Қазақтың күйлері алғаш рет 26 елдің радиостанцияларында шырқалды

Уақыты: 21.03.2024
Оқылды: 1462
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың күйлері әлем елдерінің радиосында шырқалды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысымен және де Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері мен шетелдік серіктестеріміздің қолдауымен алғаш рет әлемнің радиостанциялары Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, өз радио тыңдармандарына атақты қазақ күйлерін ұсынуда.

Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауындағы күмбірлеген домбыраның әуезді үні 5 құрлықтың танымал радиостанцияларының эфирінде орындалып жатыр. Ұлы дала музыкасы көктем мерекесінің ғажайып атмосферасын қалыптастырып, бүкіл әлемге ізгіліктің шуақты нұрын шашты, - деді ол.

Күйлер Вьетнам, Таиланд, Малайзия, Индонезия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Иран, Эфиопия, Оңтүстік Африка Республикасы, Марокко, Түркия, Грузия, Болгария, Сербия, Хорватия, Литва, Латвия, Мажарстан, Польша, Испания, Бразилия және АҚШ елдерінің радиостанцияларында, жалпы 26 мемлекетте таратылды.