ҚАНГЕЛДІ - ХАЛЫҚ БАТЫРЫ

Уақыты: 12.05.2018
Оқылды: 3677
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Қазақ елінің тарихында ел басына қара бұлт үйіріліп,  ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау замандарда өмір сүріп, елі мен жерін жаудан қорғаған, қол бастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешендер аз болмаған. Солардың бірі әрі бірегейі Ұлы жүз Үйсін тайпасынан тарайтын албан елінің Алжан (Мәмбет) руынан шыққан, Албан қолының қолбасшысы Сырымбет ұлы Қангелді батыр. Ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетіп, ел жадында жатталып қалған әңгімелер мен қағаз бетіне түсіп, Ресей, Қытай сынды іргелі елдердің мұрағаттарында сақталған тарихи деректер жоңғар шапқыншылығы кезінде тұлпар мініп, ту алған Қангелді батырдың қаһармандығы мен көзсіз ерліктері жайлы сыр шертеді. Тарихта Қангелді батырдың есімі кезінде Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Саурық, Батыр Баян, Жалайыр Орақты, Албан  Төлес, Дулат Өтеғұл, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Қожаберген жырау, Ескелді би, Сүйіндік би, Әлмерек би, Қазбек бек есімдерімен қатар аталғанын білеміз.

 

   Қангелді батырдың туған және қайтыс болған жылдары туралы әрқилы болжам бар. Солардың бәрін бір жүйеге келтіру керек. Дегенмен, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей,  ататектен таратып айтар болсақ, Қангелдінің атасы Мәмбет (Алжан) өз заманының білікті де  білімпаз адамы болған. Жастайынан бағып-қағып, тәрбиелеп өсірген Шоған абыз өз ісіне тиянақты Мәмбетке ерекше назар аударып, туған балаларынан да жақсы көрген. Не істесе де: «Ал, жаным, өзің біл!» дей жүріп, «Алжан» атайды. Сол арқылы тектілік, инабат-имандылық рәмізіне айналған Алжаннан Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық есімді төрт ұл тарайды. Жәнібек, Жәңгір, Тәуке хандар заманында өмір сүрген Сырымбет батыр әрі би болған адам.
   Бұл туралы «Қазақ мемлекеті» деген кітап жазған белгілі тарихшы-ғалым Талас Омарбеков: «Қилы кезеңдерде қазақтың басын қосуға ұмтылған Үйсін Төле би, Қаракесек Қазыбек би, Алшын Әйтеке би қайраткерлігімен, көсемдігімен халық сүйіспеншілігіне бөленді. Оларды найман Ақылбай би, қарақалпақ Жәңгел би, шапырашты Қазбек бек, қырғыз Төлекей би, төртқара Тауқымет би, Албан Сырымбет би тәрізді көптеген халықтық тұлғалардың қолдауы біріктіре түсті», – дейді.
   Талай қанды қырғын шайқасқа қатысып, Албан тайпасының бас қолбасшысы атанған баһадүр батыр әрі би Сырымбет үш әйел алған. Бәйбішесі Пернештен Әлі, Көшек, ортаншы әйелі Алтынбикеден Есенкелді, Есенқұл, Жанкел, кіші әйелі жалайыр Орақты батыр ұрпағы Күнбибі бегімнен Қангелді батыр жалғыз туады. Шежіре деректеріне көз салсақ, Сырымбет батырдан тараған ұрпақтар арасынан  Қангелді,  Райымбек, Тілеуке, Бақай, Барақ, Дөңке (Соқыр), Күлембек, Ырыскелді сынды батырлар, Қожағұл би, Малғара би, Жанғабыл шешен, Егінбай күйші, Диқанбай болыс, Нөке болыс, албан Асан ақын, Тілеужан болыс, Раззақ болыс, Әлімбек ақын, Мұқағали ақын сияқты тарихта аты қалған атақты адамдар шыққан. Көдек Байшығанұлының «Албан  тарихы» атты дастанындағы:
Қалы бар жотасында нышаналы,
Мәмбетті Шоған Абыз бағып өткен.
Мәмбеттен бері қарай Алжан тарап,
Жайылып құйрығы мен жалы кеткен.
Алжаннан Райымбек батыр шығып,
Қақ бөліп қара суды жарып өткен.
Атаңның аруағынан айналайын,
Ұраны көңілімді жарық еткен.
Жаралған сол атадан талай мықты,
Санаулы күні бітіп, бәрі кеткен, –
деген өлең жолдары сөзіміздің дәлелі болса керек.
   Сырымбет батыр Мәмбетұлы Сыр өзенінің бойына, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылының Жөлек деген жеріне жерленген. Ел жадында сақталған ескі хикаятта: «Шешесі Қангелдіге ауыраяқ болған тұста қасқырдың жүрегіне жерік болып, күйеуі Сырымбет батыр  бірнеше жігітімен қасқыр соғуға шығады. Кезіккен арланды қасындағы жігіттерге сойыл сілтетпей, садақ тартқызбай өзі шалма ұрып ұстайды. Қасқырдың аузына кергі салған бойда ауылға қуып келгенде жыртқыш мақұлықтың адам айласына бас игендігін көргендер түгел таң- ғалады. Ауылдың көкжалды қызықтау әуесі басыла Сырымбет әйелінің көзінше арланды сойғызып, қанын сорғалатқан бойда жүрегін қолына ұстатады. Сілекейін жұтынған ана қолма-қол қуырып жеп, әбден терлейді де ұйқыға кетеді. Қалың ұйқыдан бір тәуліктен соң оянған анасының жерігіне қасқыр жүрегін жегізген ұрпағына әкесінің де назары ауады. Толғақ келгенде дулат еліндегі әйгілі тәуіпті қос ат жіберіп алдыртады. Ащы толғақ соңынан дүниеге келген нәрестенің қос қолымен қан уыстап туғанын көрген тәуіп кемпір сыртта жүрген Сырымбетті шақырып:
– Е, батыр, өзіңе тартқан ұл келді дүниеге. Сүйінші бер. Саған айтар тағы бір керемет іс бар, балаң қос қолымен қан уыстап туды. Сенбесең, міне, өзің көр. Атақ-даңқы өзіңнен асарына шүбә жоқ. Ұрпақтарыңнан қара су қақ жарылып, жол берер ел қорғаны – батыр ұл шығар?! Атын Қангелді қой, бірақ кезінде Шыңғыс хан да осылай туып, ел басына қан кешкен ауыр күн туып еді. Алдымызда қандай күндер болар екен, мына хикмет Алланың бізге сездірген нышаны ма, кім білсін?! Ләйім жоңғарға көрінгей! – деп баланың атын Қангелді қояды. Сырымбет батыр тәуіпке ат мінгізіп, шапан жауып, бір түйеге артып мол дүние беріп, сүйінші жолын өтеген екен. Бұл туралы қаламгер Әскер Тойғанбекұлының «Қайран елім» романында жан-жақты айтылады.
   Енді Қангелді есімінің орфографиялық тұрғыда дұрыс жазылуына келер болсақ, баспасөзде, тарихи кітаптарда, ғылыми еңбектер мен энциклопедияларда, тіпті, Райымбек батыр кесенесі басында да «Ханкелдіұлы» болып қате жазылып жүр. Оған 1970 жылдары Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа, Қазақ КСР Мәдениет министріне, Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсеновке Алматы қаласындағы Қангелді немересі Райымбек батыр зиратына ескерткіш белгі орнату туралы орысша жазылған өтініш хат негіз болған. Хатта «Райымбек Хангелдин» болып көрсетілуі бүгінгі қателікке себеп. Дұрысы дүниеге келуіне байланысты «Қан уыстаған бала келді» деген ұғымға сәйкес Қангелді қойылған. Тіл заңдылығы бойынша Қангелді Сырымбетұлы болып жазылуы қажеттілігін мойындау әрі қалыптастыру бүгінгіге міндет.
   Сонымен Сырымбет батыр баласы Қангелдіні жауға қатал, ағайын-туыс, бауыр-досқа жанашыр, қиындыққа қыңқ етпейтін қайсар етіп тәрбиелейді. Соған сай Қангелді де жастайынан ширақ, самдағай, ойын-тойда өлең сөз бен қалжыңға ұста, шешен болумен қатар жауырыны жерге тимеген балуан болып өседі. Қарасай батырдың немересі Зәуре арудың Әлмерек биге ұзатылу тойында сегіз адам көтеріп келген қырғыздың алып балуанына ешкім батып шыға алмаған кезде құда болып барған Қангелді арнайы тіктірген жұмсақ мәсісін, тауешкі терісінен тігілген тақыр шалбар мен көкірекше киіп, беліне қайыс белбеу буынып, ортаға шығады. Ә дегенде-ақ тықсырып алмақ болған бұқа балуанның екі рет оң жамбасқа алуы текке кетеді. Енді жаңылдыра беріп, сол жамбасқа алмақ болғанда, Қангелді бір қолымен бұқа балуанның тақыр шалбарының кіндік тұсынан бүре ұстап, екінші қолымен жағадан алған күйі тік көтере, айналдырып жерге бұрқ еткізеді. Өз салмағымен түскен бұқа балуан ес-түссіз қалыпты. Бұқа балуанды көтеріп келгендер кілемге қайта жүгіріп, ауыр соққыдан жамбасы үзілгенін көреді де ес-түссіз қалған балуанын кілемге салып, қайта көтеріп әкетті.
   Қангелді өз заманының білімді де білікті батыр қолбасшысы, көреген көсемі, қазіргі тілмен айтсақ, беделді дипломаты болған адам. Оны батырдың көзі тірісінде хатқа түскен деректер дәлелдейді. Қазақ Ғылым академиясында сақтаулы тұрған «Казахско-русские отношения в 16-18 веках» деген 1961 жылы Алматыда шыққан құжаттар жинағының 101-103 беттерінде:
   «1773, Письмо султанов и биев Большого жуза на имя имп. Анны с просьбою о принятии их в российское подданство. Перевод с листа к.е.и.в в киргиз-кайсацкой Большой орды. Во имя  всевышнего бога и всещадрого. От дальной стороны ближным сердцем киргиз-кайсацкой Большой орды князья и беки. Вам, великой государыня-имперторице и белой царице, в подданство пришли, а именно: Коадар – би, Тюляби, Сатай – батыр, Кангильди –батыр и Буляк – батыр, тако и всей орды беги в подданство пришли», – деп жазылған. Сондағы деректерге байланысты тарихшы Кәдірбек Жүнісбаев: «Коадар би – Қойайдар би. Үйсіннің Қойайдар биі» деп түзеткен. Ал батыр аты «Қангелді» деп анық жазылған.
   Бұл сонау 1733 жылы болған оқиғаның орыс архивінде сақталған нұсқасы. Екінші рет патша атына жазылған хатты 1734 жылы Петерборға Қангелді батыр мен Төле бидің інісі Айтбай екеуі апарған. Қытай жазба деректеріне сүйенсек, жоңғар қолына түсіп қалған Абылай сұлтанды босатып әкелуге Төле би бастап барған 90 адамның құрамында болған Қангелді батыр 1733 жылдан кейін көбіне Ұлы ордадағы Төле бимен бірге ел басқару ісіне араласқан. Атасының орнында бұл кезде немересі Райымбек батыр қолбасы болатын.
   Тарих тереңінен сыр тартатындар Қангелдінің бітім болмысы балуан денелі, қалың қасты, сұлу мүсінді, тұлғалы адам болған деп суреттейді. Батырдың нұрлы жүзі ұрыс үстінде қарқошқылданып, қаңтарда жараған  бурадай қарсыласының қимыл-қозғалысына сай әрекет ететін найзагер, сайыс өнерін жетік меңгерген мерген әрі ат құлағында ойнайтын шабандоз, Қамбар атаны басқа ешбір жануарға теңемейтін батыр болған. «Қангелдінің киесі атта, білем» деген сөз осы орайда айтылса керек. Сырымбет батыр, Сүйіндік би, Төлес батыр мен Әлмерек биден бата алған Қангелді батыр қазақ даласына баса-көктеп кірген жауына аяусыз соққы берумен қатар Албан қолының басшысы ретінде талай  жекпе-жекке шығып, әртүрлі ұрыс тәсілдерін шебер қолданған. Іле өзені мен Ұзынқара тауы арасындағы Қарадалада Ойрат батыры Шонжыны Әлмерек батыр, оның бас батыры Доржыны Қангелді батыр жер құштырған.
Қангелді батырдың сондай бір жекпе-жек сайысын жазушы Әскер Тойғанбекұлы «Қайран елім» романында былай суреттейді:
Қангелдіні Әлмерек бата беріп, аттандырады:
Қангелді батырым, барып кел,
Жауыңа найза салып кел.
Алдыңнан шыққанды жайратып,
Еліңе жеңістік алып  бер.
Бата – қазақтың жақсылық үстінде, сондай-ақ, ауыр сәтте де, жан алқымға тақалған қиын жағдайда медет болар рухани қаруы екені анық. Бұл жолы Қангелді танымал болып қалған ақтан керін қалдырып, жарау бабындағы сұлу жирен атын мініп шықты. «Қазақ батырларынан жоңғар жағының жүрегі шайлығып қалған ба, бұрынғыдай «жекпе-жек!» шыға келуден қалып, майданға шығатын қазақты бағып қалғандай кейіп танытты. Әлі де толыса қоймаған Қангелді бұл жолы да алыстан қолдауыштай көрініп қалғандай. Жоңғардың бір батыры ат үстінде айбаттана  шалқақтай шыға келді. Қангелді «шу» деген жерден құлата салғысы келмей, алғашқы кезекті  оған беріп, ылғи тойтара тастап, бие сауым өнерін байқап көрді. Анау алғаш қылышын, одан найзасын, тіпті болмағанда айбалтасын суыра тап-тап бере ұмтылып та, барын сала жұлқынып та көрді. Енді бұның еркіне ермек болып жүре берсе, уақытын ұттыратындай. Екі жақтан да жер қайысарлық қарап тұрған ел анау. Әуелі мына қылығымды өз жолдастарым ерлік емес, ездік деп түсініп қалмасын деген ойға келе, мынаған кеткен уақытына іші ауырғандай қынжылыстан соң әлі де арсалаңдай айқасып жүрген қарсыласын қаруына қарай ұстаған айбалтамен құлақ түптен отырғыза берді. Ұрыста ажал ұстараның жүзіндей тақау тұратын сияқты. Әлгінде ғана өзіне өлім арнағалы жүрген әріптесі ажал тұмшалай айналаға, жоңғар қолына «қош!» деп бір қарауға да үлгермей, құлап қалды. Осыдан кейін  демалдырмай айқасып жібергісі келді ме, құлап қалғанның өкпе сырылы басылмай, тағы бір самдағайы жетіп үлгерді. Енді мынаны алдыңғыдай еркелеткісі келмеген Қангелді тура атыла кеп айқаса кеткен тұста-ақ найзамен шаншып, тік көтере сұлу жиренді қос аяқтатқан бойда жау тобына тастап қайтты. Міне, енді Қангелді осы күні арт-артынан келген алты жоңғар батырын үдеме-жүдеме құлатқанда, ұрыстан қайту кернейі сұңқылдай жөнелді».
Қангелді батыр «Ақтабан шұбырындыға» дейін де, одан кейін де 1698, 1708, 1711, 1715 және осыдан тура 300 жыл бұрын болған 1718-ші жылғы Аякөз, 1728 жылғы Бұланты, 1730 жылғы Аңырақай секілді ұрыстарда Албан қолының бас қолбасшысы ретінде қатысып, жан аямай шайқасқан. Одан бөлек, Жалаңаш, Қарқара, Шалкөде, Нарынқол өңірін және Жетісу жерін түгелге жуық жоңғардан азат етуге қатысқан батыр. Сонымен бірге Төле бидің кеңесшісі бола жүріп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуда Түркістан маңындағы Күлтөбе жиындарына, 1710 жылғы Қарақұм, 1726 жылғы Ордабасы, 1730 жылғы Ұлытау сынды құрылтайларға үш жүздің би-батырларымен бірге қатысып, ел еңсесін көтеруге үлес қосқан өз заманының беделді қайраткері.
2001 жылы Ахмет Кендірбекұлы мен Сәкен Мұратұлы құрастырған «Армысың, ата тарих – Аңырақай» атты кітапқа басылған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері В.Галиевтің «Аныракайская битва» атты зерттеу мақаласында: «Среди батыров отличились Жолбарыс Кайдарулы (7), Букенбай Кажыгалы, Каракул Тоганулы (8), Конакай Жанкесулы (9), Шорекулы Кокжал Барак (10), Атыгай Андыкожа (11), Косы батыр (12), Отеген Отегулулы, Санрык Токтыбайулы (13), Конакай Жаксыкулулы (14), Богенбай Акшаулы, Хангельди Сырымбетулы (15) и другие.
Среди тех, кто проявил в Аныракайской битве лично мужество и организаторские способности были многие батыры, бии, султаны, родоначальники-представили всех трёх жузов – Санрык Токтыбайулы, Барак Шорекулы, Тортул Олжабай, Отеген Отегулулы, Богенбай Бозкосулы, Акша Сартулы, Бопан бий, Хангельди Сырымбетулы, Алшин Тайлак, Есеркен Жаманкараулы и другие. Каждый из казахских батыров возглавляли кавалерийский отряд своего рода», – деген дерек келтіреді.
Қалмақтың Қангелді деңгейлес қас батыры Шона Зайсан Алматы айналасы мен Іле бойы, Шудың басы және орта тұсында бейбіт өмір сүріп, бейқам жатқан қазақтарға қарсы оң мың әскерден құралған бір түмен шерігін шегірткедей қаптатып, қапыда басып қалады. Аты белдеуде, алдаспаны белінде сақадай сай жүретін жігіттердің бірер мыңын алғашқы «аттан» кезінде жиып алған Қангелді қарсы соғысқан. Сонымен бір мезгілде Түркістандағы Үлкен Орда ханы Тәукеге, орданың бас биі Төлеге, іргелес ауылдардың би-батырларына жаушы жіберіп, ел шетіне жау тигенін хабарлайды. Кескілескен ұрыста жоңғар да көптеген шерігінен, ат-көлігінен айырылады. Қазақтарға қатты батқаны: бейбіт кезде ел ағасы, жаугершілікте он мың қолды бастар батыр Қангелдіден айырылып қалуы еді. Көңілге демеу болары тірі кеткендігі. Шаштан (Ташкент), Тараздан бері қарай он мың ләшкер жиып, ұрыс бітіп, жау кеткен соң бір жұма кешігіп жеткен Орақ батыр, «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деп санын соғып кері қайтты. «Қангелдіні тұтқыннан босатам» деп қалмаққа шаппақ болған батырды Қойайдар би тоқтатады. Өйткені, бозторғайша тамылжыта сыбызғы тартатын Қангелді «тоғызқұмалақ» ойынының да шебері еді. «Тоғызқұмалақ» болмаса да сыбызғының себі тиері анық. Сөйтіп, Шона Зайсанның тұтқынында жатқан Қангелді сыбызғышылық өнерімен қалмақтың шабындыдан түскен тоқалы, қырғыз қызы Қанымжанды тәнті етеді. Содан көп ұзамай Қангелді Түргендегі зынданнан шығады. Онда да сүйікті тоқал көңіл сауықтырар қызметшілігіне сұрап алғаннан кейін басындағы шеңбер, қолындағы кісен алынады. Ақыры қандастығы мен мұсылмандығы табыстырған Қанымжан мен Қангелді қапысын тауып қашып, еліне қосылады. Қангелді батыр Қанымжан мен қызы Күнішке бостандық береді. Бұл жазушы Жолдасбай Тұрлыбаевтың «Тамыз таңы» романында айтылған. Екі рет жоңғар тұтқынында болған Қангелді басына тері шеңбер, қолына қыл бырау салынып қинаса да шыдаған, елін, жерін сатпаған. Сондай ересен төзімділік пен шыдамдылыққа қасы да, досы да таңырқайтын көрінеді.
«Ана тілі» газетінің 1993 жылы 11 қаңтардағы нөміріне жарияланған журналист, ғалым Сағатбек Медеубекұлының «Абылай ханның сыны» атты мақаласында Райымбек батыр Абылай ханның сауалына именбей, қасқайып тұрып, ұтқыр жауап береді.
Менің атам Қангелді,
Қазақ үшін жан берді.
Жаратқаным жар берді.
Жеті бірдей ұл берді:
Үлкені – батыр Тілеуке,
Екіншісі – ер Түке.
Үшіншісі Мөңке екен.
Төртіншісі Дөңке екен,
Бесіншісі – Тұрсын ер,
Тұрсындай болып тұрсын ер.
Тұрсыннан кейін Айбасты,
Айбастан кейін Қойбасты.
Жеті ұлы біріксе,
Жер қуырмай қоймас-ты.
Ер Түкеден мен тудым,
Ер болуға бел будым... – деуінен Қангелдінің өз балаларын әртүрлі жолмен сынап, ширақ та шымыр әрі батыр етіп тәрбиелегенін көреміз.
ХVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырда өмір сүріп,  ат жалын тартып мінгеннен  ақ сақалды қарт болғанша барлық саналы ғұмырын қазақ халқының бостандығы  үшін күресіп, ат үстінде  өткізген Қангелді батырдың ерлік істері ұрпақтар есінде мәңгі қалары анық. Қангелді батыр жалаң қылыш асынып, жауға жалғыз шапқан жоқ. Берісі Албанның, арысы үш жүздің атақты би-батырларымен тізе қосып, өз дәуіріне тап келген жоңғар басқыншыларынан қазақ жерін, оның ішінде Жетісу өлкесін қорғап, азат етуге қатысқан қарт қолбасы, әрі батыр, әрі би болған адам. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды», «аруақты жерден ат үркеді» деген тәмсілдер бекер айтылмаса керек. Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған қазақ елінің тәуелсіздігі мен найзаның ұшы, білектің күшімен кейінгі ұрпаққа аманатқа қалдырған ұлан-байтақ жері үшін төккен қаны мен берген жанының  өтеуін түсініп, қадір-қасиетіне жете алдық па?! «Рухани жаңғыру» аясында осы аманатты келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгі біздердің азаматтық борышымыз болса керек.
Осы орайда айтпағымыз, арысы Астананы айтпағанда, берісі Алматы мен облыс орталығы Талдықорған қалаларындағы көшелердің біріне халық батыры Қангелді Сырымбетұлының есімін беретін уақыт келген сияқты. Мұндай құрметке жоңғар шапқыншылығы заманында аты шыққан жетісулық Төлес, Сырымбет, Өтеп, Қапай, Аралбай, Өтеғұл, Сатай, Сүйіндік, Ескелді, Балпық, Әлмерек, Қожағұл, Малғара, Биеке, Наурызбай, Қазыбек бек, Ақша, Сәмен, Әйтей, Олжабай, Еспенбет, Тағай, Өтеген, Райымбек, Бөлек, Құдайназар, Қаумен, Ботпай, Көкбарақ, Бақай, Жәнібек, Қойгелді, Тілеуке, Елшібек, Саңырық, Бердіқожа, Рысбек, Қаржау, Оразбақ, Қожаберген, Абақ, Бекбау, Рыскелді, Күленбек, Пұсырман, Барақ сияқты би-батырлардың қай-қайсысы да лайық. Бабаларымыздың жатқан жері жайлы болсын. Тіптен өзі жер құштырған ойрат батыры Шонжының есімімен аталатын аудан орталығын «Әлмерек» деп атап, Жетісудағы жаңа құрылатын бір ауданға, жаңа ашылатын бір мектепке Қангелді батыр есімін берсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Бұл ұсыныс-пікірімді облыс, аудан басшылары, зиялы қауым өкілдері, Жетісу халқы және батыр ұрпақтары қолдайды деп сенім артамын. Жазбамның соңын ақын Серік Тұрғынбекұлының мына бір өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.
Биіктікті,
Тереңді,
Безбендеуге хақың бар.
Сақтап қалған сол бір елді,
Көк найзалы Батырлар.
Құдыреті Даламның
Маған – сусын,
Маған – нәр.
Аруағын солардың
Ардақтайық, Адамдар!

Елеусіз Ахметкерімұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі