БІЛІМ - ӘЛЕМДІК, ТӘРБИЕ -ҰЛТТЫҚ БОЛУЫ ТИІС

Уақыты: 17.05.2018
Оқылды: 1392
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Облыстық білім басқармасы мен «Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру – жалпыға ортақ құндылық» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға елімізге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ұстаздар қауымы қатысты.

 

   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 2015-2020 жылдарға арналған тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін жүзеге асыруға арналған жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов ашып, жүргізді.
   Алғашқы болып сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аяған Бүркітбай балаларды отаншылдық рухта тәрбиелеуде «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» бағдарламасының мәні зор екенін атап өтті.
– Қазіргі жастар шетелдік актерлердің атын жатқа біледі, есесіне туған жер тарихын біле бермейді. Өзімізді жақсы тануымыз үшін туған жер тарихын білуіміз қажет. Ұлттық құндылықтармен жүретін халық болуымыз керек. Сырттан келетін идеологияға жол бермеуге тиіспіз. Сонда ғана әлемге қазақ мәдениетін таныта аламыз, – деді ол.
Бұдан соң сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Бийбе Әбілкәрімова мектепте жоспар жасағанда кейбір танымдық сабақтарды тақырыпқа сай мұражай немесе мәдени ошақтарда өткізу қажеттігін алға тартты. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғайни Ділімбетова экологиялық білім беру мәселелеріне тоқталды.
Келесі кезекте сөз тізгінін ұстаған қоғам қайраткері Асылы Осман:
– Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы бізге ұшу алаңын жасап берді. Оның қаншалықты деңгейде самғайтыны сіздер мен біздерге байланысты. Мен бұған дейін де айтып келемін, бәсекеге қабілетті болу үшін білім қажет. Білім  әлемдік, тәрбие ұлттық болуы тиіс. Бізде экономика, саясат мәселесі жолға қойылғанмен тәрбие жағы кемшін түсіп тұр. Тәрбиенің ең негізгі ошағы – отбасы. Ата-ананың жауапкершілігін арттыра білгенде ғана отбасы құндылығы артып, тәрбие мәселесі өз деңгейінде жүзеге асады, – деді.
   Шараны қорытындылаған облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов рухани жаңғыру ұстаздан басталатынын, өйткені жас ұрпақты жаңа бағытта тәрбиелеу мен ұлттық құндылықтарымызды бойларына сіңіру тікелей мұғалімге байланысты екенін еске салды.
   Жиын соңында қарар қабылданып, ары қарай конференция жұмысы  секциялық бағытта жалғасты.

Алма ЕСЕНБАЕВА.