жерден еш уақыт таптырмайтын,
Қапал ол Жетісудың жерұйығы.

Абылайхан НҰРДАНБЕК,
11-сынып оқушысы