РУХТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1118
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адамның жан дүниесінің, болмысының алуан түрлі болуы, өмірде сан кейіппен тірлік кешетіндігі дәлелдеуді қажет етпес дүние. Бір жанның емес, әрине, адамзаттық құлықты меңзеп отырмыз. Ал сол сан мың жұмырбастының мынау жарық ғаламдағы әрбір ісін, қылығын, өмірден ойып тұрып орын алған болмысы мен маңызын, тағдырын ғибрат алу үшін айна-қатесіз көрсететін киелі де қасиетті бір орын бар. Ол – рухани шөліркеген көрерменнің кенезесін бір қойылыммен жіпсітіп, жанына рахат сеуіп, тіпті, қас қағым дүниенің алуан сырын сахна тілімен ұғындыратын театр өнері.

Сол театр деген киелі ордаға бас сұғып, азғантай уақыт жылыстаған сәтте табалдырығынан кері аттап бара жатқандағы түр-әлпетін көрсеңіз, айран-асыр болатының сөзсіз-ақ. Бірі әрбір ісінің өнімі кейбіреудің өмірлік табысынан артық болған бай-манаптай жан-жағына самарқау көз тастап, шабыттанып, аяғын нық сеніммен басып бара жатса, енді бірі қойылымдағы бақытсыз рөл немесе кейіпкерге деген аяныштан ба, әлде өз басынан сондай ағаттық кеткеніне жаны түршіккендіктен бе, әйтеуір бір жұмбақ сезімді бастан кешіріп, түңіліп бара жатады. Міне, қойылымнан кейін тағы бір қойылым тамашалағандай дәл осындай әркетке барып, көрерменнің жан дүниесіндегі жайды жүзінен аңдап көрген адамдар ғана театрдың шын мәніндегі орнын біледі, ұғынады, сезеді.  
Ал әр көрерменге бірде шабыт, бірде бағыт берер, бірде қуантар, ендігіде жабырқатар театрда не құдірет бар? Оны сіз бен бізден әлденеше жыл бұрын ғұмыр кешкен кеудесі кенді бабалар «Театр – қоғамның айнасы» деген сынды ғажайып теңеулермен айшықтап, киелі екенін дәлелдеп кеткен-ді. Ал осы бір ұғымның қаншалықты рас екенін бір ғана өңіріміздің бас театры саналатын Бикен Римова атындағы өнер ордасының қойылымдарына шолу жасау арқылы тағы бір дәлелдеп көрелік...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ